Жарияланды: 350

86 жылғы көтеріліс Ұлы Отан соғысының дәрежесінен де биік - желтоқсаншы

86 жылғы көтеріліс Ұлы Отан соғысының дәрежесінен де биік - желтоқсаншы

Тәуелсіздікке 33 жыл. Егемендігімізге 28 жыл. 

1986 жылы еліміздің еркіндігі мен бостандығы үшін, тәуелсіздігіміз бен азаттық үшін жанын пида еткен аға-апаларымыз ел есінде мәңгілік сақталды.  Алаңға шыққандардың арасында Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат  Асановалармен бірге болған Қайрат Әміржанов ағамызбен Caravan.kz медиа-порталының тілшісі сұхбаттасты.

- Қайрат аға, Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Сіз 16 желтоқсанды қалай атап өтесіз? Қаншалықты көңіл бөлесіз?

- Тәуелсіздікті алғанымызды мақтан тұтамын. Мен үшін ешқашан ұмытылмас күн. Аза тұтатын да, мақтан ететін де күн деп білемін. Тәуелсіздікке алаңға шыққан жастардың арқасында жеттік. Өз басым мақтаныш үшін барған жоқпын. Еліміздің еркіндігі үшін бардым. Бір өкініштісі, жастар еркіндіктің, бостандықтың дәмін білмейді. Осы күнге қалай жеткеніміздің қадірін білмейді. Ол кезде 23 жастамын. Біз үшін тәуелсіздік өте үлкен арман болды. Біреуге барып айтпасақ та, әрбіріміздің іштегі үлкен арманымыз болатын.

Тәуелсіздікті алуды ең бірінші қазақ елі бастады. Бізден соң, өзге елдер қолға алды. Біздің қанымыз бұзылып бара жатыр. Сол 86 жылғы көтеріліске ұйымшылдықтың арқасында жеттік. Ол кезде бір-бірімізбен хабарласатын телефон да болған жоқ.  

- Алаңға шыққан жастардың арасында суретіңіз бар. Қандай да бір жарақат алдыңыз ба? Алаңға шыққанда ешқандай қорқыныш болмады ма?

- Қолымнан келгенше көмектестім, еш аянып қалмадым. Жарақат алмадым. Қорқыныш болса, бұғып қалып шықпас едім. Тәуелсіздік үшін аянбауды борышым деп білдім.

- Жастар ұйымшыл және рухты болу үшін не істеу керек?

- Жастарға тәуелсіздік бағалай біліңдер дер едім. Ұйымшыл болу үшін соғыс болып тұру керек дегенді бұрын ата-бабамыз айтып кеткен. Ол сөздің қадірін мен де білмеуші едім. Негізінде дөп айтылған екенін кейін түсіндім. Жастар руға бөлінбеңдер деймін. Бөліну үлкен қателік. Бәріміз қазақпыз деп қана айтуымыз керек. Руды тек өзінің қай ұрпақтан шыққанын білу үшін ғана білгендері жөн.

Қазіргі жастардың қолданатыны тек телефон ғана. Оңай жолмен ақша тапқысы келеді. Түнімен қыдырады. Ештеңенің қадірін білмейді. Жастар сауатты дейді. Менің бұған күмәнім бар. Жастар сауатсыз, еш ойланбайды.

Бұның бәріне билік үлкен жұмыс жасаулары керек. Жастарға насихат жүргізіп отыруды қолға алуы керек.

- 16 желтоқсан жаңа жылдың көлеңкесінде қалып кетіп жатыр деп ойламайсыз ба?

- Жаңа жыл қазақтың мерекесі емес деп айтар едім. Жаңа жыл тойлауды мүлдем құптамаймын. Қазақтың Жаңа жылы күн мен түннің теңесетін кезі Наурыз айы. 

Тәуелсіздіктің құрбандарын еске алуды айрықша атап өту керек. Жаңа жылмен қабат келуі де көңілге кірбің түсіреді. 

- Мемлекет тарапынан құттықтаулар, сый-сияпаттар болып тұра ма? Аз еңбек еткен жоқсыздар...

- Жоқ. Елеп-ескеру деген жоқ. Әкімгершілікке де бардым. Мен алаңға атақ үшін бармағанмын деп айтып келемін бәріне. Ол жерде болғанымды бәрі біледі. Суретте екінші қатарда басымда бөрік киген, мойнымда шәлі тағып тұрған менмін. Осы да дәлел ғой. Бірақ, бір адам елеп-ескеріп жатқан жоқ. Биліктегілердің, халықтың осылай емін-еркін жүргені Тәуелсіздік үшін жанын пида еткен жастардың арқасы.

- Билікке айтарыңыз бар сияқты...

- Бар айтарым. Жастарға үлгі болу үшін, біздерді ұмытпас үшін, Тәуелсіздіктің әр таңының қадірін білу үшін үнемі ұмытылмастай іс-шаралар өткізіп отырсын, қадағалап ескеріп отырсын, марапаттаулар жасап, құрмет көрсетіп отыру керек. Бұл мерекені құрметтеп отыру керек.

86 жылғы көтеріліс Ұлы Отан соғысынан да дәрежесі биік тұруы тиіс. Ұлы Отан соғысында менің әкем де болды. Олар бұрын ССРО үшін соғысты. Ал, біз өз отанымыздың тәуелсіздігі үшін күрестік.

Биліктегілерге айтарым, өтінішім десем де болады. Үнемі еске алып, биік дәрежеде аталып өтсе деймін.

Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын деген тілегім бар! Барша Қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің көк туы желбіреген күнмен шын жүрегіммен құттықтаймын! 

- Көп рахмет, аға! Сіздерге қанша алғыс айтсақ да аз деп білемін. Ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеймін!

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін