Жарияланды: 430

Қарлығаш Айдарбек: Терминжасам - «Еріккеннің ермегі» емес!

Қарлығаш Айдарбек: Терминжасам - «Еріккеннің ермегі» емес!

ҚР БҒМ ҒК Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы Қарлығаш Айдарбек Терминологияға байланысты журналист Мейрамбек Таубалдиевке арнайы сұхбат берді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

- Тілдік реформа басталғалы, қоғамда да жаңғыру үдерісі жандана түсті. Қазіргі уақытта әліпби, еміле жайынан бөлек, ұлттық терминология мәселесі де елді алаңдатып отыр. Латын әліпбиі терминология саласын жаңғырта ала ма?

- Ұлттық терминология қай уақытта да, өзекті әрі күрделі мәселелер қатарынан табылған. Әсіресе, жиырманшы ғасырдың бастапқы кезеңі мен соңын ерекше атауға болады. Неге десеңіз, ұлттық терминология, терминжасам саласы осыдан жүз жылдай уақыт бұрын ғылым «тезіне салынып», сол ғасырдың соңғы ширегінде тіл білімі терминтанымының бір саласы ретінде тілдік қарым-қатынастың ерекше тетігін зерттеуге бағытталған, өзінің зерттеу нысаны, негізгі ғылыми ұғымдары мен бірліктері, құрылымдық түрлері мен үлгілері қалыптасқан, жалпы тілдік сөзжасамның дербес арнасы ретінде таныла бастаған. Жалпы ХХ ғасырдың басы қазақ терминологиясы үшін елімізде болып жатқан саяси-әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық, мәдени өзгерістерге байланысты кірген жаңа ұғымдарды ұлттық тілде баламалауда, сөз тудыру, терминжасам амалдарын жетілдіруде ерекше кезең болды.

Оның үстіне, осы кезге дейін ғылымда орныққан дәстүр бойынша, терминологияның қалыптасу үдерісі екі кезеңге – стихиялық және ұйымдастырылған-мақсатты деп бөлініп, арнаулы терминология қалыптасуының бірінші кезеңі белгілі бір кәсіби-ғылыми саланың құрылуымен байланысты болса, ал екіншісі оның жоғары деңгейдегі дамуымен сабақтас, орайлас болып келеді. Терминжасам үдерісінің екінші – ұйымдастырылған-мақсатты кезеңінің өзі де – «еліміздің тәуелсіздігіне дейін және егемендік алған кезеңнен бастап, қазірге дейін» (қазақ ұлттық терминологиясы дамуының жаңа кезеңі) деп екіге бөлінеді. Терминжасамның стихиялық кезеңінде қалыптасқан терминдер барлық жағдайда әрбір терминологиялық жүйеге қажетті тектік-түрлік жіктемелік принципке бағына бермейтіні де белгілі.

Ал өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ терминографиясының тарихы үшін өте маңызды кезең болды. Өйткені, ұлт тіліндегі алғашқы терминологиялық сөздіктер аталған уақыт аралығында жарық көргені белгілі. (Н.Қаратышқанұлының «Пән сөздері», «Атаулар сөздігі» т.б.). XX ғасырдың алғашқы кезеңі ғылым мен техниканың, экономиканың, жалпы мәдениет пен әлеуметтік өмірдің мейлінше қарқынды дамуымен, сол кезде болған алуан түрлі әлеуметтік, саяси өзгерістер қоғамдық өмірге де көптеген жаңалық әкелуімен ерекшеленді. Қазақ тілі сөздік құрамында ғылым, өнеркәсіп, техникаға байланысты ұғымдарды білдіретін жаңа сөздер мен сөз тіркестері қолданыла бастайды. Сондықтан қазақ тілінде терминжасамның ғылыми негізде жүргізілуін ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен басталады деп есептегеніміз жөн. «Қазақ білімпаздарының тұңғыш сіиезі» – сөзіміздің айқын дәлелі. Сол сиезде алғаш рет қазақ терминологиясының ғылыми ұстанымдары жасалып, бекітілген. Яғни, осы кезеңнен бастап, терминдерді халық жасайтын үрдіс аяқталып, ол ғылыми негізде жүргізіліп, қалыптаса бастаған. 1910-1930 жылдар аралығында термин шығармашылығы, А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының ұстанымдарына сәйкес, ұлттық сипатта дамуымен ерекшеленеді.

Енді, басты мәселеге оралайық, латын әліпбиіне көшудегі негізгі мақсатымыз – ұлттық код, ұлттық мәдениетімізді, ана тілімізді сақтап қалу және тілдік санамызды орыс тілінің үстемдігінен, ықпалынан босату т.б. деп түсінетін болсақ, онда ұлттық терминологиямыздың, шын мәнінде жаңғыруы үшін, ең алдымен, әліпбидің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әзірлеген ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ бекітілуі қажет.

Екіншіден, қазақ терминжасамының ғылыми қағидаттары (А.Байтұрсынұлы, Е.Омаров, Ә.Қайдар, Ө.Айтбайұлы, Ш.Құрманбайұлы) басшылыққа алынуы тиіс. Олар: 1. Ұлттық терминқорды қалыптастырудың ішкі көзі – қазақ тілінің лексикалық байлығы мен сөзжасам тәсілдерін барынша ұтымды пайдалану; 2. Қазақтың өз тілінен баламасы табылмаған терминдерді басқа түркі халықтарының сөздік қорынан іздеу; 3. Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды, мүмкіндігінше, қазақшаға аударып қолдану, аударуға келмейтіндерін қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне сәйкестендіре, бейімдеп, үйлестіре қабылдау. Яғни, өзге тілдерден терминдерді қабылдауда делдал тілдің (орыс тілі) «көмегінсіз» тікелей түпнұсқа тілден алу; қазақ тілінің терминжасам элементтерін мағынасына қарай барынша тиімді пайдалану; қазақ тілінің терминжасам элементтерінің әлеуеті жетпеген жағдайда терминдерді түпнұсқа тілдің транскрипциясына (орфоэпиясына) орай, латын графикасында таңбалау; түпнұсқа тілдің транскрипциясы (орфоэпиясы) негізінде латын графикасында таңбалау барысында өзге тілдерден енген терминдерді қазақ тілінің фономорфологиялық ерекшеліктері мен үндестік заңына сәйкес етіп алу.

Үшіншіден, терминологияны жүйелі түрде стандарттаумен (түгендеу, реттеу, біріздендіру) айналысып отыратын, Кеңес Одағы кезінде болған КНТТ (Комитет научно-технической терминологии / ҒТТК) сияқты құрылым (орталық немесе институт) болуы қажет. Ол терминологиялық нұсқаулықтар, жинақтар, терминологияға қатысты, лингвистикалық тұрғыдан заңдастырылған түрлі басылымдарды шығарып отыратын болады. Міне, осындай жағдайда ғана біз ұлттық терминологиямыздың жаңғыруы жайында сөз қозғай аламыз.

- Соңғы кезде әлеуметтік желілерде «шаптырма», «сары қисық/қисық сары», «қылтима», «жерт...қ» (баклажан), «аспант...қ» (банан) секілді сөздер жиі талқыланып жатыр. Сіз де естіген шығарсыз. Неліктен осындай сөздер белең алып кетті? Маман ретінде не дейсіз?

Қазақ терминологиясы дамуының қай кезеңінде болса да терминжасам, терминологияны қалыптастыру, біріздендіру, жүйелеу сияқты терминологиялық мәселелер мемлекеттік тіл саясатына сәйкес жүргізіліп, терминология саласының маңызы заман талабына сәйкес анықталып отырған. Терминологияның қоғам өмірінде алатын орны, сол қоғамда атқаратын қызметтерінің мәні мен ауқымы, келешектегі даму бағыттары, басқа ұлт терминдерімен қатынасы сияқты маңызды мәселелердің барлығы да мемлекеттің жүргізіп отырған тіл саясатына сәйкес белгіленетіні мәлім. Осыған орай, еліміздің тәуелсіздігіне дейінгі уақыт аралығында терминдер орыс тілінен немесе сол арқылы басқа тілдерден еніп, лексикамыздың терминдік қабатының негізін құраушы термин-сөздер тобы болып келгені белгілі. Академик Ө.Айтбайұлы: «Бұлардың қатарының көбейгені соншама, қазіргі қолданыстағы сөз байлығымыздың кем дегенде 70-80 процентін қамтиды екен. Бұл, бір қарағанда, тіл байытудың өнімді жолы боп көрінгенімен, екінші жағынан, ұлттық тілдің тынысын тарылта бастаған, сондықтан да саналы түрде саралап қолдануды қажет ететін лексикалық қорға айналып барады», - деп жазған болатын.

Сондықтан, еліміздің егемендігімен бірге, ұлт тілі мәселесі қатар көтерілді: тіл тағдыры үшін құрылған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мәртебесі биік болып, «тіл майданының» басты үгіт-насихат ұрандары – «Мемлекеттік тілде сөйлеу – азаматтық парызымыз», «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлесуі керек» т.б. сипатында болды. Бұл, көп ұзамай, өз жемісін де берді... Терминжасамда жаппай баламалау, аудармашылық науқаны басталып, оның ішінде сәтті, ұтымды (жолсерік, жағажай, саяжай, жүлдегер, көкөніс, қондырғы т.б.) нәтижелер де, сонымен қатар олқылықтар да орын ала бастады: қауындопшы (регбист), салмадопшы (баскетболист), қақпадопшы (волейболист) т.б. Сол себепті, жүйелі терминдердің жалпықолданыстық, кәсіби лексикалық атаулардан ең маңызды, басты өзгешелігі – бейтараптығы. Терминде эмоционалдық реңк (сема) пайда болған жағдайда, ол терминологиялық жүйеден тыс қалып, пассив, жалпы сөздік қордан немесе кодификацияланбаған кәсіби сөйлеу жүйесінен орын алады. Сондықтан неологиялық терминжасам сипатын айқындауда кез келген инновацияның, жаңа атаудың термин бола бермейтіндігіне ерекше мән беру қажет.

Жалпы, менің ойым: «шаптырма» (қызметіне қарай), «сары қисық/қисық сары» (пішініне қарай), «қылтима» («қылтыйып» сөзінің эмоционалдық-экспрессивтік реңкін ескермеу) т.б. атаулар – тіл ұстанушының қарапайым лингвистикалық (терминологияға қатысты) білімінің жетіспеушілігі салдарынан туындаған. Ал «жерт...қ», «аспант...қ» секілді тұрпайы сипаттағы жасанды сөздер – терминжасамның ұлт тілі негізінде жүргізілуіне, «халықаралық терминдердің» қазақ тіліндегі баламасына, аударылуына «тілдік вандализм» түрінде жасалған қарсы «шабуыл». Өйткені, мысалы, Солтүстік өңірде өмір сүретін кейбір этностардың тілінде қар, мұз, суықты (түріне қатысты) белгілейтін оннан астам атаулар бар екен. Ал Тынық мұхит аралдарының бірін мекендейтін тайпа тілінде банан түрлеріне қатысты 100-ден астам атау бар және керісінше, кейбір үндіс тайпаларында (индейцы) ұшатын заттардың барлығын (құстан басқасын) бір сөзбен ғана атайды. Осы секілді Африкалық суахили тайпасының тілінде пойызды да, арбаны да, велосипедті де, баланың қоларбасын /коляска/ да, күйме, жабық арбаны да бір-ақ сөзбен атайды екен.

Демек, бір халық үшін өзекті саналатын ұғым басқа халық өкілдері үшін соншалықты маңызды бола бермейді, тіпті таныс емес (мүлдем таныс емес) деуге болады. Яғни бір тіл иелері үшін өзекті дүниенің, басқа тілді ұстанушылар үшін ешқандай маңызы жоқ. Сондықтан бүкіл кірме терминдер мен сөздердің жаппай қазақшалануы шарт емес.

termincom.kz сайтындағы «Қазақы терминдерді халық жасайды» атты республикалық байқаумен таныссыз ба? Расында да, қазақы терминдерді халық жасай ма? «Қазақы терминдер» деген не? Сіздің пікіріңіз қандай?

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, терминжасамның стихиялық кезеңі, яғни жиырманшы ғасырдың басына дейін, терминдерді нағыз халық жасаған уақыт болған: жәрмеңке, жәмшік, бөкебай, самаурын, оқ дәрі т.б. Одан кейін терминжасам ғылыми негізде дамыды. Қазіргі таңда, терминді халық жасамайды, терминжасам үдерісін біліктілігі жоғары нағыз мамандар басқарады. Ал, «қазақы» деп отырғандары, менің ойымша, қазақ тіліндегі, ұлт тіліндегі ғылыми терминология болса керек. Өйткені, «қазақы» деп біз нені атаймыз: қазақы дастарқан, қазақы тәрбие, қазақы отбасы, қазақы оюлар т.с.с. Ендеше, қазақ терминологиясына қатысты «қазақы терминдер» атауын қолдану арқылы, ғылым тілінің қалыптасқан метатілін бір ғасырға кері шегерудің қажеті жоқ деп есептеймін.

Терминжасам ісіне «байқау» жариялап, «қазылар алқасын» тағайындау – белгілі бір дәрежеде қалыптасып үлгерген ұлттық терминологиямызға кері әсерін тигізуі мүмкін деп ойлаймын. Өйткені, бұл табиғи тілдік заңдылықты, үдерістік-уақыттық сипатты бұзатын, сан түрлі жасандылыққа жол ашатын құбылыс. Енді терминдер «байқауының» талаптарына назар аударайық:

  • «терминнің терминжасам әдістемесіне сәйкес болуына...» - біздіңше, ұйымдастырушылар бұл жерде терминжасамның амал-тәсілдерін айтқысы келген болса керек;

  • «терминнің лексикалық, грамматикалық тұрғыдан дұрыс болуына...» - термин, жалпы лингвистикалық тұрғыдан дұрыс болуы, яғни терминологиялық нормаға сәйкес жасалуы қажет;

  • «терминнің қазақ халқының дүниетанымдық, мәдени болмысын танытуға уәжді қызмет ету деңгейіне» - уәжді (құрылымында уәжділік белгісі қамтылуы тиіс. Бірақ, мұны қарапайым халық қандай дәрежеде түсінер екен»?!.) болуы керек дегені шығар;

  • «салалық терминнің дефинициясының ашылуына...» - қазіргі таңда, терминдерге қойылып жүрген басты талап, оның дефинициясының болуы, яғни терминологиялық сөздіктерде тіркелуі. Ал термин құрылымы бүкіл дефиницияны ашып беруі мүмкін емес;

  • «терминнің барынша сөз тіркестерінен емес жеке сөздерден жасалуына...» - міне, осы жерде терминжасамның табиғи сипаты бұзылып отыр. Терминжасамның үдерістік табиғатына сәйкес, олар ең алдымен – сипаттамалы атау (сөйлем деңгейі), одан кейін – сөз тіркесі немесе перифраз, содан кейін ғана – универб, бір сөзді терминге айналатын сатылы үдеріс екені ескерілмеген;

  • «тиісті саладағы жоғары қолданыс деңгейінің ықтималдығына ерекше мән береді» - мұны енді ешкім алдын ала болжап айта алмайды. Ол тілдік узуалдану үдерісі барысында ғана анықталады.

Жалпы бұл мәселеге қатысты көзқарасымыз – «...тіл тірі организм ретінде күнде дамып, терминдер ескіріп, жаңасы пайда болып отырады. Бұл – заңдылық. Жаһандық дамудың жүріп жатқаны сондай, әр жаңа құбылыс, зат пайда болған сайын оның атауы да күнделікті жаңарып жатыр. Егер солардың бәрін өзге елдің тілінде сіңіре берсек, енді жүз жылдан соң қазақ өз тілін танымай қалуы мүмкін» дегені дұрыс-ақ! Алайда, жүзеге асырылуы, «берілуі мен ұсынылуы» (орысша айтақанда, подход и подача) дұрыс емес. Егер біз мұның алдын алмасақ, онсыз да қазіргі терминологиямызда орын алып жатқан «былық пен шикілік» одан әрі өрбіп, ертең «банан, баклажан, балкон, фонтандардың» одан да өткен сорақысын көретініміз айдан анық!

- Терминжасам ісі күрделі, қажырлы еңбек пен шығармашылық жұмыстарды қажет етеді. Термин шығармашылығы жайында айтып өтсеңіз.

Термин – «кім болса сол», әркім жасай беретін дүние емес. Терминжасам, ең алдымен мақсатты-шығармашылық акт. Ол белгілі деңгейдегі білімді, тәжірибені, әрбір ғылым, білім мен техника саласының ұғымдық ерекшелігін жан-жақты терең түсінуді т.б. қажет етеді. Бұл ретте, профессор Ш.Құрманбайұлының: «Терминді сала маманы мен тіл маманы бірлесе отырып қана жасайды», - деген тұжырымын қолдаймыз. Оның үстіне, ол уақытша ғана орын алатын үдеріс емес. Осыған сәйкес кейбір терминологиялардың қалыптасуы ұзақ уақытты, кейде бірнеше ғасырды да талап ететіні белгілі.

Мәселен, кезінде терминші-ғалым, профессор Н.Сейітов ағамыз бір ғана «қойнауқат – пласт» терминін мойындату үшін он шақты жыл еңбектенгенін бәріміз білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, терминжасамның ұғымдық, семантикалық жағы нақты сол сала мамандарының, ал құрылымдық-тілдік жағы тілшілер шешетін мәселелер қатарына жатады. Сонымен бірге терминжасамға тікелей қатысты терминдік түр ұғымын ескерудің де маңызы зор. Терминдік түр дегеніміз – атаудың ономасиологиялық және тілдік құрылымын айқындайтын жалпы терминжасалымның үлгісі, кестесі. Терминдік түр, сөзжасамдық түрге қарағанда, әлдеқайда кең ұғымды білдіреді. Себебі, терминдік түрге ақиқат болмыстың бөлек элементтерінің терминжасам амал-тәсілдері жатады, ал олардың барлығы бірдей сөзжасамдық болып табыла бермейді. Сондықтан термин шығармашылығы бір-екі күнде ойланып отырып, бітіре салатын науқандық шаруа емес. Жалпы, «науқандатып» жасалған шаруалардың ешкімге абырой әпермейтініне, артынан міндетті түрде шикілігі шығатынына талай мәрте көзіміз жеткен. Сондай қателікті қайталаудың қажеті жоқ!

- Есіңізде болар, «процесс – үдеріс», «архив – мұрағат», «гимн – әнұран», «герб – елтаңба» және т.б. сияқты көптеген терминдердің «халықаралық» деп танылған нұсқалары Терминологиялық комиссияның отырысында қайта бекітілген еді. Сонда көпшілік кеңінен қолданып жүрген, қалыптасқан «үдеріс», «мұрағат, «әнұран», «елтаңба» сияқты терминдерді ресми қолданыстан шығаруға бағытталған осы әрекет туралы пікіріңіз қандай?

- Сұрағыңызға рақымет! Кез келген тіл терминжасамда барлық жағдайда өзінің тілдік қоры мен амал-тәсілдеріне сүйенеді. Дегенмен, әрбір ұлттық терминологияның қомақты бір бөлігін, қалыптасқан терминологияның ғана емес, сонымен бірге, жаңа атаулар қатарын да өзге тілден қабылданған терминдер құрайды. Бұл құбылыс – терминология саласында кірме сөздер үдерісі жүріп жатқанының және оны саналы түрде реттеу қажеттілігінің дәлелі. Осы тұрғыда, мынадай дерекке мән беру қажет: шет тілдік, терминологиялық кірме сөздер нақты бір саланың қалыптасу кезеңін айқындап, кейін сол тілдің төл нұсқаларымен жарыспалы түрде қатар қолданыла келе, табиғи бәсекелестікке түсіп, көп жағдайда өз тілінде жасалған терминдерге жол береді. Мысалы: процент→пайыз→процент; рынок→нарық→рынок деген нұсқалар қайтадан алынсын дегенімен, қазіргі таңда, мейлі ол ресми тілде болсын, ауызекі сөйлеуде болсын, егер узусқа бір рет өз тілінде жасалған термин түскен болса, халық әрқашан соған басымдық береді, яки қолданыста, кірме терминмен салыстырғанда, төл сөзден жасалған терминнің салмағы басым болады.

Әңгімелескен, Мейрамбек Таубалдиев

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін