Анасымен ғана өскен бала гомосексуалдыққа бейім бола ма? Психолог жауап берді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Анасымен ғана өскен бала гомосексуалдыққа бейім бола ма? Психолог жауап берді

Анасымен ғана өскен бала гомосексуалдыққа бейім бола ма? Психолог жауап берді

Балалар психологиясы саласындағы ең қиын тақырыптардың бірі-жыныстық бағдар қалыптастыру мәселесі.

  • 23 Қыркүйек 2021
  • 172
Фото - Caravan.kz

Баланың жыныстық бағдары өзгеруінің белгілері, салдары және алдын алу әрекеттері жайлы PsyHelp психологпен кеңес онлайн платформасының маманы Индира Әшімхан Caravan.kz медиа порталының тілшісіне айтып берді.

— Жыныстық бағдардың өзгеруін баланың кішкентай кезінен қалай байқаса болады, қандай белгілер болады?

— Жыныстық бағдар 2-4 жасқа дейін қалыптасады. Қате қалыптасқан жыныстық мінез — құлықты баланың басқа жынысты бала екенін айтып, сол рөлдерді ойнағанды жақсы көруден байқауға болады. Мысалы ұлдар қыздардың киім-кешектерімен ойнап, қыздар тек ұлдарға тән киімдерге әуес болады. Осы қылықтарға өсе келе өз жынысындағы балалардан қашқақтау қосылады. Бұл да сигнал. Ұлдар дөрекі, алысып, жұлысатын ойындарды ойнағысы келмейді. Ер адамдардың көзінше киімін ауыстыруға ыңғайсызданады. Керісінше әйел адамдармен киім ауыстыру ол үшін оңай соғады. Әкесімен қарым-қатынасы суық, керісінше анасына тым жақын болып жүреді. Физикалық тұрғыдан әлсіз болғандықтан ептілік пен күшті қажет ететін спорт түрлерін ұнатпайтын, аса сезімтал және жұмсақ жанды ұл бала болып қалыптасады. Қыздар керісінше,  қайратты, епті, жігерлі болып қалыптаса бастайды.

— Бүгінде ажырасудың көптігінен анасымен ғана әкесіз өсіп жатқан балалар да көп, бұның қандай әсері болуы мүмкін. Жалпы жыныстық ауытқушылықтың қалай алдына алса болады? 

— Баланың осындай темперамент ерекшеліктері оның отбасылық жағдайымен байланысты. Анасы мен әкесінің қарым-қатынасы, анасының ер адамдарға деген көз қарасы үйдегі атмосфераны қалыптастырады. Бала соның бәрін бейсаналық түрде сезініп өседі. Мысалы әкесіне өкпесі бар бала немесе тек ананың тәрбиесінде болған бала әкесімен теңестіруден қашып, ер мінезділікті ығыстырып тастайды. Яғни өкпеге толы,анасының досына айналған бала соған машықтана бастайды. Осылай гомосексуалдылыққа бейім бала қорғаныстық позицияны таңдап алып жабылып қалып, өскен кезде өзіне жетпей қалған ер қасиетті жігіттерді ұната бастайды.


Ары қарай ушықтырмас үшін не істеу керек немесе бұл жағдайды өзгертуге болмайды ма?

— Кез келген балаға көңіл мен қолдау қажет. Оның жанын, қызығушылықтарын, ортамен проблемаларын байқап жүру маңызды. Осындай жағдайды ушықтырып алмас үшін  саналы түрде проблеманың бар екенін мойындау керек. Анасы баланың бала екенін ескеріп, оған аса қатты қамқорлық, немесе керісінше аса қатты қатыгездік көрсетпеген жөн. Әкесі болмаса, әкелік тәрбие болатын туған туыстарымен немесе ыңғайлы спорт түрімен шұғылдандыру маңызды. Осындай ерекшелігі бар балалар ата-анасы мен құрдастарынан ерекше мойындауды қажет етеді. Сондықтан осындайды болдырмау үшін ер мінезділікті қалыптастыру үшін, баланың осы ерекшелігін бетіне баспай, түсінушілікпен оған өз жынысына сай бейімделуіне көмектесу керек.  Ақырындап шынықтыру керек. Шыдамдылық пен махаббат бәрін жеңеді. 

— Балаға психикалық жарақат түсірмей бұл тақырыпқа қалай сөйлесу керек?

— Бастысы шошытып, үркітіп алмау керек. Жай ғана әңгімелесу арқылы бұл жағдайды ашып жеткізу маңызды.  Психологтың көмегіне жүгінген жөн. Егер абайсызда шошытып алсаңыз, ол бала наразылық танытып, ата-анасын дұшпан санап, тұйықталып, өзін түсінетін ортаны іздей бастайды.Ер адамның, әйел адамның қасиеттерін, олардың табиғаттағы функциясын түсіндіріп, «Сен қалай ойлайсың? Не сезінесің? Неге солай деп ойлайсың? Неге осындай шешім қабылдадың? Сен бұны қалай елестетесің?» деген сұрақтар арқылы проблеманың түрлерін айқындап алуға болады. 

Соңғы жаңалықтар