Жарияланды: 740

Қанат Ислам қарсыласының неге ауысқанын түсіндірді

Қанат Ислам қарсыласының неге ауысқанын түсіндірді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам бұған дейін жарияланған америкалық қарсыласы Джеймс Кирклендке қатысты жағдай және күзде Астанада канадалық Брэндон Кукпен өтетін жекпе-жек алдындағы соңғы дайындық туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Киркленд туралы айтар болсам, ол өз келісімін берген жоқ. Мүмкін, болашақта шаршы алаңда кездесетін шығармыз. Біз өз тарапымыздан, барлық талаптарды орындайтынымызды айттық. Бірақ оның менеджерлері мен промоутері байланысқа шықпады", — деді БАҚ өкілдеріне Астанаға келген Қанат Ислам. 

Алматыдан Астанаға келген боксшы тауда бас бапкер Мырзағали Айтжановтың жетекшілігімен әлем чемпионатына дайындалып жатқан Қазақстан құрамасымен бірге жаттыққанын айтты. 

"Бар нәтижені шаршы алаңда көреміз. Астанада осында үлкен және жауапты бокс кешін өткізетінімізге қуаныштымыз. Менің қарсыласым мен сияқты бұған дейін жеңіліп көрмеген боксшы. Қарсыластарды әлсіз немесе жеңіл деп санауға болмайды, бәріне қажымай дайындалу керек", — дейді Ислам. 

Қанат Ислам канадалық боксшымен өтетін жекпе–жек НВО-ға шығуға мүмкіндік екенін атап өтті. Бұдан бөлек, әлемдік бокста өз орнын алуға да зор мүмкіндік болмақ.

"Астанада жаттығу базасы бар, өз командаммен келдім. Ертең менің спарринг-серіктестерім келеді. Ақтық дайындық негізінен спаррингтерге бағытталатын болады. Бокста бірінші раундан соңғы раундқа дейін не болатынын болжап білуге болмайды, сондықтан мен барлық 12 раундқа дайындалып жатырмын. Барлық күш-жігерімді саламын. Әрине, өз туған жеріңде, әрі жанкүйерлеріңнің алдында бұл оңай емес. Мен үшін бұл үлкен сабақ болады, өйткені мұндай сыннан да өту керек", — деді Қанат Ислам. 

Бұған дейін маусым айының соңында Қанат Исламның командасы америкалық боксшы Джеймс Кирклендпен келіссөздер жүргізіп жатқаны хабарланған болатын. Кейін шілде айында Астанадағы бокс кешінде қазақстандық боксшының шаршы алаңда бірде-бір жекпе-жекте жеңіліп көрмеген Брэндона Кукпен кездесетіні белгілі болды. 

Еске сала кетсек, Астанада ЭКСПО көрмесі аясында бокс кеші 9 қыркүйекте өтеді. 



 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін