Жарияланды: 40

«Қазақстан Барысы» турнирі тікелей эфирден көрсетіледі

«Қазақстан Барысы» турнирі тікелей эфирден көрсетіледі  Сурет - qazsporttv.kz

 

Қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирін «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

8 маусымда Нұр-Сұлтан қаласы «Барыс-арена» мұз айдынында ҚР тұңғыш Президенті жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтеді. Жарыс күні сағат 13:00-де жеребе тарту рәсімі өтіп, сондай-ақ концерттік бағдарлама мен тамаша шоу ұйымдастырылмақ. Ұйымдастырушылар осы уақытқа дейін айтқандай, финалдық бәсекеде еліміздің түкпір-түкпірінен келген 35 балуан белдеседі. Биылғы жарыстың жүлде қоры да қомақты. Жеңімпазға 25 миллион теңгеден бөлек, алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табыс етіледі. ІІ және ІІІ орынға ие болған спортшыларға сәйкесінше 5 миллион 500 мың және 1 миллион 800 мың теңге беріледі. Сонымен қатар палуандарға әр жеңісі үшін 100 мың теңге ақшалай сыйлық табысталады. «Елордада өтетін сайысты «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан 8 маусым күні сағат 12:45-тен бастап көруге болады», - деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметінен. ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Арман Шораев аталмыш сайыста қай балуандардың қатысатынын айтқан еді. «Былтыр «Қазақстан барысы» атанған палуанымыз Ержан Шанкеев биылғы турнирге ешқандай іріктеусіз қатысады. Айбек Нұғымаров та Шығыс Қазақстан облысынан іріктеуден өтті. Жобамыз әлеуметтік лифтіге айналса екен деп жұмысты қолға алдық. Құдайға шүкір, ойымыз жүзеге асты. Балуанымыз Айбек Нұғыманов Семей қаласындағы ең үлкен колледждің директоры болып тағайындалды. Бейбіт Ыстыбаев бауырымызда дәл солай. Ол өзінің туған жері Жамбыл облысында басшылық қызметте. Осы жігіттер жұлдызға айналып, танымалдылыққа ие болды. Құдайға шүкір мақсатымызға жеттік», - деді Арман Шораев.


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін