Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
“Қайраттың” жаттықтырушысы “Qsport” You Tube арнасына берген сұхбатында ойыннан кейін екіұшты сезімде екенін айтты.
“Бүгін гол соға алмадық. Жалпы жыл бойы бізге тығыз қорғанысты бұзу қиын болып келеді. Ал мұнда қарсыластардың деңгейі әлдеқайда жоғары, сондықтан одан да ауыр болды. Дегенмен, сондай мықты командаға қарсы ойнасақ та, бізде гол соғуға жеткілікті мүмкіндік болды, бірақ пайдалана алмадық.
Қарсылас та өте тәжірибелі команда, олар бір ойыншыға кем ойнауға үйренген. Біз мұндай жағдай болады деп күтпеген едік, бірақ бәрібір жол іздеп көрдік. Өкінішке қарай, нәтиже шықпады.
Қарсылас аз құрамда ойнаса да, қауіпті сәттер жасай алды. Бір жағынан, жеңілмегенімізге қуануға болады, бірақ екінші жағынан, өз артықшылығымызды пайдалана алмағанымыз өкінішті”, — дейді Рафаэль Уразбахтин.
Еске сала кетейік, UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі үшінші турда алматылық “Қайрат” өз алаңында Кипрдің “Пафос” командасын қабылдап, матч 0:0 есебімен тең аяқталды.
6 қараша күні “Қайрат” сырт алаңда Италияның “Интер” клубына қарсы ойнайды. Кездесу Милан қаласында өтеді.