«Реал», «ЦСКА», «Барселона» клубтарына қарсы тұра алатын «Астана» президенттік клубы құрылды
Бүгін Астанада "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев "Астана" президенттік кәсіби спорт клубының тұсаукесерін өткізді. |
«Астана» президенттік кәсіби спорт клубы - еліміздің барлық танымал спорттық жобаларын, соның ішінде "Астана" ортақ белгісімен өнер көрсететін "Астана" велокомандасын, "Астана" ралли-командасын, "Қазақстан Барысы" қазақша күресті дамыту қорын, "Астана" баскетбол клубын, "Астана" футбол клубын, "Astana Arlans" кәсіби бокс клубын, "Астана" су добы спорт клубын, "Барыс" хоккей клубын топтастырған жоба. Ал Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Илья Ильинді қаржыландыру жеке жоба ретінде кіреді.
"Біздің мақсатымыз - "Реал", "ЦСКА", "Барселона" және тағы басқа әлемдік атақты клубтар сияқты ұлттық спорттық клуб жасау", - деп атап өтті Қор басшысы.
"Бұл, Қазақстанда кәсіби спортты басқарудың озық әрі сапалы қадамы. Мысалы, испандық "Реал" мультиспорттық клубы өзінің құрамына футбол, баскетбол, гандбол спорт клубтарын біріктіретін, сонымен қатар спорттық жаттықтыру инфрақұрылымы, телеарна мен басылымы бар ірі клуб. Осындай тәсіл әлемде өз жемісін беруде", - деді Ө.Шөкеев.
"Астана" президенттік кәсіби спорт клубына елдің имидждік спорт жобалары енетін болады. Атап айтқанда, "Астана" бірлескен бренді астында жұмыс істейтін велоспорт, баскетбол, футбол, бокс, автоспорт, су полосы спорттары болады. Олардың басты мақсаты еліміздің танымалдылығын әлемдік аренада таныту болып табылады", - деп түйді сөзін Қор басшысы.
Сондай-ақ "Астана" президенттік кәсіби спорт клубының қатарына қабылдау барысында "Самұрық-Қазына" АҚ мен спорт клубының жетекшілері арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін