Рио Олимпиадасының үміті: Данияр Елеусінов «алтын жолды» ары қарай жалғай ала ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Рио Олимпиадасының үміті: Данияр Елеусінов «алтын жолды» ары қарай жалғай ала ма?

Рио Олимпиадасының үміті: Данияр Елеусінов «алтын жолды» ары қарай жалғай ала ма?

Рио Олимпиадасының басталуына 30 күн қалды. Біз байрақты бәсекеден боксшыларымызға деген сенімімізді ешқашан жоғалтқан емеспіз. Олимпиада ойындарында әсіресе «қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 келі салмақ дәрежесіне деген құштарлығымыз ерекше.

  • 6 Шiлде 2016
  • 1033
Фото - Caravan.kz

Олай болатын себебі, соңғы үш Олимпиада ойындарында осы салмақта отандастарымыз үзіліссіз 3 алтын медаль жеңіп алды.

Айталық, 2004 жылы Афины олимпиадасында 69 келіде Бақтияр Артаев жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. 2008 жылы Бақтиярдың жеңісті жолын Бейдің Олимпиадасында Бақыт Сәрсекбаев бауырымыз жалғады. Ал 2012 жылы Лондон Олимпиадасында осы салмақта Серік Сәпиевтің жұлдызы жанды. Серік батырымыз Лондоннан келгеннен кейін өз орнын Данияр Елеусіновке босатып беріп, өзі үлкен спорттан кетті. Енді биылғы үмітіміз  Даниярда екені айтпасақ та түсінікті. Бүгінде қазақ жанкүйерлерін «Данияр ағалары салған сара жолды ары қарай жалғастыра ала ма?» деген ой мазалап жүргені белгілі.

Әрине, 69 келі салмақта қазақ боксшылары жүрістен жаңылмай жеңісті жолы жалғаса берсін деп тілейді қазақ жанкүйерлері. Олай болса, Даниярдан тек қана алтын күтеміз…

Данияр Елеусінов

Туған күні: 13.03.1991

Туған жері: Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Березино ауылы

Бойы: 179 см

Салмағы: 69 кг

Бокспен айналысуы:
 13 жастан

Аймақ:  Астана

Жетістіктері: Азиада-2010 жеңімпазы, 2013 жылғы Алматы қаласында өткен Әуесқой бокстан 69 келі салмақта әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері.

Бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, 2006 жылы кадеттер арасында әлем чемпионы, 2008 жылы Мексикада өткен жастар арасында әлем чемпионатының финалисті, 2009 жылы Қазақстанның Жастар ойындары жеңімпазы. 2010 жылы Қазақстан және Гуанчжоуда өткен Азия ойындары чемпионы, ҚР Кубогы-2012 чемпионы. Халықаралық бокс қауымдастығы екі мәрте әлемнің үздік боксшысы атанды.

Қазір Данияр Елеусінов Астана қаласында тұрып, сол жерде әкесі Марат Елеусіновтің қол астында жаттығады. 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қатысушысы. Рио Даниярдың спорттық мансабындағы бақ сынағалы отырған екінші олимпиадасы болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, биыл біздің жігіттеріміз Олимпиада ойындарына тұңғыш рет толық құраммен бара жатыр. Бұған дейін төртжылдықтың басты сынына 91 келі салмақ дәрежесінде ешбір боксшымызға жолдама бұйырмай келген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар