ММА діни жағынан дұрыс емес - Асу Алмабаев - kaz.caravan.kz
  • $ 497.33
  • 586.7
-4 °C
Алматы
2026 Жыл
24 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ММА діни жағынан дұрыс емес - Асу Алмабаев

ММА діни жағынан дұрыс емес - Асу Алмабаев

UFC-де өнер көрсетіп жүрген қазақстандық спортшы Асу Алмабаев букмекерлік компанияларға қатысты ойын айтты.

  • 24 Ақпан
  • 15
Фото: Видеодан скриншот

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол Steppe Talents YouTube арнасына берген сұхбатында ММА спортының діни тұрғыда дұрыс емес екенін мәлімдеді.

“UFC-ден ертең шығарып жіберсе де, букмекерлерге қатысты ойым тура Жәнібектікіндей. Құдай сақтасын, шығармай-ақ қойсын. Спортшы болғаннан кейін жастарға дұрыс нәрсені үлгі қылуға тырысамыз. Өзімді де дұрыс нәрсемен айналысып жатырмын деп те айта алмаймын. ММА жекпе-жек спорты ғой, діни жағынан қарасаң 100% дұрыс емес. Сұмдық тақуалы адаммын деп те айта алмаймын. Дегенмен, алған тәрбиемді ескере келе, оңай жолмен табылған ақшаның берекесі болмайтыны анық. Ол ақшаны тауып жатқанда отбасың күйреп жатса, бір адам асылып өліп жатса, ақымақ адам болмаса, ақылды адамға түсінікті дүние. Ақ пен қара секілді. Таңдау өзіңде. Ал, әлемдік деңгейде олардың рөлі үлкен. Кез келген ұлтты күйрету үшін осындай идеологияларды кіргізіп отыратын сияқты. Адамдар қазір тез байып, нәтижеге тез жеткісі келеді. Оның осындай зияндарын көре тұрып қалай жақсы деп айта аласың”, — дейді ол.

Сондай-ақ, ол жастық шағында білім алмағанына өкінетінін де жасырмады.

“Мектепте, студент кезде төбелестер көп болды. Оны жастарға айтқым келмейді. Сол кездегі күшті сәттерімнің бәрі ақша жинаумен өтіп кетті. Оның орнына білім алып, ағылшынша оқуым керек еді. Бәрібір білімді адам мен білімсіз адамның деңгейі екі түрлі болады. Ұлдарымның біліміне жақсылап қарасам ба деймін. Сауатты болып өскенін қалаймын. Ертеңгі күні “анау нашар, мынау нашар” деп елге көңілі толмай, арыздана бермей, сол мәселелерді шеше алатын адам болса екен. Ол үшін білім керек. Жас кезім әрине, еске алғанға қызық. Бірақ көп бос уақытым өтіп кеткен”, — дейді ол.

Еске сала кетейік, өткен жылдың 1-ші желтоқсанында Жәнібек Әлімханұлы кубалық Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жек алдында жанкүйерлерін бәс тікпеуге шақырып, жазба жариялаған еді. Ал келесі күні, яғни 2-ші желтоқсанда оның допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткені туралы ақпарат тарады. Спортшының жанкүйерлері бұл дауға ірі букмекерлік компаниялардың қатысы болуы мүмкін екенін болжауда.

World Boxing Organization (WBO) шешімімен орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы бокстан бір жылға шеттетілді. Шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін ол уақытша чемпион атанған боксшымен міндетті жекпе-жек өткізуі тиіс.