«Қазақша сөйлегеннен емес, керісінше қазақ тілін білмеуден ұялатын заман келе жатыр»: Шетелде оқыған қазақ тілі маманы мемлекеттік тілдің болашағы зор екенін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+17 °C
Алматы
2024 Жыл
2 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қазақша сөйлегеннен емес, керісінше қазақ тілін білмеуден ұялатын заман келе жатыр»: Шетелде оқыған қазақ тілі маманы мемлекеттік тілдің болашағы зор екенін айтты

«Қазақша сөйлегеннен емес, керісінше қазақ тілін білмеуден ұялатын заман келе жатыр»: Шетелде оқыған қазақ тілі маманы мемлекеттік тілдің болашағы зор екенін айтты

Ағымдағы жылдың наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін дамытудағы заманауи әдіс-тәсілдердің тиімділігі туралы айтқан болатын.

  • 31 Наурыз
  • 130
Фото -E.history.kz

«Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде.

Осы орайда Caravan.kz медиа порталының тілшісі қазіргі заманғы әдіс тәсілдерді қолдану арқылы отандастарымызға мемлекеттік тілді үйретіп жүрген заманауи мұғалім Жарқынай Иниятқызымен қазақ тілінің мәртебесі мен тіл үйретудің заманауи методикалары туралы әңгімелескен еді.

 Жарқынай ханым, әуелі өзіңізбен жақынырақ таныссақ. Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан “Германияда оқыған қазақ тілі мұғалімі” деген жазуды байқадым. “Шет елде оқыған” деген ақпаратқа акцент жасауыңыз маркетингтік қадам ба, әлде заманауи мұғалімнің бейнесіне сай болу ма?

— Ия, «Шет елде оқыған» деп жазу себебім бар. Көбісі «қазақ тілі мұғалімі» дегенде көзілдірік тағып, ұзын белдемше киіп, жасыл тақтаның алдында «Абай жолы» туралы айта беретін образды елестетеді. Ал, мен парақшам арқылы қазақ тілі мұғалімінің де заманауи болып, ағылшын тілін біліп, шет елде оқып, түрлі тәжірибені меңгере алатынын көрсеткім келді. Маған филологияда оқитын немесе қазақ тілін таңдағысы келетін өзімнен кіші жастағылар әлеуметтік желіде көп хат жазады . Сонда осы мамандықпен шет елде де оқып, басқа салалармен иық теңестіріп тұра алатын, мүмкіндіктің көп екенін көрсеткеніме алғыс айтып жатады.

Түсінікті, енді негізгі тақырыпқа ойыссақ.  Жалпы ана тіліміздің тағдыры, жай-күйі қашан да өзектілігін жоғалтпайтын тақырып қой. Өзіңіз кәсіби маман ретінде қазақ тілінің қоғамдағы беделіне, ғылым мен техникадағы аяқ алысына қандай баға бересіз?

— Қазір біздің тіліміз өркендеп, қолданыс аясы кеңейіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Мысалы, жақында ғана «Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылады» деген ақпаратты инста парақшама бөліскен болатынмын. Ол жайында ғылым министрлігі де хабарлады. Оның үстіне жасанды интеллект тақырыбы да қазақ тілінен алыс емес. Мамандар жасанды интелектіні де қазақша сөйлетеміз деп жатыр. Мәдениет, кино, музыка, салалары да қазақ тілінің көркемдігін көрсетіп жатқаны белгілі. Сондықтан қазақ тілінің болашағы зор. Қазір қазақша сөйлегеннен емес, керісінше қазақ тілін білмеуден ұялатын заман келе жатыр деп ойлаймын. Қазақстанда тұрып қазақ тілін білу қара көз қазақтарға ғана емес, елімізде өмір сүретін өзге ұлт өкілдеріне де аса қажет екенін көбісі түсініп келеді.

 Өміріміздің барлық саласында қазақ тіліне деген сұранысты арттыру үшін сіз бен біз не істеуіміз керек?

— Әуелі сұранысты өзіміз қолдан жасауымыз керек. Мысалы, Германияда метрода пойызға қатысты ақпараттың барлығы неміс тілінде хабарланады. Ең алғаш Германияға барған күні тіл білмеуімнің себебінен бір сағат пойыз күттім. Сонда мемлекет, билік, жалпы қоғам адамдарды неміс тіліне мұқтаж етіп қойған.  Қарапайым ғана метроға міну үшін де сен сол елдің тіліне мұқтажсың. Меніңше, бізге де осындай жүйе керек. Одан бөлек, мемлекеттік тілге деген дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін мемлекеттік құжаттарды қазақ тіліне аударып, ресми іс-қағаздар тілі тек ғана қазақ тілі болуы керек. Осылайша, қазақ тілінің мәртебесін айқындап берсек, Қазақстанда екі мемлекеттік тіл бар дейтін орыстілді отандастарымыз азаяр ма еді?! Қазақстанда бір ғана мемекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Ол солай болып қалады және солай болып қалуы да керек.  Мемлекеттік жұмысқа орналасар кезде де қызметкердің қазақ тілін білуін талап еткен дұрыс. Мәселен, Германияда неміс тілін білмесең, мұғалім немесе  дәрігер болу былай тұрсын, дәмханада қарапайым даяшы болып та жұмыс істей алмайсың.  Қысқаша айтқанда,  қарапайым метродан бастап қоғамның барлық саласында тілге деген сұраныс жүйеге қойылған  елде сен немісше үйренбей қоймайсың.  Халық мұндай қадамға өздігінен бармаса, мемлекет қазақ тілін үйренбеуден басқа амалы қалмайтынтай жоғарыда айтқандай қадамдарға бару керек.

Қателеспесем, түрлі себептермен ана тілін меңгермеген отандастарымыз бен өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін авторлық курсыңыз бар. Тіл үйретуде өзге ұлт өкілдері мен өз отандастарымызға қолданатын әдістемелердің ерекшеліктерін айтсаңыз.

— Ия, менің қазақ тілін меңгермеген отандастарымызға, өзге ұлт өкілдеріне, сондай-ақ қазақ тілін ұмытып қалмай, сөздік қорын одан әрі толықтырып отырғысы келетін шетелде тұратын қандастарымызға арналған түрлі авторлық курстарым бар.  Осыған дейін мектепте жұмыс істегенде, түрлі ұлт өкілдеріне сабақ бергенде жинаған тәжірибемді,  методикаларымды біріктіре отырып курс жасап шықтым. Өзім де шет тілін оқудан қалыс қалған емеспін. Қаншама жылдан бері ағылшын, неміс, түрік  тілдерін оқып келе жатқандықтан шет тілін меңгеруден жинақталған тәжірибем де бар. Өзім қатысқан курстардағы тіл үйрету методикалырын қазақ тілін үйрету методикаларымен үнемі салыстырып, жақсы нәтиже беретін дүниелерді енгізіп отыруға тырысамын. Осы салыстыру барысында сабақты видеоға түсіріп, дайын сабақты ұсынып,  тапсырманы беріп, «орындасаң орында, өзің үшін» деген формат қазақ тіліне жарамайтынын түсіндім. Сондықтан да өз сабақтарымда тыңдалым, оқылым, жазылым,  грамматика секілді төрт дағды қамтылып, арнайы сайтқа салынады.  Сайттағы материалды оқушылар оқып, танысқаннан кейін біз сөйлеу практикасын орындау мақсатында сабақты ZOOM платформасында жалғастырамыз.  Үй тапсырмасына жазылым беріледі. Өзімнің авторлық курсымда осындай методикаларды пайдаланамын. Айта кету керек, авторлық курсыма жоғары лауазымдағы кісілер де қатысады.  Бастапқыда мені жас деп санаған лауазымды тұлғалардың менің жұмысыма сенімсіздік танытқан жағдайлар да болды.  Бірақ, уақыт өте менің методикамның нәтижесін көріп, шын жанашыр мұғалімді байқағаннан кейін ол кісілірдің де ниеті, көзқарасы өзгерді.

Сөз соңында оқырмандарымызға айтар ақыл-кеңесіңіз бен тілегіңіз болса, мархабат.

Қорыта айтқанда, тіл – тірі организм. Ол үнемі қолданыста болғанда ғана өміршең болады.  Қазақ тілінің мәртебесі биік, ғұмыры ұзақ болуы үшін біз, қазақ жастары ана тілімізді дәріптеуге барынша атсалысуымыз керек.

Соңғы жаңалықтар