Қарағандының «Шахтері» өз алаңында ирландиялық «Сент-Патрикс» командасын жеңді

Қарағандылық ойыншылар ойынның алғашқы минутынан-ақ шабуылдап бақты. Бірақ қарсыластар қақпасының маңында гол салатындай сәттер онша көп болған жоқ. Сөйтіп ойынның бірінші таймы 0:0 есебімен аяқталды. Қонақтар қарымта шабуылмен ойнауға тырысты.

Ойындағы алғашқы гол 52-ші минутта салынды. Бұрыштан берілген допты басымен «Шахтердің» қорғаушысы Никола Василевич қақпаға түсірді.

Дублиндықтар бар күшімен қарымта гол салуға тырысып, ол ойынның 79-шы минутында нәтиже берді. Қорғаушылар қақпа алдында жалғыз қалдырған Дэвид Маккмиллан қарымта голды салды.

Қазақстандықтар жеңіс голын ойынның 86-шы минутында ғана сала алды. Вичустың пасынан соң осы ойында екінші голды Никола Василевич салып кетті.

Қарымта ойын Дублинде 21 шілдеде өтеді.