Мүмкіндігі шектеулі балаларды шығармашылыққа бағыттап, қоғамға бейімдеу өте маңызды – Жанна Асқарова - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+14 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мүмкіндігі шектеулі балаларды шығармашылыққа бағыттап, қоғамға бейімдеу өте маңызды – Жанна Асқарова

Мүмкіндігі шектеулі балаларды шығармашылыққа бағыттап, қоғамға бейімдеу өте маңызды – Жанна Асқарова

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі балаларды шығармашылыққа бағыттау, қоғамға бейімдеу өте маңызды рөл атқарады. Өнер арқылы шығармашылық қабілетін дамыту әлеуметтік ортаға енгізу, бейімдеу тәсілдерінің бірі болып саналады.

  • 20 Сәуiр 2022
  • 206
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Алматы каласы ШЖҚ "Балаларды ерте оңалту орталығы" КМК педагогика бойынша меңгерушісі Жанна Асқарова Caravan.kz медиа порталы тілшісімен сұхбат барысында толығырақ айтып берді.

– Кез келген баланың бойында шығармашылық қабілет болады. Сол себепті ерекше балалардың да өн бойындағы қабілет-қарымын анықтау үшін барлық шығармашылық бағыттарда жұмыс істеп көруіміз керек. Үй жағдайында да шығармашылық бағыттағы пайдаланатын қажетті заттар балаға қол жетімді жерде болуы тиіс. Соның барлығын бақылау арқылы баланың қандай қабілеті бар екенін байқауға болады – дейді Жанна Тұтқабайқызы. 

— Мүмкіндігі шектеулі балалардың да өнерге, шығармашылыққа бейімдігі бар. Бізге әр түрлі балалар келеді. Оларды денсаулығына байланысты: жалпы сөйлеу тілінің дамымауы, психологиялық дамуының тежелуі, сөйлеу тілінің дамуының тежелуі болып үшке бөлінеді. Олармен арнайы мамандар, логопедтер жұмыс істейді. Сөйлемейтін болғандықтан бұл балалардың қол моторикасымен көбірек жұмыс істеледі. Бұл тұрғыда әрине шығармашылық жұмыстар көп септігін тигізеді. Мүмкіндігі шектеулі балаларға ең көп қолданатын тәсіліміз сенсорика әдісі. Сенсорика дегеніміз заттардың сыртқы пішіні, түрі, түсі туралы ой қалыптастыру. Бұл жастағы баланың ең қызығатыны түр мен түс қой. Неше түрлі түсті заттар, мысалы ойыншық алсақ та түрлі түстерін көрсетіп ұсынамыз. Математика болса әр заты түрлі түсімен санап айтып үйретеді. Көк түсті санашы немесе неше қызыл түс бар деген сияқты сұрақтар арқылы дамытамыз.

— Ерекеше балалараға ерекше тәсіл керек, сіздер тағы қандай әдіс-тәсілдер қолданасыздар?

— Шығармашылықта біз педагог Мария Монтессоридің методикасын аламыз. Соның кішкене әдісін қолданамыз. Бірақ бізде Монттессоридің кабинеті жоқ. Монттессори методикасына сенсорика кіреді, сосын баланың өмірге, өнерге деген құлшынысын үйретуміз керек.

Барлық нәрсені ойын түрінде үйретеміз. Өйткені бізде әлі кішкентай балалар ғой. Сонда баланың қол моторикасы дамиды. Денсаулығы шектеулі балалардың қол моторикасы жұмыс істесе, ми ойланады, ми ойланғанда ауыз сөйлейді деген ұғым бар. Сол себепті көбінесе қол моторикасының дамуы үшін жұмыс істейміз. Ал қол моторикасын дамытатын әрине сурет салу, ермексаздан, балшықтан мүсін жасау, құмнан сурет салу сияқты шығармашылық жұмыстар. Сондықтан шығармашылық салаға барынша мән береміз.

— Мүмкіндігі шектеулі балалар денсаулығына қарай әр түрлі топқа бөлінеді дедіңіз, әр топпан әр түрлі жұмыс істейсіздер ме?

— Иә, мысалы аутизммен ауыратын балалар өте өзгеше болады. Мүмкіндігі шектеулі балалараға қарағанда аутизм балалар агресивті болып келеді. Агрессия көп болады. Ондай балалармен жұмыс істеу сәл басқаша. Агрессияға кішкене «болмайды», «қой» деп сәл қатаңдау айту керек болады. Бірақ ол ұрып-соғу деген сөз емес әрине, сәл қаттырақ сөйлеп, қате әрекеттерін тиып отыру қажет болады. Содан кейін аутизм балалар көбіне ата-анасымен бірге жатады. Өйткені олардың бір өзімен жұмыс істеу мүмкін емес. Ондай балалармен жеке-жеке жұмыс істеледі.

Шығармашылық бағытта менің байқағаным аутизм балалардың тіл үйренуге, ағылшын тілін меңгеруге өте бейім болады екен. Тез жаттап алу қабілеті жоғары. Сосын олардың қолынан ермексаздан мүсін жасау жағы өте сәтті шығады. Әсіресе динозаврларды жасауға құмар болады. Бізде логопед мамандар аутизммен ауыратын баланы қалай байқайды? Ол бала бірінші динозавр ойыншық ұстайды немесе динозаврдың мүсінін жасайды. Оның сырын, неге екенін әлі күне дейін білмедім. Бұл біздің тәжірибе барысында байқағанымыз. Ал ғылыми сырын айта алмаймыз. Және бұл балалар тазалыққа өте жақын болады. Әрине барлығы емес, өйткені аутизмның де жеңіл түрі, ауыр, орташа түрі болды. Жалпы шығармашылық бағыт бойынша балаларға барлығын өзіміз көрсетеміз, өзіміз үйретеміз. Баланы дамыту үшін барынша жұмыз істейміз.


Мысалы моншақ жасау, моншақ тігу деген сияқты істер былай қарасаң қарапайым ғой. Бірақ мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ол өте қиын жұмыс. Сондықтан біз екі есе артық жұмыс істейміз. Әрине, бізде мектептегідей емес қой, олар отырып жұмыс істейтін жаста емес. Бәрін ойын түрінде атқарамыз. Әдіс-тәсіл басқаша. Жалпы аутизм балалар өлең, ән айтады деп айта алмаймын. Бірақ тіл үйренуге, мүсін жасауға бейім. Осындай қасиеттерді ерте байқаса ол балаларды емдеу шарасы да жақсы болады.

Бізде құм терапиясы бар, арт терапиясы деп бөлінеді. Құм кішкене ірілеу, балалар сонымен сурет салады. Сол арқылы баланың қолымен ұстауы арқылы оның миын оятамыз. Миы оянса сөйлеу қабілеті ашылады. Біз шығармашылықты емдік бағытта жұмсаймыз.

— Балалардың арасынан шығармашылық қабілеті өте ерекше баларды байқадыңыздар ма?

— Бізде енді балалар кішкентай ғой. Үлкен болса біз көретін едік. Ал негізі шығармашылық сала арқылы баланың бір нәрсені жасауы, ұстап кетуі, тіпті сөйлеуі біз үшін үлкен нәтиеже. Ал енді үлкен топтарға барғанда ол балалардың шығармашылығы одан әрі дамуы әрине әбден мүмкін. Оны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бізде кіші топтар болғандықтан әзір байқай қоймадық. Және нақты қай салаға бейімдігін бұл жаста дәл анықтау сәл күрделілеу. Өйткені олар әлі кішкентай балалар.

Бізде 3 жастан 7 жасқа дейнгі балаларды үш топқа бөліп аламыз. Кіші балаларды 20 минутқа, одан үлкендерін 25 минутқа, мектеп жасына жақындаған балаларды 30 минутқа аламыз. Одан артық алынбайды. Өйткен балалар шаршайды. Соның өзі күнделікті қайталанғандықтан баланың зейіні қалыптасады. Дегенмен жақсы нәтиже болу үшін ата-ана үйде де жұмыс істеу керек. Тек сонда ғана үлкен нәтиже болады.

Балалардың шығармашылын дамыту үшін ойын жаттығуларын қолдану керек. Бұлар қиялды дамытады. Сезім-эмоцияналды қасиеттерін жетілдіреді. Балалардың осындай қасиеттерін ашып дамытатын эстетикалық ойындар қажет. Даму мүмкіндіктерін қиындықты жеңу өз ойын айту сияқты қабілеттерін шығармашылық жұмыс арқылы қанағаттандыру қажет.

Жалпы мүмкіндігі шектеулі бала деп қоғамнан бөліп тастауға болмайды.

Соңғы жаңалықтар