Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшы “Pulse Fighting” You Tube арнасына берген сұхбатында Асахуджаға қарсы өткізген жекпе-жегінің қиын болғанын айтты.
”Жекпе-жек қиын болды. Әлем чемпионы, олимпиада чемпионы деп шықпадық. Қазақстанның туын көтеруге барғаннан кейін шаршы алаңда барлық күшімізді салдық. 1/8 финалда англиялық боксшымен өткен жекпе-жекте қолыма жарақат алып алғам. Ертесіне бірден шығу керек болды. Сонымен дәрігерлер ауруды басатын дәрілер салды. Шаршы алаңға. қолымды сезбей шықтым. Бірақ бәрін ұмытып, жеңіске деген жігермен ауруды сезбей қалдым. Бірақ ол жарақат қазір де кедергі болып жатыр. Алдымызда Қазақстан чемпионаты. Бұйырса, соған дайындалу керек. Ем де жасап, дайындалып та үлгеру керек болып тұр. Бірақ, Асахуджамен өткен жекпе-жекте ұтқандай болдым. Дегенмен, қолыңды көтермегесін бәрібір ұтылдым. Халықтың қолдауы жақсы сезілді. Алға қарай ұмтылуға жігер мен шабыт берді. Үлкен белестерден көрінуге барымызды саламыз. Ел біріншілігінде де жақсы өнер көрсетіп, ары қарай Азия ойындары, әлем чемпионатына, олимпиадаға барымызды салып дайындаламыз”, — дейді ол.
Сондай-ақ, Ертуған төрешілердің жекпе-жекті бағалауына Асахуджаның жетістіктері де әсер еткенін жасырмады.
”Төрешілер Асахуджаның “атына” көп мән берген сияқты. Өйткені ол жердегі төрешілер айтарлықтай тәжірибелі емес. Бәрі ауылдан келген төрешілер сияқты. Жасөспірімдер жекпе-жегінің деңгейінде қалып кеткен. Олипиада чемпионы деп соны баса берді ме, тек соның соққыларын көрді ме, қайдан оймен қарағандарын білмеймін. Ең болмағанда 2:3 қылып беріп отырса да болатын еді”, — дейді Ертуған Зейнуллинов.