Жарияланды: 20

Жас зілтеміршілер допингке жоламайды - Бапкер

Жас зілтеміршілер допингке жоламайды - Бапкер

Ауыр атлетикадан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері Бақыт Ахметов Фиджи аралдарында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігін қорытындылады. Жаттықтырушының айтуынша, жас атлеттеріміз сәтті өнер көрсеткен.

Бапкердің айтуынша, Фиджидегі әлем біріншілігі біз үшін сәтті өтті деуге толығымен негіз бар екен, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Жарысқа бес спортшыны апардық. Оның үшеуі медальмен оралды. Атап айтар болсақ, Дарья Ахмерова мен Карина Кузганбаева жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медаль иеленді. Ал Артем Антроповқа сәл ғана сәттілік жетпей қалды. Бүгінгі таңда жасөспірімдер құрамасы Болгарияда жаттығу жиынын өткізуде. Аталған жиын еліміздегі ауыр атлетика федерауциясының бастамасымен ұйымдастырылды. Содан соң команда мүшелері тамыз айында жиналады. Ел Спартакиадасына қатысу үшін жаттығатын боламыз", - дейді Бақыт Ахметов.

Оның айтуынша, жас спортшылар енді 20 қазанда Солтүстік Кореяда басталатын Азия чемпионатына дайындалады.

"Сол сынға 2003-2004 жылғы жасөспірімдерді қатыстырамыз деген ойдамыз. Осылайша, жарыстар тізбегі жалғаса береді. Қазіргі команданың әлеуеті жақсы. Олармен жаттығудан бөлек, тәрбиелік мәні бар кездесулер өткізіп тұрамыз. Әсіресе, допинг дауына қатысты айтарымыз көп. Бүгінгі жас зілтеміршілеріміз допинг туралы мүлде білмейді. Спортшылармен үнемі бұл тақырыпта әңгіме қозғап, тыйым салынған дәрі-дәрмектерден аулақ болуға шақырамыз. Сонымен қатар, допингке қарсы ұлттық агенттік өкілдері жаттығу жиындарына қатысып, семинарлар өткізеді. Біз таза спортшыларды үнемі қолдаймыз, - деді аға жаттықтырушы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін