Тараздық волейболшы жігіттер Жоғарғы лиганың «Б» тобындағы ел чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді
Таразда 20-26 желтоқсан күндері Жоғарғы лиганың «Б» тобындағы ерлер командалары арасында ел чемпионатының 2-ші туры өтті. |
Онда 7 ойында мүмкін болған ең жоғарғы 21 ұпайдың 20-сын өз қоржынына салған алаң қожайындары барлық қарсыластарынан басым түсті. «ТНК Қазхром» (Хромтау) - 18, «Мұнайшы» (Ақтау) - 15, «Атырау-2» - 13, «Қорқыт Ата-ҚМУ» (Қызылорда) - 9, «Астана-Ұлан» - 6, «Қостанай» - 3 ұпай қосса, «Шығыс-ҚорғасынҚұрылыс-3» бірде-бір ұпай ала алмады. Соның нәтижесінде турнир кестесінде екі турдың қорытындысы бойынша 14 ойында 38 ұпай жинаған тараздықтар көш бастауда. Олар алғашқы турда ғана бір рет жеңілістің ащы дәмін татты.
Екінші орында үш кездесуде жеңіліп, көш басындағылардан 3 ұпай қалып қойған атыраулықтар келе жатыр. Ал төрт рет жеңіліс тауып, бірдей 30 ұпайдан жинаған Хромтау мен Ақтау командалары сәйкесінше, 3, 4-ші орындарды иеленуде. Қызылордалықтар 13 ұпаймен (10 жеңіліс) бесінші, астаналықтар 11 ұпаймен (10 жеңіліс) алтыншы, қостанайлықтар 9 ұпаймен (11 жеңіліс) жетінші, өскемендіктер 3 ұпаймен сегізінші орынды (13 жеңіліс) қанағат тұтуда.
Енді 3-ші тур ойындары 19-27 ақпанда Ақтауда өтеді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін