Жасөспірімдер Олимпиадасы - 2026: Қазақстан ҰОК дайындық барысымен танысты - kaz.caravan.kz
  • $ 479.82
  • 559.9
+17 °C
Алматы
2026 Жыл
10 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жасөспірімдер Олимпиадасы - 2026: Қазақстан ҰОК дайындық барысымен танысты

Жасөспірімдер Олимпиадасы - 2026: Қазақстан ҰОК дайындық барысымен танысты

Дакар қаласында (Сенегал) 2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасын ұйымдастыру мәселелеріне байланысты Ұлттық Олимпиадалық комитеттеріне арналған халықаралық семинар өтті.

  • 10 Сәуiр
  • 3
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған ресми жиында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің атынан Спорт департаментінің директоры Бектұр Қиятбай қатысты. Жалпы семинарға 200-ден астам ҰОК өкілдері жиналды.

Кездесу барысында алдағы ойындардың ұйымдастыру мәселелері мен өткізу форматының ерекшеліктеріне басымдық берілді.

Жасөспірімдер Олимпиадасы ересектер додасынан мәдени және білім беру бағдарламаларының ауқымдылығымен ерекшеленеді. Бұл бастамалар ойындардың негізгі тұжырымдамасының ажырамас бөлігіне айналып, жас спортшылардың жан-жақты дамуына бағытталған.

Семинар аясында қатысушылар жарыс өтетін инфрақұрылыммен танысты. Олардың қатарында спорт нысандары мен спортшылар орналастырылатын Олимпиадалық қалашық та бар.

Бектұр Қиятбайдың айтуынша, мұндай іс-шаралар ұйымдастыру жұмыстарының барлық қыр-сырын алдын ала түсінуге мүмкіндік береді.

«Осындай семинарлар ұйымдастырушылар тарапынан қойылатын талаптар мен барлық үдерісті алдын ала зерделеуге жол ашады. Бұл ұлттық құраманың қатысуын жоспарлау және федерациялармен үйлестіру жұмыстарын тиімді жүргізу үшін аса маңызды. Ойындардың форматы мен шақырту бөлу тәртібі толық айқындалды. Бұл жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар спорт нысандары туралы жан-жақты ақпарат алып, логистиканы оңтайландыруға жағдай жасалды», – деді ол.

Айта кетейік, 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасына қатысу дәстүрлі іріктеу жүйесі арқылы емес, Халықаралық Олимпиадалық комитеті бөлетін арнайы шақыртулар негізінде жүзеге асады.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 11 спорт түрі бойынша жолдама алды. Сенегалда ел намысын 18 спортшы қорғайды.

Еске салсақ, 2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 13 қараша аралығында Дакарда өтеді. Бұл дода тарихында алғаш рет Африка құрлығында ұйымдастырылмақ.