"Қазір өзімнің жарыс көлігім жоқ, трассада жаттығуға мүмкіндігім жоқ" - Александр Артемьев - kaz.caravan.kz
  • $ 518.97
  • 607.3
+24 °C
Алматы
2025 Жыл
10 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазір өзімнің жарыс көлігім жоқ, трассада жаттығуға мүмкіндігім жоқ" - Александр Артемьев

"Қазір өзімнің жарыс көлігім жоқ, трассада жаттығуға мүмкіндігім жоқ" - Александр Артемьев

Спорттық көлік шабандозы Александр Артемьев қазақ тілінде Caravan.kz медиа порталының тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді

  • 30 Маусым
  • 68
Александр Артемьевтің жеке мұрағатынан

Бұл жолға ол қалай келді? Қандай қиындықтардан өтті?

— Көлік жарысы әлеміне қалай келдіңіз? Қызығушылық қайдан басталды?

— Мен бала кезімнен көліктерді жақсы көретінмін. Бұл қызығушылық менде қайдан пайда болғанын өзім де білмеймін. Отбасымызда көлікке, әсіресе жарысқа әуес жандар болған жоқ. Бірақ мен 9 жасымда көліктердің моделін дауысынан ажырата алатынмын және қолжетімді барлық ақпаратты оқуға тырысатынмын.

Картингке барғым келді, бірақ отбасымыздың мені қаланың басқа шетіне тасуға мүмкіндігі болмады. Ата-анам инженерлер болатын, ол кезде жұмыс табу да қиын еді. Бірақ мен кітапханаға барып, көліктер туралы кітаптар оқыдым. Бір жолы Э.Г. Сингуринди жазған «Автомобиль спорты» атты кітапты оқып шықтым. Кейін достарым арқылы интернетке шығып, ралли туралы форумдарды оқи бастадым.

Ата-анам менің бұл қызығушылығым жай ғана әуестік емес, нағыз құштарлық екенін көріп, рұқсат берді. Біздің жалғыз, ескі ВАЗ-2101 көлігімізбен иесіз автодромда мен оқығанымды, үйренгенімді тәжірибе жүзінде сынай бастадым. Сол кезде автоспорт өкілдеріне де жүгіндім, бірақ олар: «ақшаң болмаса, бұл салада саған орын жоқ» деді.

Содан кейін мен бір командаға механик болып жұмыс істеуге сұрандым. Күндіз мектепке барып, кешке СТО-да көлік жөндеуге көмектестім. Бір мезетте біздің «копейкаға» қауіпсіздік каркасын орнатып, жарысқа дайындай бастадым. Үшінші жарысымда үшінші орын алдым.

Сол кезден бастап мен Қазақстанның автокросс бойынша 7 дүркін чемпионы атандым.

Александр Артемьевтің жеке мұрағатынан

Сіздерде жалпы дайындық қалай өтеді? Дайындыққа қанша уақыт өтеді?

— Қазіргі кезде менің өзімнің жарыс көлігім жоқ, сондықтан, өкінішке қарай, трассада жаттығуға мүмкіндігім жоқ. Бірақ мен симулятор арқылы дайындаламын. Алғашқы симулятор нұсқасын өзім құрастырдым, ал қазір одан да жетілдірілген нұсқасы бар.

Аптасына 5 күн спортзалға барамын, себебі 24 сағаттық жарыстар жоғары төзімділікті талап етеді. Күндіз жұмыс істеп, жарыстарға қаражат жинаймын. Ал кешке жүгіріп, кемінде бір сағат симуляторда жаттығамын.

Александр Артемьевтің жеке мұрағатынан

— Сіздік тәжірибеңіздегі ең қиын болған жарыс? Яғни, 50-дей жарысқа қатыстыңыз, соның қайсысы ауырлау болды?

— Әр жарыс мен үшін үлкен сынақ. Бірақ ең есте қалған, әрі ең қиын жарыстардың бірі – 2017 жылы Венгрияда өткен Еуропа чемпионаты ETCC болды. Сол жарысқа бір демеуші қатысу шығындарын өтеп беремін деп уәде берген еді, бірақ жарысқа екі апта қалғанда уәдесінен бас тартты.

Мен командаға уәде беріп қойғандықтан, жарысқа бармай қалуым мүмкін емес еді. Ақша тауып, қарыз алып, жарысқа бардым. Мен квалификацияда бірінші орынды жеңіп алдым, бірақ себепсіз менің нәтижемді жойып тастады. Бұл менің кінәм емес болатын.

Сол себепті мен соңғы орыннан жарысты бастап, жанкүйерлер мен Eurosport тікелей эфирінің алдында екінші болып келдім. Бұл жарыс мен үшін өте ауыр болды, бірақ сонымен қатар аса әсерлі сәттердің бірі болды.

— Психологиялық тұрғысынан қалай дайындаласыздар? Бұл оңай іс емес екені белгілі…

— Мені ешкім рөлге отыруға мәжбүрлеген емес. Бұл — менің құмарлығым, менің өмірім! Иә, кейде өте қиын сәттер болады, бірақ мен автоспортта 25 жылдан астам уақыт жүрген соң, бұл жолда шынығып үлгердім.

Автоспорттағы менің жолым ешқашан оңай болған емес. Мысалы, соңғы Ле-Ман жарысы мен үшін екінші айналымда-ақ аяқталып қалды. Бірақ бір күні сәттілік менің жағыма шығады деген үміттемін.

— Шәкірттеріңіз бар ма? Осы саланы бастау үшін жас жігіттерге қандай кеңес берер едіңіз? Алдымен сіз сияқты механик болу керек пе?

— Өкінішке қарай, бұл жолды қалай бастау керек деген бір ғана дұрыс жауап жоқ. Менің жолым оңай болған жоқ. Көп уақытымды жарысқа ақша табуға жұмсаймын – көп жұмыс істеймін, ал тапқанымның бәрін бір күнде жарысқа жұмсаймын. Бұл – жастарға үлгі болатын ең дұрыс жол емес шығар.

Бірақ сонымен қатар, менің ойымша, жастар үшін ең бастысы – өзіне мақсат қоя білу және сол мақсатқа қарай табандылықпен ұмтылу. Сәтсіздіктерге сылтау іздемей, өзіңді жетілдірумен айналысу керек.

Автоспорт – өте қымбат спорт түрі. Тек жылдам болу немесе жақсы физикалық формада болу жеткіліксіз, сонымен қатар жарысқа қажетті бюджетті де таба білу керек. Егер ата-анасы баласының спортқа деген арманына қолдау көрсетіп, қаражат бөлуге дайын болса – бұл тамаша! Ал егер ондай мүмкіндік болмаса, онда демеушілермен жұмыс істеуді үйреніп, оларға пайдалы бола білу қажет.

Менің үлгі-мысалым көрсетіп тұрғандай, тіпті қарапайым, жағдайы төмен отбасынан шықсаң да, автоспортқа келуге болады. Ең бастысы – мақсат қою және соған табандылықпен ұмтылу.

Қазіргі уақытта симрейсинг өте қарқынды дамып келеді. Мен бірнеше пилотты білемін, олар алғашында виртуалды жарыстарда (симрейсингте) жақсы нәтижеге қол жеткізіп, қазір кәсіби автоспортта да жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Сондықтан, меніңше, автоспорт жолын симрейсингтен бастауға әбден болады.