Жағажай волейболы: қиыршық құмда - қызу дода
Қытайда жағажай волейболынан Азия чемпионаты өтіп жатыр. |
Біздің елден аталмыш құрлық біріншілігіне үш жұп қатысуда, деп жазады «Алаш айнасы» басылымы.
Биылғы Азия чемпионатында ерлер арасында - 20 жұп, ал әйелдер арасында 13 дуэт бақ сынауда. Бір көңіл аударарлығы, Хайкоудағы (Қытай) сары құрлық біріншілігінде Қазақстан волейболшылары үздіктер қатарына енген. Мәселен, Алексей Сидоренко мен Александр Дьяченко ерлер арасындағы бірінші нөмірлі, ал Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешов үшінші нөмірлі жұп ретінде тіркелген. Ал Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова әйелдер арасындағы Азияның төртінші жұбы ретінде бақ сынауда.
Әрине, Қазақстан спортшыларының үздіктердің бірі ретінде танылуы тегіннен емес. Өткенге үңілер болсақ, 2010 жылғы Азия чемпионатында Машкова мен Цимбалова күміс медаль олжаласа, Сидоренко/Дьяченко және Яковлев/Кулешов жұптары 4-5 орындарды иеленген. Ал былтыр Сидоренко мен Дьяченко қола жүлдеге ие болып, Яковлев пен Кулешов тағы де бесінші орынға ие болған. Тек қыздарымыздың жолдары болмай, 9-орынды қанағат тұтқан болатын. Бірақ Машкова мен Цимбалова жақында Таиландта өткен әлемдік турдың кезекті кезеңдік додасында 5-орынға ие болған-ды. Бір қызығы, Азия чемпионатын ұйымдастырушылар Қазақстан қыздарынан сескене ме, барлық командаларды топқа бөлгенде, Машкова мен Цимбалованы бір-екі ойын артық өткізетіндей етіп, «D» тобына жіберіпті.
Сонымен ерлер арасындағы 20 жұп бес командадан төрт топқа бөлінген. Ал әйелдер арасындағы 13 жұп төрт топқа жіктелген. Осы төрт топтың үшеуінде үш командадан да, төртіншісінде - төрт жұп.
Азия чемпионатының алғашқы күні үш жұбымыз да барлық ойындарын жеңіспен аяқтады. Бір күнде екі кездесуден өткізген қиыршық құм үстіндегі волейболшыларымыз деңгейлері өздерінен төмен қарсыластарын аса қиналмай ұтты. Әрі үш жұбымыз да еншілеріне екі жеңістен жазып, ширек финалға шығатындарына шүбә келтірмей, өз топтарында көш бастады.
Сидоренко мен Дьяченко Жаңа Зеландия және Гонконг жігіттерін 2:0 есебімен ұтса, Яковлев пен Кулешов Сингапур волейболшыларын екі сетте тізерлетіп, Жаңа Зеландияның басқа бір командасынан 2:1 есебімен басым түсті. Ал Машкова мен Цимбалова Сингапур және Гонконг қыздарына әлімжеттік жасап, оңдырмай жеңді.
Бірақ үш жұбымыз да алғашқы ойындарын рейтингтері бойынша екінші ондықтағы осалдау командалармен кездесті. Қазақстан жұптары үшін нағыз тартысты ойындар енді өтеді. Мысалы, ендігі кездесулерін Сидоренко мен Дьяченко жұбы да, Машкова мен Цимбалова дуэті де Қытайдың қарымды командаларымен өткізеді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін