Жарияланды: 520

"Ауыр салмақ керек": Қазақтан шыққан тұңғыш сумошы – Сүйініш Казафузан туралы не білеміз

"Ауыр салмақ керек": Қазақтан шыққан тұңғыш сумошы – Сүйініш Казафузан туралы не білеміз

Әлемде 50-ден астам күрес түрі бар. Соның бі­рі – жапонның сумо күресі. Тарихы терең саму­рай­лық күрес – қазір әлемге кең танылған дәс­түрлі спорттың бірі.

Бұл күресте әуелі жа­пондар, одан кейін моңғол, грузин және орыс балуандары алғы шепте келеді. Осы ретте «біздің қазақта неге сумошы шықпайды?» деген сөз жиі айтылып жа­тады. Негізінде бізден де сумошы шыққан еді. Әйт­кенмен оны көбіміз біле бермейміз. Ол – қа­зақтың апайтөс ұлы Сүйініш Құдибаев. Сумо кү­ре­сінің тәртібі бойынша жапон жаттық­тыру­шы­ларының қойған лақап аты – Казафузан Тай­га. Сүйініш – тек қазақтан емес, Орта Азиядан алғаш шыққан кәсіпқой сумошы. Казафузан 11 жыл Жапонияда тұрып, сумо күресімен ай­на­лысып, «макусита» деңгейіне дейін жетті. Макусита – 80 балуанды жыққан әрі 3 дивизион­ның мықты­ла­рына берілетін атақ. Алып денелі қан­дасымыз Түркістан басылымына сұхбат берді, деп хабарлайды, Caravan.kz медиа порталы.

– Мен Түрікменстанда туып, Қа­зақстанда өстім. Егемендік алған тұс­та отбасым Отанға оралып, Ақ­тауға қоныс тепті. Ол кезде мен 12-де едім. Кішкентай кезімнен спорт­ты жаныма серік етіп, Алматы об­лысының олимпиадалық резерв­те­гі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің жекпе-жек түр­лері бойынша мектебіне оқуға қабылданып, 4 жыл білім алдым.

Маған және бірнеше балаға Жа­по­нияда сумо спортынан өтетін Азия чемпионатына қатысуға ұсы­ныс жасалды. Қуана келістік. Сол алғашқы жарысымда қола медальге қол жеткіздім. Бағлан Ыдырысов де­ген бапкер ағамыз маған «кәсіп­қой сумомен айналысқаның жөн» деп кеңес берді. Осылайша, мен Жа­пониядан бір-ақ шықтым. Ме­нен өзге де балалар бірге барған бо­латын. Бірақ олардың арасынан соңына дейін қалған мен ғана бол­дым. Нәтижем жаман емес. Жа­по­нияда маған Казафузан Тайга атын бер­ді. Сөйтіп, еркін күресті сумоға алмастырып, Жапонияда қалу­ға шешім қабылдадым. Осы­лай­ша, 11 жыл Жапонияда тұрдым. Алға­шын­да бір аптадай жаттығып, бірден дохёға (сумо күресінің алаңы) шы­ғып кеттім. Жапонияға келіп бір ап­таның ішінде сайысқа түс­тім де­сем, көпшілік сенбейді.

unnamed 1

– Күншығыс елінде үлкен құр­метке ие сумо күресіне бір-ақ күнде келе салмағаныңыз бел­гілі. Оған дейін зілтемір кө­терумен және еркін күреспен ай­налысқан сізге сумо қиын бол­маған шығар?

– Сумо – әлсіздер айналысатын спорт емес. Мұнда ең басты талап – шыдамды болу. Егер осалдығыңды көр­сетсең, бұл спорт сені шетке ығыс­тырады. Мен сумоға үлкен дайын­дықпен келдім деп айта ал­май­мын. Оның үстіне Жапонияда су­момен айналысатын жалғыз қа­зақ болдым. Әсіресе, жапон тілін үй­рену маған едәуір қиын болды. Су­мо күресі мәдениет пен ізет­ті­лік­ке толы. Байырғы салт бойынша жас сумошы үлкен сумошыға құр­мет көрсетуі керек. Олардың айт­қан талаптарын бұлжытпай орын­дауға міндетті. Тіпті, олар тамақ ішіп болғанша ас ішпейтін үрдіс те бар. Бастапқыда бұл маған әлімжет­тік жасалып жатқандай көрінді.

– Сумошылар күніне 200 банан немесе 3 келі ет өнімімен тамақтанады екен. Сумошыға осыншама мол тамақ күрескен кезде қиындық тудырмай ма?

– Сумошылардың таңы ерте ата­ды. Өйткені, олар таңсәріде жат­тығу жасап, түске дейін ауыр те­мірлерді көтеру, дене қимылын жа­сау сияқты жаттығулармен ай­налысады. Бір қызығы, барлық сумошы шпагатқа отыра алуы ке­рек. Сумо күресі үшін басты та­лап­тардың бірі – молырақ та­мақ­тану. Өйткені, сумоға бойшаңдық­пен қоса, ауыр салмақ та қажет. Тіпті, кейбір балуандар түскі аста сыра ішеді. Себебі алкогольді ішімдік тезірек салмақ қосуға кө­мек­теседі. Әдетте, спортшылар жа­пон­ша «тянконабе» деп аталатын кеспе мен майлы сорпа ішеді. Сумо­шылар түстеніп болған бетте ұйқыға кетеді. Тамақтанып біте сала ұйықтау денсаулыққа зиян бол­ғанымен, сумошылар солай ету­ге мәжбүр. Бұл да салмақ қосып, оны қалыпты ұстап тұрудың жолы. Маған салмақ жинау соншалықты қиын­дық тудырған жоқ. Өйткені, бұл спортпен кәсіби түрде айна­лы­са бастағанымда салмағым 115 келі болатын.

Сумошыға ең қиыны – спорт­пен қош айтысу. Өйткені, артық сал­мақтан кезең-кезеңімен арылу өте қиын. Ал салмақты бірден тас­тау спортшыға кері әсерін тигізеді. Себебі қанша жаттығу жасап, күшті бола түскенмен артық салмақ бауыр, жүрек, қант диабеті, қан қы­сы­мы секілді сырқаттарға шал­дық­тырады. Жалпы, практикада су­мошы балуандар орташа есеппен ал­ғанда 35 жасында спорттық ман­сабын тәмамдайды. Олар үлкен спорт­тан кеткеннен кейін диетаға оты­рып, арықтауды мақсат тұтады екен.

– Бұл күрестің басқа күрес­тен ерекшелігі неде? Қанша әдіс-тәсілі болады?

– Ұру, шаштан ұстау немесе ауыр­ту әдісіне рұқсат жоқ. Сумо­шы­лар айқасқа шығар алдында қолын тізесіне қойып, жүресінен отырады да, қарсыласын көзімен арбайды. Төреші белгі бергенде балуандар шабуылға шығады. Мысалы, еркін күресте қарсыластан қаша жүріп, түрлі әдіс қолдануға мүмкіндік бар. Ал мұнда қашып жүруге мүлде бол­майды. Қарсыластан қашу жеңіліс болып саналады. Сондықтан бірден шабуылға шығуы тиіс. Сумошы сайыс үстінде, жалпы өмірде де еш­кімді ренжітпеуі керек. Бұл әдеп­сіз­дік саналады. Қарсыласыңа кері эмо­циялық әрекет байқатсаң, бұл да жеңістен құралақан қалдың де­ген сөз. Арнаулы алаңға аса ауыр сал­мақтылар шығып, бар-жоғы отыз-ақ секундқа созылатын айқас­та жеңімпазды анықтайды. Алып­тар айқасы балшықтан арнайы жа­салған дохёде (алаң) өтеді. Әр ай­қас біткен сайын дохёны жаңартып отырады. Оған екі тон­на­дай топырақ кетеді. Дохё сырттай қарағанда аумақты көрінгенімен, небәрі төрт-бес метр диаметр бола­ды. Балуандардың алыптығын ес­кер­сек, олардың еркін қимыл-қоз­ға­лыс жасауына мүмкіндік те жоқ.

Сумо жапондардың арасында кеңі­нен таралған күрес түрлерінің негізінде дамыған. Сумошылар бел­десу барасында бар-жоғы 48 әдісті қол­данады. Сумода әдіс-тәсіл көп бол­мағанымен, жеңілістің қай тұс­тан келетінін болжау қиын. Қар­сы­ласың қандай әдісті қолданбақшы, оны да ойлауға уақыт аз. Былайын­ша айтқанда, сумода салмақ та, мол тәжірибе де кейде көмектеспейді. Яғни, қарсылас өзіңнен ертерек ой­ланып, әрекетке көшсе, жеңіс со­ның жағында болады. Сондықтан сал­маққа көп иек арта беруге де бол­майды. Сергек ойлап, алдыңдағы қа­р­сыластан еш қорықпау керек.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, сумошы айналасындағылардың көңілін қалдырудан абай болғаны жөн. Себебі сумошыларды самурай дәстүрінің жалғасы ретінде қарас­тырады. Балуанның мінез-құлық кодексінде «хинкаку», яғни «қадір-қасиет» деген негізгі мағынасы бар. Сумошы өзіне лайықсыз, ерсі қы­лық танытса, бұл оның беделіне ке­рі әсер етіп, ёкозуна (ұлы чем­пион) атануына кедергі болады. Ал ірі жарыстар алдында сумошылар ғи­бадатханаларда түнейді. Сон­дық­тан сумода әдістен гөрі, рәсім көп. Мәселен, күрес басталар алдында «Дохё-ири» және «тори куми» деп ата­латын ұлттық рәсімдер орын­да­лады.

aa 1

– Жапонияда сумо­шы­лар­дың тәртібі өте қатал деседі. Се­бебі олар ата-дәстүрді жал­ғас­тырушы ретінде саналады. Егер ол көшеде төбелес шыға­рып жатса, дереу үйіне қай­тары­лып, жат­тықтырушысы жа­заға тар­тады екен. Басқа қан­дай ырым-тыйымдары бар?

– Кез келген сумошы шаш өсі­ріп, қоғамдық орында кимо­но­мен жүруге міндетті. Мұның бәрін алға­шында ерсі қылық көрсек те, кейін үйреніп кеттік. Жапонияда қазір самурай­лар жоқ, сондықтан шаш қойып жүретін сумошылар ғана. Басыңа айдар қою міндет. Әйтпесе, бұл спортқа деген құрметсіздік бо­лып саналады. Сөйтіп, менің де шаш қоюыма тура келді. Ал бел­десу­ге шық­қанда маваши (белдік) шы­ғады. Мұның бәрі менің түсінігімде тұр­­пайы көрінсе де, уақыт өте үй­ре­ніп кет­тім.

Олардың жалғыз ғана киімі – қар­нын айналдыра ораған ұзын­дығы тоғыз метрлік маваши (бел­дік). Белбеуді ораудың өзі аса ше­бер­лікті қажет ететін болғандықтан, оның да нағыз мамандары болады. Шаш сәндеудің де қатаң талабы бар. Сондықтан оған Бүкілжапондық сумо ассоциациясы іріктеп, 15 жас­тан бастап 10 жыл бойы оқы­тып, арнайы жоғары класты шаштараз мамандар даярлайды.
Сумошы оякатасының (бапкер­дің) рұқсатынсыз отбасын құра ал­майды. Ең қызығы, автокөлік жүр­гізуге де тиым салынған. Олар­дың жеке жүргізушісі болуы қатаң қадағаланады. Ояката – үлкен әке, яғни бапкер деген мағына береді. Ол сен үшін жауапты тұлға санала­ды. Сондықтан олар спортшысының қателігін көтеруге тиіс. Әлгінде айт­қанымдай, тойға не кездесуге, ке­рек десеңіз туған күн кешіне бар­саңыз да арнайы киіммен жүру мін­деттеледі. Бұл – жазылмаған заң­дылық. Мұны да сақтамау жат­тықтырушыны жазалауға дейін апа­рады.

– Сумошылардың табысы мол болады деп естиміз. Бұл рас па?

– Сумо күресін императорлық кү­рес деп айтады. Бірақ бұл күресті Жапонияда мемле­кет емес, қо­ғам­дық ұйым өткізеді. Бірінші, екінші дивизион су­мо­шыларының табысы мол болады. Мысалы, екінші диви­зион­ның су­мо­шылары айына 10 мың дол­лар­дан көп табады. Мен күрескен үшін­ші дивизионның табысы – айына 2 мың доллар, әр күрес­тен кейін беріледі. Ал ёку­зо­на­лар айына 25 мың доллар алады. Одан бөлек су­мошыларға Жапо­ния­ның әр ай­мағынан күріш, сыра, ет т.б. әртүрлі зат­тар сыйға беріледі. Мен Жа­по­ния­ғ­а барып, 11 жыл күрес­кеніме еш өкінбеймін. Бірақ сол табысты өз елімізде де табуға бо­лады деп ой­лаймын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін