Жарияланды: 420

«Шахтер» командасы 15 млн. теңгелік сертификатқа ие болды

Қарағандыда Кеншілер мәдениет сарайында ҚР чемпионатында қатарынан екінші мәрте алтын жүлдені жеңіп алған «Шахтер» командасының футболшылары марапатталды.

Салтанатты рәсімге Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов, Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов, спорт қоғамдастығының өкілдері, жас спортшылар, еңбек ардагерлері, команданың жанкүйерлері қатысты. Аймақ басшысы «Шахтер» республика чемпионатында қатарынан екі рет жеңіске жете алған бесінші қазақстандық команда болғанын атап өтті. «Шахтер» командасына дейін мұндай табысқа семейлік «Елімай», павлодарлық «Ертіс», астаналық «Жеңіс» және «Ақтөбе» қол жеткізген еді», - деп атап өтті ол. Облыс әкімі және ҚФФ-ның вице-президенті чемпиондарға алтын жүлде табыс етті. Аймақ басшысы командаға сондай-ақ 15 млн. теңгелік сертификат табыстады. Бұдан басқа, аймақ спортына қосқан үлесі үшін «Шахтердің» спорттық директоры Ұлықбек Асанбаев, бас жаттықтырушысы Виктор Кумыков, жаттықтырушылар - Евгений Свешников пен Роман Узденов, футбол клубының атқарушы директоры Ерден Халилин облыс әкімінің Құрмет грамоталарын алды. Салтанат барысында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов пен ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің құттықтаулары оқылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін