Қазақстан құрамасы отырып ойнайтын волейболдан Құрлықаралық кубокқа қатысады
11-16 шілде күндері Ұлыбританияның Кетеринг қаласында отырып ойнайтын волейболдан Құрлықаралық кубок сарапқа салынады. |
Онда бірінші дивизионда 11 елдің құрамасы бақ сынайды. Қазақстан оған жолдаманы 2-дивизионның жеңімпазы ретінде 2010 жылы иеленген болатын. Бұл дүбірлі додада қазақстандықтар Бразилия, Канада, Босния және Герцеговина, Украина және Ұлыбритания спортшыларымен бірге 1-ші топта өнер көрсетеді. Ал 2-ші топқа Ресей, Қытай, Әзербайжан, Мысыр және АҚШ құрамалары енген.
ҚР Волейбол федерациясының хабарламасына қарағанда, бас бапкер Бауыржан Тақауов ұлттық құрамаға 12 спортшыны шақырып отыр. Олар - Ернар Матеуов, Қуаныш Тәжіков, Расул Иманғалиев, Бауржан Сартаев, Ерік Қасқабаев, Нұртай Мұқанбетқалиев, Бауыржан Тахауов, Шыңғыс Медеуов, Мұхтар Қамысбаев, Манас Қожасов, Жанғали Сүйеуов пен Александр Демеуов. Құрлықаралық кубоктың топтық кезеңінің матчтары 11-13, ширек және жартылай финалдық ойындары 14-15, ал ақтық сайыстары 16-шілдеде өтеді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін