Халықаралық байқауда әр ұлттың балалары қазақ өнері мен шығармаларын дәріптеуде - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Халықаралық байқауда әр ұлттың балалары қазақ өнері мен шығармаларын дәріптеуде

Халықаралық байқауда әр ұлттың балалары қазақ өнері мен шығармаларын дәріптеуде

Байқау ақын-жазушылардың шығармаларын кең ауқымда насихаттауда балалардың  бойына сіңіріп, ойын-өрісін қалыптастыруға, ішкі жан-дүниесіндегі өнерін одан әрі ұштауға тиер көмегі мол. Әр өнердің бала тәрбиесіне, өзіндік тұлға болып қалыптасуына ықпалы да өте көп. 

  • 14 Ақпан 2020
  • 262
Фото - Caravan.kz

Caravan медиа-порталының тілшісі елімізде байқауларды кең ауқымда өткізіп жүрген орталықтардың бірі халықаралық «Бойтұмар» өнерлі балалар байқауының және Республикалық «Бойтұмар.kz» балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби-танымдық журналының бас редакторы Алина Батырханмен сұхбаттасты.

— Халықаралық деп аты айтып тұрғандай байқауға басқа елдерден оқушылар келе ме?

— Халықаралық «Бойтұмар» өнерлі, дарынды балалар байқауының ашылғанына бір жарым жыл болды. Осы аралықта еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі, дарынды балаларды қабылдадық. Халықаралық деңгейде әлі өзге мемлекеттерге шықпадық. Себебі, басқа елдерге шығу үшін үлкен дайындық керек.

Халықаралық деп аталу себебі — бізге барлық ұлттың өнерпаздары қатыса алады. Айта кетер болсам, орыс, татар, дүнген, ұйғыр ұлттарынан көптеген оқушалыр қазақ шығармаларын оқуда, домбырамен әуелетіп ән айтуда, қазақша би өнерлерін ортаға салып, жүлделі орындарға ие болды.

Орталығымыздың ашылғанына бір жарым ғана жыл болғандықтан, байқауға бірден Халықаралық деңгейге шыға алмаймыз. Ол үшін 3-4 жылдың көлемі керек. Біз балаларды өзге мемлекетке шығару үшін барлық жағдайын қампамасыз етеміз. Сондықтан, нағыз таланттар мен дарындарды іріктеп алуымыз керек. Еліміздің барлық ауылды жерлерін аралап іріктеу басты мақсатымыздың бірі. Ал, олардың ата-аналарының өзге мемлекетке жіберу үшін қаржысы жетіспейді. Тек жағдайы бар ата-ана ғана баласын шетелге шығара алады. Ал, біз баланы өз қаржымызбен апарғымыз келеді.

Суретте: Бойтұмар журналының бас редакторы Алина Батырхан
Суретте: Бойтұмар журналының бас редакторы Алина Батырхан
 
 
 

— Бала санына шектеу бола ма? Әр номинацияға 3-4 баладан аспау керек деген сияқты.

— Әрине, шектеу болады. Бір байқауға 300 баланы ғана қабылдай аламыз. Ал, мына номинациядан мынанша бала керек деген сияқты айта алмаймыз. Ол әр оқушының таңдауы бойынша болатын дүние.

— Байқауды жылына қанша рет өткізесіздер? Алға қойған қандай да бір жоспарларыңыз жайында айтсаңыз.  

— 12 айда 8 рет өткіземіз. Әрбір айтулы мерекелерде байқау өткізу дәстүрге айналған.

Биылғы жылы еліміздің түкпір-түкпіріне ұйымдастыру жоспарымызда бар. Себебі, басқа қалалардан, елді-мекендерден Алматы қаласына келіп қатысуға барлығының мүмкіндіктері бола бермейді. Сондықтан, өзіміз барып өткізіп, нағыз талантты, дарынды, өнерлі балаларды анықтағымыз келеді.

Бізде осы күнге дейін өткізген байқауларымызда өздерін түрлі өнерімен дәлелдеген өте талантты балалардың тізімі бар. Өзге елге шығып жатсақ, міндетті түрде қалдырмай алып барамыз.

Жылдың аяғында үздіктерді анықтап, үлкен қызыл кілемде кеш өткізу немесе балалар күнінде өткізу жоспарымызда бар.

Негізгі мақсатамыз:

— Елбасымыздың «Рухани жаңғыру», «Жастар жылы» бағдарламалары аясында өскелең ұрпаққа рухани байлығымызды дәріптеу, ұлттық тәрбиені балалардың бойына сіңіру;

— Балалардың бойындағы өнерге деген құлшысын арттыру, олардың дамуына үлес қосу;

— Балалар мен жасөспірімдерге музыкалық-эстетикалық тәрбие беру;

— «Бойтұмар.kz» балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби-танымдық журналы арқылы жас дарынды өнерпаздарды халыққа насихаттау;

— Басты мақсатымыз — талапты балалардың дарынын шыңдап, нағыз жүйрікті және жыл үздігін анықтау.

— Оқушылар қай номинацияға қызығады?

— Байқау 8 номинация бойынша өткізіледі. 3 жастан 17 жасқа дейін қабылдаймыз. Көркем сөз, Эстрадалық вокал, Аспапта орындау, Хореография, Актерлік шеберлік , Қолөнері, Шығарма, Бейнелеу. Шынымды айтсам барлық номинацияға деген балалардың қызығушылығы жоғары. Тіпті екі номинациядан қатысқысы келетін балалар жетерлік. Болашақта «Сән» номинациясын қосу жоспарымызда бар. Жоғарыда айтып өткендей байқаудың ашылғанына 1 жарым жыл енді болды. Дегенмен көпшіліктің ризашылығына бөленіп, әлі талай белестерді дарындылармен бірге бағындырарымызға сенідіміз. Өзге байқауларға ешқандай сын айта алмаймыз. Елімізде байқаудың көп болғаны дұрыс. Себебі халықты өнерге, білімге жетелейтін дүниенің көп болса, бала жаман болып өспейді. Сондай-ақ байқауқа қатысқан балалар 1,2,3 орын иегері арнайы медаль, диплом, бас жүлде статуеткамен марапатталады. Байқау туралы журналға жариялаймыз. Баланы ең бірінші тәрбиелейтін ата-анасы, одан кейін ұстазы болғандықтан ұстаздың орны ерекше. Ұстаздарымызды да тыс қалдырып жатқан жоқпыз. Оларды да арнайы төсбелгі, сертификат, алғыс хатпен марапаттаймыз.

 
 
 

— Қателеспесем, сіздердің орталықтарыңыздың жеке журналы бар екенін естіген едім…

— Дұрыс айтасыз. Байқауға қатысқан балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби-танымдық «Бойтұмар.kz» журналымыз бар. Байқауға қатысқан әрбір баланы журналға жариялайтын басылым бізде ғана. Бұл жетістігімізді мақтана да, қуана да айта аламын. Ата-ана үшін бала бірінші орында болса, біз үшін де дәл солай. Сондықтан, мықты, дарынды балаларды шығару үшін, біз қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Біз үшін әр бала жұлдыз, ерекше тұлға.

Болашақта Алла нәсіп етсе, «Бойтұмар» каналымызды да қолға аламыз. Оның да ауылы алыс емес.

Сонымен қатар, көпшіліктің ұсынысы бойынша балалар энциклопедиясын шығару да жоспарымызда бар.

— Сұхбатыңызға көп рахмет! Әлемдік деңгейден көріне беріңіздер! 

Соңғы жаңалықтар