Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшы “Жұлдызды жүздесу” бағдарламасына берген сұхбатында 2024 жылы өткен олимпиадада миы шайқалып, жарақат алғанын айтты.
”Олимпиадада ұтылып қалып, бесінші орын алғаннан кейін спортты қоямын деп ойладым. Ақталу да емес, бірақ испан қызына ұтылған кезде миым шайқалған. Ары қарай үшінші орынға күрескен сәтімде ағзам сезбеді. Сол кезде мәжбүрлі түрде ұтылдым. Күресе алмағаным қатты мазалайды. Жанымда болған бапкерім, дәрігерім білді. Халық та, басқа ешкім де білген жоқ. Олимпиаданың алдында Дохада өткен әлем чемпионатында тіземді ауыртып алғам. Сол тіземді қатты байлап тастағыны да маған кедергі жасап тұрды. Камерадан сол жарақатым сезілгені көрініпті. Олимпиададағы жеңілістен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат бермей, қашып келе жатып, Qazsport-қа “Қазақ халқынан кешірім сұраймын, мен медаль ала алмадым. Медаль қарыз едім” деп қысқа ғана сұхат бергем. Сол сөзім тарап кетіп, халық жақсы қолдау көрсетті. Келесі күні келген хабарламалардың көптігінен телефоным қатып қалды. Мен үшін өлең шығарғандар да болды. Қазақстанға келгесін бірінші көлікті депутаттар берді. Сосын Атыраудағы бір компания Zeekr көлігін берсе, “Жеңіс” клубы үшінші көлігімді сыйлады”, — дейді ол.
Еске сала кетейік, Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасының жартылай финалында испан Лаура Мартинестен ұтылды. Ал қола жүлде үшін өткен бедесуде Тара Бабулфатқа (Швеция) есе жіберген еді.