Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спортшы “Kezdesu” YouTube арнасына берген сұхбатында сауда орталығында құны 200 мың теңгеден асатын заттың ақшасын бейтаныс адамдар төлеп бергенін айтты.
”Бірер күн бұрын еліміздегі косметика және парфюмерия дүкендерінің біріне кірдім. Сыйлықтар алып жатқанмын. Сол жерде ерлі-зайыпты жұп келіп, әйелі “сізді танып қойдым, еліміздің атын шығарып жатқаныңызға рақмет” деп бірге суретке түстік. “Мазалағанымызға кешіріңіз” деп жатыр. “Келе беріңіз, танып жатқаныңызға көп рақмет” дедім. “Сізге осы жерден сыйлық алып берейік” деді. Мен бас тарттым. Кассаға келіп тұрсам, қасыма келіп, “біз төлеп берейік” деді. Мен “бұл басқа адамдарға алған сыйлығым” деп бас тартсам да “бізден сыйлық болсын, еліміздің атын шығарып жүрсіз ғой” деп төлеп берді. Алған заттарымның сомасы аз емес еді. Шамамен 200 мыңнан жоғары. Кәдімгідей риза болып қалдым. Танымайтын адамдардан өте күтпеген жағдай болды. Бізге өте қымбат сыйлықтар беріп жатады. Шүкір, рақмет. Бірақ ол танитын адамдардан, демеушілерден. Бұл жерде мүлде бейтаныс адамдардан сондай сый алғаныма бір жағынан ұялдым”, — дейді ол.