Шорт-тректен өткен Қазақстан кубогында оралдықтар топ жарды - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Шорт-тректен өткен Қазақстан кубогында оралдықтар топ жарды

Шорт-тректен өткен Қазақстан кубогында оралдықтар топ жарды

Оралдағы мұз айдыны сарайында шорт-тректен Қазақстан кубогы үшін жарыс өтіп, оған Алматы мен Қостанай облыстары және БҚО шорт-трекшілері қатысты.

  • 1 Қараша 2012
  • 485
Фото - Caravan.kz

Аталмыш бәсекеге қатысқан 65 спортшы үш күн бойы түрлі қашықтықта жарысып, бақ сынасты. Облыс намысын команда құрамындағы 25 спортшы қорғады.

Жарыстың алғашқы күні шорттрекшілер 1500 м қашықтықта жарысты. Аталмыш қашықтық бойынша ерлер арасында батысқазақстандық Данабек Хайыров пен қыздар арасында қостанайлық Дарья Гончарова І орынды жеңіп алды. Келесі күні конькимен сырғанаудың шеберлері 500 м қашықтықта бәсекеге түсті. Бұл жолы да қостанайлық Дарья Гончарова мен оралдық Данабек Хайыров жүйріктігімен көзге түсті. Сол күні оздырылған эстафеталық жарыста қыздар 3000 м, ал ер балалар 5000 метрлік қашықтыққа жарысты. Бұл сайыста ерлер арасында құрамында Данабек Хайыров, Азамат Сұлтаналиев, Ерхат Құбашев, Санат Аманбаев, Өсер Мұқашев секілді мықты спортшылары бар батысқазақстандық шорт-трекшілер жеңімпаз атанды. Ал 3000 м қашықтықта жүгірген қыздар командаларының арасында І орынға лайықты ешкім болмады. Дегенмен қазылар алқасы қостанайлық қыздар мен батысқазақстандық бойжеткендерді жүлделі ІІ орынға лайықты деп тапты. ІІІ орынды да батысқазақстандық қыздар олжалады.

Үшінші күні конькишілер 1000 метрлік қашықтықта жарысты. Бұл бәсекеде ерлер арасында І орынды оралдық Азамат Сұлтаналиев жеңіп алса, ІІ орынға қостанайлық Мадияр Нұрпейісов пен Никита Радаев ие болды. Аталмыш қашықтық бойынша белгіленген орындардың үшеуі де қостанайлық қыздарға бұйырды. Ақтық сында 3000 м қашықтықта жарысқан шорт-трекшілер арасында қостанайлық қыздар тағы да топ жарды. Ал жігіттер арасында І орынды қостанайлық Никита Радаев иеленсе, ІІ және ІІІ орындарды батысқазақстандық Данабек Хайыров пен Ерхат Құбашевтар бөлісті. Бұл бәсекеде батысқазақстандық шорт-трекшілердің басқалардан басым болғанын айта кету керек. Қостанайлық шорт-трекшілердің де аталмыш жарысқа жақсы дайындалғаны көрініп тұрды. Ал алматылықтар бұл жолы өз деңгейінде өнер көрсете алмады.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдармен және арнайы дипломдармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар