Жарияланды: 2300

Олимпиада чемпионы атанған Данияр Елеусінов туралы не білеміз?

Олимпиада чемпионы атанған Данияр Елеусінов туралы не білеміз? Сурет - yvision.kz

Боксшы Данияр Елеусінов бүгін түнде ақтық сайыста өзбекстандық Шахрам Гиясовты жеңіп, Рио Олимпиадасындағы Қазақстан қоржынына үшінші алтынды салды.

Caravan.kz медиа-порталы спорттағы бүгінгі қаһарманымыз туралы мәліметтерді жинаған еді.

Данияр Елеусінов 1991 жылдың 13 наурызында Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданының Қайыңды елді мекенінде дүниеге келген. Ол нағыз боксшылар отбасынан шыққан. Даниярды әкесі Марат жаттықтырады. Ал ағасы Дәурен ел чемпионаттарында бірнеше дүркін жүлдегер болған. Дәурен өткен жылы кәсіпқой бокстан шаршы алаңға шыға бастады. Данияр оның жекпе-жегін көргенде, қатты қобалжиды екен. Ал «ағаңмен бокстасып көрмедің бе?» деген сұраққа ол былай деп жауап берген:

«Әрине, бокстасқан жоқпын. Ол ағам ғой! Оның үстіне менен үлкен болғандықтан, салмағы да ауырлау. Онымен шаршы алаңда сайысқа түсу ойыма да келген емес».

Данияр – Қазақстан және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы. Азия ойындарында екі мәрте чемпион атанған. 2010 жылғы Азиадада Елеусіновке қарсыластары екі рет қана жұдырық тигізе алды. Бұл кезде ол сонысымен ерекшеленді.

2011 жылы жұрт Даниярдан әлем чемпионатының алтынын алады деп күтіп еді. Бірақ ол венгр Гьюле Катэден жеңіліп қалды. Мұны Данияр өміріндегі ең қиын жекпек-жек деп айтқан.

Бір жылдан кейін ол тағы медальден қағылды. Ол кезде Олимпиаданың ширек финалында италиялық Винченцо Мангиакапреден жеңілді. Данияр 14 айдан кейін 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінен 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне көшті. Сөйтіп, ол Алматыдағы сайыста әлем чемпионы болды.

Бірақ Данияр 2015 жылы екі дүркін әлем чемпионы атана алмай қалды. Ол кездегі ақтық сайыста мароккалық Мохаммед Рабииден жеңілді.

Риода Елеусінов Рабиимен сайысқа түскен жоқ. Бұл жолы мароккалық жартылай финалда ойындардан шығып қалды. Ал Данияр 69 келінің нағыз қазақтікі екенін тағы бір рет дәлелдеді. Еліміздің боксшылары бұл салмақ дәрежесінде осымен бесінші Олимапиадада чемпион болып отыр. Атап айтсақ, 2000 жылы Ермахан Ибраимов (ол кезде 71 келіге дейін еді, кейін 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесіне түсті), 2004 жылы Бақтияр Артаев, 2008 жылы Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Серік Сәпиев алтын алды. Кезінде Ермахан Ибраимов: «69 келі – біздің қазақтың салмағы» дегенді бекер айтпаған екен.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін