Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Моңғол балуаны Қазақстанға сапары аясында ҚР сумо күресі қауымдастығының өкілдерімен шеберлік сабағын өткізіп, пікір алмасты. Сондай-ақ, Хакухо Сё елорда әкімі Жеңіс Қасымбекпен, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің басшылығымен, бизнес-қоғамдастық және Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдерімен де кездесті.
Дегенмен, Хакухо Сёның Қазақстанға сапары қоғамда әрқилы пікір туғызды. Желі қолданушылары бұл оқиғаны түрлі қабылдап, бірі оң бағаласа, енді бірі оның келу себебін түсінбей жатыр.
Спорт журналисі Аслан Каженов Instagram желісіндегі парақшасында сумо балуанына көрсетіліп жатқан сый-құрметтің мәні мен мақсатын түсінбегенін айтты.
“Неге қатты кетіп жатырмыз?
Мен далада бәйгеде жүріп, біраз жаңалықтан құр қалып қойыппын. Әсіресе, жапон сумошысы Хакухо Сёны Астанаға әкеліп, шенеуніктермен кездестіргеніне таңмын. Бәрі асты-үстіне түсіп, небір сый-құрмет жасап жатыр. Анда-мында қыдыртып жатыр. Шеберлік сағатын өткізіп жатыр. Соны барлық ақпарат құралы жарыса жазып, керемет насихаттап жатыр.
Маған түсіндіретін адам бар ма? Ол жалпы не істеп жүр? Осының бәрі не үшін керек? Хакуконың қазаққа не берері бар? Сумоның қазаққа не қатысы бар? Өз ұлттық спорттарымызды оқсата алмай жатқанда, оны неге тықпалап әлекпіз? Бейбіт Ыстыбаев не Айбек Нұғымаров жапон еліне барса, Токионың мері күтіп алып, барлық шенеуніктер құрмет көрсете ме? Ақпарат құралдары жаппай жариялай ма? Бұл — олимпиада бағдарламасында жоқ спорт қой. Жапонның күресі жапонның ғана проблемасы емес пе? Әлде, отандық спортта барлық мәселе шешіліп, тек сумоны дамыту мен дәріптеу қалып тұр ма? Әлде, осындай құрметке лайық өз спортшыларымыз таусылып, алыс шетелден әкеле бастадық па?
Ешкімнің жеке басына өштігім жоқ. Хакухо Сёны танымаймын да. Просто жоғарыдағы сұрақтарға жауап беріп, қарапайым тілмен түсіндіріп беретін адам бар ма?”, — деп жазды ол.

Айта кетейік, Хакухо Сё (шын есімі — Мөнхбатын Даваажаргал) — кәсіби сумо шебері. Моңғолияда дүниеге келген. Ол тарихтағы 69-шы ёкодзуна атанып, 45 мәрте басты турнирде жеңіске жеткен рекорд иесі. 22 жасында ең жоғары атаққа қол жеткізген Хакухо — ёкодзуна атағын алған екінші моңғол және төртінші шетелдік балуан. 2021 жылы спорттық мансабын ресми түрде аяқтады. Кейіннен Жапония азаматтығын алып, “Миягино-бэя” сумо мектебін басқаруды қолға алды.