Алина Махамбет, әлем чемпионы: Өз спорт мектебімді ашуды армандаймын - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алина Махамбет, әлем чемпионы: Өз спорт мектебімді ашуды армандаймын

Алина Махамбет, әлем чемпионы: Өз спорт мектебімді ашуды армандаймын

Алина Махамбет Джиу-джитсудан әлем чемпионы.  2018 жылы Біріккен Араб Әмірлігінде, Абу-Даби қаласында өткен әлем чемпионатына барып қола жүлдеге ие болды. 2019 жылы әлем чемпонатына қайта барып әлем чемпионы атанды.

  • 21 Қазан 2020
  • 272
Фото - Caravan.kz

Осыған байланысты Caravan.kz медиа порталының тілшісі 14 жастағы әлем чемпионы Алина Махамбеттен оның анасы мен жаттықтырушысынан арнайы сұхбат алды.

АЛИНА МАХАМБЕТ: Өз спорт мектебімді ашуды армандаймын

— Джиу-джитсу жаңа спорт түрінің бірі. Бұл спорт түрі туралы алғаш қайдан естідің?

— Бұл спорт түрін ең алғаш ағамнан естіген болатынмын. Сол кезде мен де неге қатысып көрмеске деген ой келді. Осы спорт түріне барамын дегенде әкем қолдады, ал анам қарсы болды. Анамның қарсы болған себебі қыз балаға қиын болады деп ойлады. Бірақ, кейін анам маған сеніп, мені қолдады.

— Демек, бұл спорт түріне ағаң барғаннан кейін қызықтың ба?

— Иә, алғашында джиу-джитсуға ағам барып жүрді. Анаммен бірге ағамның жаттығуына баратын кезде, көріп отыратын едім. Өте қызық спорт түрі болды. Өзіме қатты ұнағаннан кейін осы спорт түріне бардым.

— Көптеген жарыстарға қатыстың. Ең алғаш жеңіске жеткенде қандай сезімде болдың?

Иә, мен көптеген жарыстарға қатысқан болатынмын. Ең алғаш жеңіске жеткенім ол біздің мектепте болған еді. Ол кезде 3 орын алып қалған болатынмын. Ол кезде қобалжыдым, қатты қобалжыған едім. Жеңілгеннен кейін мен өзіме мақсат қойдым. Жеңілгеннен кейін өмір тоқтап қалмайды, әрі қарай жаттыға бердім. Қазір Аллаға шүкір жетістіктерім көп. Бұл жетістігім әрине ағайымның арқасы, ол кісіге ризашылығым мол. Ағай маған көп нәрсе үйретті, ағай болмағанда ешқандай жарыстарға қатыспас едім. Ағай спортты өзіңе қызықтыра біледі. Бізге әрдайым қолдау көрсетеді.

— Сұхбаттарыңның бірінде актриса болуды армандайтыныңды айтыпсың. Болашақта спорт пен актрисалықты бірге алып жүргің келе ме?

— Әрине, бірге алып жүргім келеді. Армандарың айқын болса бәріне қол жеткізуге, бәріне үлгеруге болады деп ойлаймын. Сол үшін спортты да тастамай, Алла қаласа актрисалықты да оқып, меңгеретін боламын.

— Ең басты арманың қандай?

— Ең басты арманым әрине маған үміт артып отырған ата-анамның үмітін ақтау, разылығын алу. Одан кейін көк туымызды әрдайым биіктен көргім келеді. Өз спорт мектебімді ашып, мықты спортшыларды даярлап, әлем чемпиондарын шығару.

Caravan.kz медиа порталының тілшісі 14 жастағы әлем чемпионы Алина Махамбеттің анасымен де тілдескен болатын.

Патима Шоңбаева, Алинаның анасы: Қызым ұлдармен күрескен кезде қатты алаңдаймын


— Ең алғаш Алина Джиу-джитсуға барамын дегенде қарсы болғансыз, оған не себеп?

— Ең алғаш әрине қарсы болған едім, өйткені, қыз балаға қиын болады деп ойладым. Дегенмен де кейін қызымды қолдаған болатынмын.

— Ал қазір қызыңыздың осы спорт түріне қатысатынына мақтанышпен айтып жүрген боларсыз?

— Қызымның джиу-джитсуға, осы спорт түріне қатысатынына мақтанамын, марқаямын. Әр жарысқа барған сайын қобалжып, қызымның жетістігіне мақтан тұтамын.

— Қазір қызыңыз ұлдармен де күресіп жүр. Ұлдармен күрестін күндері қатты алаңдайтын боларсыз?

— Иә, ұлдармен күресетін кезде өте қиын болады. Бірақ, қызым ұлдармен күрескенді өзі жақсы көреді. Бірінші орын алған кезде салмағың жоқ медаль ала сал дегенде “Жоқ, мен күресіп өз еңбегіммен аламын”, — деген болатын. Өз еңбегімен, ұлдармен күресіп жүр.

Алина Махамбеттің жаттықтырушысы, ұстазы ол Нұрсұлтан Орынбасаров. Нұрсұлтан Орынбасаров С.Нұрмағамбетов атындағы “Сағадат батыр” спорт клубының негізін қалаушы, ММА шебері, Грепплингтан Азия чемпионы, джиу-джитсудан Республикалық және Халықаралық турнирлардың чемпионы.

Нұрсұлтан Орынбасаров осыдан бірнеше ай бұрын Caravan.kz медиа порталының тілшісіне арнайы сұхбат берген болатын. Ал бүгін шәкірті Алина Махамбет туралы өзінің кішігірім пікірін білдірген еді.

— Мен жаттықтырушысы ретінде мен одан үлкен үміт күтемін. Оның спортқа деген икемділігі барлығы жақсы. Біраз жетістіктерге де жеткен болатын. Бізде жарыстарда қыз баласы қарсылас болмай қалады. Әлем чемпионатында қыздар жеткілікті. Әлем чемпионатында қыздармен күресіп, оларды ұту үшін тәжірбие керек. Жарыстарда қыз бала болмай, күреспейтін болса тәжірбие жинай алмайды. Сондықтан, тәжірбие үшін деп ұлдармен күрестірген болатынбыз. Ұйымдастырушылардан рұқсат сұрап солар күрестірген болатынбыз. Талай ұлдармен күресіп, жеңіске жеткен қыз. Өзі өте көңілді қыз әрі актриса болуды да армандайды. С.Нұрмағамбетов атындағы “Сағадат батыр” спорт клубының шәкірті, менің шәкіртім. Грепплинг күресінен де Ташкент қаласында өткен жарыстан жеңіске жеткен болатын. Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында чемпион атанып келді. Қырғызстан елінде де жеңіске жеткен болатын. Өзінің титулы бар мықты қыз.

Соңғы жаңалықтар