Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Бейжің Олимпиадасының чемпионы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, ерлер құрамасының жаңа бапкері Нұржан Насановты аяқтан шалмай, қолдауға шақырды.
«Ассалаумағалейкум, ағайын! Құттықтап жатқан баршаңызға рахмет! Артқан сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Іссапарда жүрсем, журналистер звондап, маза бермейді, анау сіз туралы үйдейді, мынау бүйдейді, соған не айтасыз деп. Енді әркімнің өз аузы бар, өз ойын айтуға құқығы бар, мен барлық адамға ұнай беретін күміс теңге емеспін ғой, деп айтып шаршадым.
Ағайын, көп өтірік өсек, қаңқу сөздердің тарауына жол бермейік. Мойнына үлкен жауапкершілік артылған Нұржан бауырымыздың көңілін түсіріп, аяғынан шала бермей, қолдау білдірейік. Қайрат ағамызға мықты денсаулық тілейік. Ойбай не дейсің, енді Насановты Сарсекбаев ауыстырады екен деген сыбыстарға нүкте қояйын бүгін. Бас бапкерді ауыстыру ойыншық емес, өте стратегиялық маңызды қадам. Өткен жыл қазақ боксы үшін жеңіл болған жоқ, Қайрекеңнің денсаулығы сыр бергені рас болмаса, нәтиже көрсеткен бапкерді алып тастап, Азия ойындары алдында басқа бапкер қоя салатын федерация басшыларының да басы екеу емес қой», — деп жазды Сәрсекбаев.
Сонымен қатар, Сәрсекбаев ешкімнің орнына, қызметіне қызықпайтынын да айтты.
«Енді Олимпиадаға екі жыл қалғанда ешкім де ауыс түйіс жасамайды. Мен Насановтың орнына көз тігіп тұрғаным жоқ, өзіме сенім артылған жастар құрамасымен нәтижелі жұмыс істегім келеді. Қазақ боксының қай жерінде жүрсем де, ризамын, бокс менің өмірім, қазақ боксына қызмет етсем болды! Нұржан Насанов өте білікті маман, құрамада жүргеніне біраз болды, әрбір боксшыны жақсы таниды, әлі талай нәтиже көрсететініне сенемін, сәттілік тілеймін! Ендігі жерде бокс басында жүрген азаматтарды бір біріне қарсы қоюды тоқтатайық, өтініш!», — деп жазды ол.