Ралли Дакар: «Астана» жүк көліктері арасында - 14-ші орында
Бүгін Перудің Писко қаласында 5 қаңтар күні Лима қаласында жалауы көтерілген 34-ші «Ралли Дакар» трансқұрлықтық ралли-марофонының 343 шақырымдық үшінші кезеңі өтуде. |
Лима (263 шақырым) мен Пискода (327) өткен алғашқы екі кезеңнің қорытындысы бойынша, жүк көліктері арасында «Астана» экипажы (Артур Ардавичус, Алексей Никижев, Нұрлан Тұрлыбаев) 14-ші орында келеді.
Ертеңнен бастап спортшылар әртүрлі қашықтықта бақ сынайтын болады. Мәселен, Наска қаласынан басталып, Арекипа қаласында мәреге жететін 4-ші кезеңнің жарыс жолы мотоциклдермен - 718, автомобильдермен 717 шақырымды құрайды.
Жалпы қашықтығы 8 мың шақырымды құрайтын бұл дүбірлі дода Перу, Аргетина, Чили елдерінің аумағы арқылы өтеді. 15 кезеңнен тұратын жарыста спортшылар мотоциклдер, жол талғамайтын көліктер және жүк көліктері арасында өзара сайысқа түсуде. Жарыстар 19 қаңтар күні Чилидің Сантьяго қаласында мәреге жетеді. Былтыр Аргентинаның Мар-дель-Плата қаласында басталып, Перудің Лима қаласында аяқталған 8 336 шақырымдық бұл бәсекеде Қазақстанның «Астана» командасы үздік үштіктің қатарына еніп, күллі әлемнің спорт сүйер қауымын елең еткізген болатын.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін