Нұрсұлтан Орынбасаров: Қазақстанда джиу-джитсудан қара белбеу алған спортшы жоқ! - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Нұрсұлтан Орынбасаров: Қазақстанда джиу-джитсудан қара белбеу алған спортшы жоқ!

Нұрсұлтан Орынбасаров: Қазақстанда джиу-джитсудан қара белбеу алған спортшы жоқ!

С.Нұрмағамбетов атындағы Сағадат батыр спорт клубының негізін қалаушы, ММА шебері, Грепплингтан Азия чемпионы, джиу-джитсудан Республикалық және Халықаралық турнирлардың чемпионы Нұрсұлтан Орынбасаров Caravan.kz медиа порталының тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

  • 15 Мамыр 2020
  • 886
Фото - Caravan.kz

— Нұрсұлтан, сізді көпшілік спортшы ретінде жақсы біледі. Дегенмен туған жеріңіз, өскен өлкеңіз туралы көп біле бермейтін шығар, сол жағын айтып өтсеңіз.

— Алматы қаласында өмірге келдім. Қазіргі таңда, Алматы облысы, Іле ауданы, Мұхамеджан Түймебай ауылында (Бұрынғы Ащыбұлақ ауылы) тұрамын. Балалық шағым, барлығы осы ауылда өтті. Мектепті осында бітірдім, қазіргі кезде Сағадат Нұрмағамбетов атындағы “Сағадат батыр” спорт клубындамын. Осыдан 6 жыл бұрын ашылған болатын. Шығып жүрген әлем чемпиондары бар, шәкірттерім бар, халықаралық турнирлардың чемпиондары бар. Сол шәкірттерімнің көбісі осы Ащыбұлақ ауылынан шығып жатқан Іле ауданының спортшылары. Соңғы екі жылда  Алматы қаласында екі спортзал ашқан болатынмын. Алматы қаласындағы Бостандық ауданы, Қазақфильм шағын ауданында спортзал бар. Ол жақта да жетістіктер жақсы, бірақ басым көпшілігі Іле ауданынан шығып жатыр. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы “Сағадат батыр спорт клубының” жетекшісімін. Спорт клубта 220-ға жақын шәкірттер дайындалады. Спортшы ретінде жарысқа шықпағаныма екі жылдай уақыт болған екен. Соңғы жарысым, Қырғызстан Республикасы, Ош облысында өтті. Ол жерде чемпион атанған болатынмын. Одан кейінгі жарыстарға өзіме дайындық бөле алмай шәкірттеріме көбірек көңіл болдым. 220-ға жуық шәкіртім, көмекші 3 бапкерім бар. 4 тренер, 4 бапкер болып 220-дай  балаларды жарысқа дайындап, жарысқа апарып осы жұмыстарға көбірек көңіл бөлдім. Спорт тек баланы дайындауға ғана емес, баланы физикалық тұрғыда ғана емес, техникалық тұрғыда да дайындаймыз. Балаларды психологиялық тұрғыда да дайындаймыз. Оларды қызықтыру мақсатында әртүрлі шаралар ұйымдастырамыз. “Нұр отан”, ”Жас отан”, Жастар саясатымен бірге талай шаралар ұйымдастырылды.

— Нұрсұлтан, джиу-джитсу деген ерекше спорт түрінің бірі. Бұл спорт түріне қалай келдіңіз?

— Бала кезде спортпен айналысатын спорт үйірмелері болған жоқ. Бірақ, спортқа қызығушылығым өте күшті болды. Қызығушылығымның арқасында теледидардан спортшыларды көріп, іздеп жүрдік. Ол кезде ғаламтор қатты дамымаған. Спортқа осылай қызығып өсіп, олимпиада ойындарын көріп, сондағы спортшылар сияқты бізде көк туымызды көтерсек деген арман болды. Ауылда спорттың барлық түрін жақсы көрдік. Доп ойнадық, ешқандай күрес әдісін білмесек те, күнде сабақтан соң аунап, күресіп өстік. 9 сыныпты бітіріп, Алматы қаласындағы Алматы мемлекеттік сервис технологиялық колледжіне түстім. Алматы қаласында “Достық спорт кешенінде” дзюдоға бардым. Сол дзюдо спорт түріне қатысып жүріп, жеңіл атлетикаға қатысып, Алматы марафоншылар мүшесі атандым. Жүгіруден де, жеңіл атлетикадан да жарыстарға қатысып жүрдім. Сонымен қатар, дзюдо күресінен жасөспірімдер арасынан жарыстарға шығып жүрдім. Қазақша күрес, самбо күрестерінен де жарыстарға шығып жүрдім. Джиу-джитсудан алғашқы жарыс болатынын естіп, сол жарыстарға барып қатыстым. 7 жыл бұрын Джиу-джитсудан жарыс алғаш рет өтті. Джиу-джитсу қатты дамымаған, барлығы дзюдо, самбодан дайындалып жүрген балалар күресті. Сол жерде екі қарсыласымды жеңіп, жартылай финалға дейін жетіп, ұпай бойынша жеңіліп қалдым. Одан кейін осы спорт түріне қызығкшылық артты. Өзім осы Ащыбұлақ ауданында бір залды жалға алып, қасыма шәкірттерді алып, осы джиу-джитсу күресінің әдістерін үйреніп жүрдім. Қалада “National team”, — дейтін команда құрылған, ұлттық құрама сияқты. Сол жақта менің күресімді көріп, арнайы федерацияның мүшелері шақырған болатын. Сол кісілермен бірге жаттығу жасап, олар кейін Бразиялдан Арари Джуниор деген жаттықтырушыны алдырды. Сол кісі менің алғашқы жаттықтырушым болды. Ауылда спорт үйірмесін ашып, бір топ құрдым. Бір топта 15 шақты бала болды. Бразилиялық жаттықтырушыдан үйренгендерімді балаларға үйретіп, жарысқа бірге алып жүрдім. Ол кездегі балалардың жасы 12 мен 14 жастың арасы болатын. Джиу-джитсудан өзім де жарысқа шығып жүріп, бапкер ретінде 4-5 шәкіртімді жарысқа қосып жүрдім. Олар сол кезде жетістікке жетіп, мен аралас жекпе-жек бойынша “Алаш Прайд” турниріне де шықтым. Ол жерде кәсіпқой арасынан 4 жекпе-жек өткізіп, 4-де де чемпион атандым. Бапкер әрі спортшы болып, сол кездегі шәкірттерім қазір қасымда бапкер, көмекшім болып жүр. Қазіргі таңда, 220 шәкірттерімнің біразын алғашқы шәкірттерім дайындап жатыр.

— Джиу-джитсуға баланы неше жасында берген дұрыс? Ата-анаға қандай кеңес берер едіңіз?

— Джиу-джитсуға 5 жастап берген дұрыс. Ата-анаға берер кеңесім, үлкен дайындықты талап етеді. Спорт – ол дене тәрбиесі деп түсінемін. Спорт баланың мінезіне, ер болып өсуіне өс әсерін береді. Сондықтан, баланы спортқа берген дұрыс және берер алдында бапкерімен ақылдасу керек. Міндетті түрде жақсы бапкерге беру керек. Себебі, бапкер ретінде жақсы болып көрінемін деп балаға жүк салып, олардың денсаулықтарын қинап немесе жүк сала берсе баланың да ниеті болмай қалады. Баланың спортқа деген қызығушылығын құртып та тастайды немесе жарыс кезінде жеңіліп қалса эмоциясын көрсетіп, балаға айқайлап әрі балағаттап, ұрысып жататын бапкерлер де бар. Сондықтан, баланы дұрыс бапкерге беру керек деп ойлаймын. Өйткені, бапкер баланың психологиясымен жұмыс атқарады. Жарыс алдында балалар сенімді шығуы үшін бапкердің беретін тәрбиесі, айтқан сөздері маңызды. Спорт – ол үлкен ғылым. Өз басым спортты үлкен ғылым деп түсінемін. Өйткені, спортта техникалық, тактикалық, психологиялық дайындық бар.

— Өзіңіз жаттықтырушысыз. Қазір карантинге байланысты тоқтап тұрған шығар? Әлде жаттығу қайта басталып жатыр ма?

— Карантин кезінде спорт зал жабық тұр. Ашылуға рұқсат берілген кезде, бірден ашамыз. Күресті спортшылар, шәкірттеріміз бәрі сағынды. Карантин кезінде, аптасына үш рет кешкі сағат 7-де сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері инстаграм парақшамда онлайн жаттығу өткізіп тұрамын. Яғни, үй жағдайында 20-25 минуттық кроссфиттің бағдарламасы бойынша бұлшық етке арналған жаттығуларды жасап тұрамыз. Шәкірттерім де менімен бірге онлайн түрде жаттығу жасайды. Карантинде уақытты осылай, тиімді өткізіп жатырмыз.

— Балаларды қабылдар алдында бірінші кезекте не нәрсеге көңіл бөлесіз?

— Менің шәкірттерімнің шәкірттері, маған да шәкірт болады. Шәкірттерім Самат Айтпанбет, Диас Қанайбеков, Елжан Жұмаділ деген бапкерлер. Осы бапкерлермен ақылдасып, бірге бағдарлама құрып, әрбір жарыс сайын анализ жасап отырамыз. Олардың шәкірттеріне мен де барып, өзімнің тәжірбиеммен бөлісіп, жарыстарға дайындаймын. Барлық баланы бөліп жармаймын, барлығын өзімнің шәкірттерім деп санаймын. Жарыс кезінде оларға қолдау көрсетіп, чемпион болуларына үлесімді қосуға тырысып жүрмін. Баланы қабылдар алдында, “мынаған көңіл бөлеміз”, — деген жоқ. Ең бастысы баланың денсаулығына көңіл бөлеміз. Жаңадан келген балаларға бірден салмақ салмаймыз. Балаларға басында жаттығуды ойын түрінде көрсетіп, қызықтырамыз. Жаңадан келген спортшылардың тәжірбиесін арттыру үшін бірден жарыстарға емес, кішігірім фестивальдерге шығарамыз. Баланы қабылдар алдында, бірінші кезекте баланың ата-анасының талабына қараймыз. Ата-ананың баласының спортшы еткізгісі келетіні, келмейтіні көрініп тұрады. Бұл жерде ата-ананың атқарар рөлі үлкен. Баланың ата-анасымен сөйлесіп, олармен міндетті түрде қарым-қатынаста боламыз. Себебі, жарыс алдында ата-ана жағынан кететін қателіктер болып жатады. Кейбір ата-ананың бейімдеуі дұрыс болмай жатады. Барлық ата-аналар спортшы емес. Жарыс алдында жиналыс өткізіп, ата-аналардың балаларға қалай айтқаны дұрыс екенін айтып жатамыз. Ата-ананың қолдауы жас балалар үшін өте маңызды. Егер ата-ана баласының спорттан жетістікке жеткенін қалайтын болса, онда біз ата-анаға түсіндіріп, жарыс кезінде балалардың қандай тағам жеу керектігін айтамыз. Өйткені, спортшылардың барлығы дұрыс тамақтана білу керек. Дұрыс тамақтанған жағдайда ғана жеңістің нәтижесін көре алады. Яғни, дұрыс тамақтану, дұрыс ұйқы, дұрыс режимді сақтағанда кезде ғана жетістікке жетеді.

— Қазақстанда джиу-джитсу қаншалықты дамыған?

— Қазақстанда джиу-джитсу қарқынды дамып жатыр, бірақ Еуропа елдері, Америка елдері, БАӘ, Ресей, Бразилия елдері джиу-джитсудың отаны. Осы елдермен салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, олардың деңгейіне, жету үшін әлі де 2-3 жыл керек деп ойлаймын. Жас спортшылардың арасында джиу-джитсуға біздің қосып жатқан үлесіп көп деп ойлаймын. Өйткені, “Сағадат батыр спорт клубы” елімізде Қырғызстанда және Ресейде өткен үлкен турнилерде жас спортшылар арасында командалық есеппен үздік орында келеміз. БАӘ-де өткен жарыста да, балалар арасынан “Сағадат батыр спорт клубының” спортшылары 12 алтын және күміс, қола алған болатын. Командалық есеппен 3 орынға ие болған едік. Көршілер Өзбекстан, Қырғызстанмен салыстырғанда біздің елде жақсы дамыған деп айта аламын. Өйткені, бізде джиу-джитсуға қызығатын, қолдау біретіндер өте көп. Джиу-джитсу аралас жекпе-жекке де өз үлесін қосып жатыр. Аралас жекпе-жекте бокс, еркін күрестің спортшылар өте мықты, бірақ партерге келгенде қиналып қалатын. Олар джиу-джитсудың әдістерін үйрену арқылы аралас жекпе-жек те біздің елде дамып келе жатыр. Сондықтан, джиу-джитсу осылай қарқынды дамитын болса, 2-3 жылда әлемдік деңгейге де жетеміз деген ойдамын.

— Бұл спорт түрінің танымалдылығын немен түсіндіруге болады?

— Джиу-джитсудың спортшыларының ішінде профессор атағын алғандар өте көп. Олармен сөйлескенде де, олардың білімді, мәдениетті екендері көрініп тұрады. Джиу-джитсуды шахмат деп те айтып жатады. Джиу-джитсудың танымалдығын Голливудтағы актерлерге қарайтын болсақ, олар джиу-джитсудың әдістерін фильмдерде көп қолданады. Джиу-джитсу оларға әдіс үйретіп жатады, әлемге танымал актерлер де джиу-джитсумен айналысады. Джиу-джитсудың өткізетін жарыстары, ережелері өте ыңғайлы ойластырылған. Барлық қатысушыларға өте ұнайды, сондықтан әртүрлі жарыстар біздің елде де ұйымдастырылады. Джиу-джитсу қазіргі таңда танымал спорт түрі деп есептеледі.

— ММА мен Джиу-джитсудың арасында қандай айырмашылық бар?

— Джиу-джитсу Жапониядан шыққан, бірақ біз қызығатын Бразилиялық джиу-джитсу. Бразилия елдерінен бастау алып дамыған, барлық әлем спортшыларының айналысатындары осы Бразилиялық джиу-джитсу. Ұру, төбелесу жоқ, әмбебап күрес. Барлық әдістерді қолдануға болады. Қолға, аяққа ауырту әдістері, қылқындыру әдістері деген сияқты. Спортшыны осылай жеңіп, жеңіске жетуге болады. ММА-де джиу-джитсудағы әдістерді қолданса болады, сонымен қатар қолмен, аяқпен соққыларды жасаса болады. Айырмашылық осыда. Біздің қолданып жүрген Бразилиялық джиу-джитсу. Азия ойындарында да бразилиялық джиу-джитсудың ережесі бойынша күреседі. Джиу-джитсу ресми түрде Азия ойындарына кірді. Біздің спортшылар Азия ойындарынан жүлделі орын алып келді. Дәстүрлі джиу-джитсу деген де бар, бірақ ең дамып жатқаны осы Бразилиялық джиу-джитсу.

— Джиу-джитсумен айналысқан адам қанша уақыттың ішінде қара белбеуге жетіп, кәсіби спортшы атағын ала алады?

— Дәстүрлі джиу-джитсуда, басқа да джиу-джитсуда қатты бәсекелестік жоқ, үлкен жарыстар жоқ. Ол жақта бір жылдың ішінде қара белбеуді алып жүргендерді кездестіріп жүрміз. Ал біз айналысып жүрген бразилиялық джиу-джитсу да қара белбеу атану 10 жылдық дайындықты талап етеді. 6-7 жылда қара белбеуге қол жеткізгендер бар. Өз басым, 6 жыл болды айналысып, дайындалып жүргеніме мен қоңыр белбеу иегерімін. Бразилиялық джиу-джитсуда 30 жасқа дейінгі спортшылардың арасында қарабелбеу иегері жоқ. 30 жастан асып кеткен қара белбеу иегерлері бар. "Adults masters” категориясының арасында бізде әлі қара белбеуге ие болған спортшы жоқ. Қара белбеуге ие болуға аз қалды. Қоңыр белбеудегі спортшылар бізде көп. Жастары 40-тан асқан спортшыларда қара белбеу бар. Бразилиялық джиу-джитсу қара белбеуге қол жеткізу қиын, оған көп еңбек етеді және бұл жақта белбеу алу жүйесі өте қызықты, спортшыларға да ұнайды. Ол жақта алдымен көк белбеу, күлгін белбеу, қоңыр белбеу одан кейін барып қара белбеу.

Соңғы жаңалықтар