«Қайсар» футболшыларының жалақы қарызына байланысты Премьер лига мен Бірінші лига командаларын бекіту мерзімі ауыстырылды
Кеше Астанада Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитетінің отырысы өтті. Федерация сайтының хабарлауынша, |
онда «Қайсар» футбол клубының ел біріншілігіне қатысатыны немесе қатыспайтындығы туралы мәселе әлі толық шешілмегендіктен, Премьер лига мен Бірінші лига додаларына қатысатын командаларды бекіту мерзімі 2013 жылдың 2 ақпанына ауыстырылды. Сертификаттау ережесіне өзгерістер енгізілді - 2013 жылы әр футбол клубының өз заңгері болуы тиіс. Клуб маркетологтарына қойылатын талаптар да өзгертілді. Сондай-ақ, Қазақстан футбол федерациясының 100 жылдығына арналған логотип бекітілді. Федерация аясындағы барлық іс-шаралар енді Қазақстан футболының 100 жылдығына арналады.
«Кәсіпқой футбол лигасы ҚФФ Атқару комитетіне «Қайсар» футбол клубында қалыптасқан жағдайды қарап, талқылауды ұсынды. Клуб өз футболшылары мен қызметкерлеріне бас-аяғы 180 млн. теңгедей берешек болып қалған. Қарыздарды қайтары үдерісі басталған да жоқ. Қызылорда облысының 2013 жылғы бюджетінде «Қайсар» футбол клубының келер жылғы қаржысы әлі бекітілмеген. Әлі күнге дейін команда келесі жылғы біріншілікке алаңсыз қатысуға кепіл болатын қаржылық жағдайын бізге ұсынбады», - дейді Кәсіпқой футбол лигасының (ҚФЛ) төрағасы Михаил Гурман.
Оның айтуынша, осы мәселеге КФЛ регламентін бекітуге кедергі болып тұр. Қызылордалық клубқа 31 желтоқсанға дейін уақыт берілді. Сол кезге дейін «Қайсар» басшылығы клуб болашағының қандай боларын анықтауы тиіс. Егер жаңа жылға дейін жағдай өзгермесе, бұл клуб келер жылы Премьер-лигада өнер көрсету құқығынан айырылады. Соңғы үкім ҚФФ Атқару комитетінің 2 қаңтарындағы отырысында шығарылады.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін