Қазақ өнері - әлем өнерінің құрамдас бөлігі - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ өнері - әлем өнерінің құрамдас бөлігі

Қазақ өнері - әлем өнерінің құрамдас бөлігі

Өнер арқылы берілген эстетикалық тәрбие адамды ұдайы сұлулық пен әдемілікті дұрыс ұғынуға жетелеп, сезім байлығын қалыптастырады. Қазақстандағы өнер түрлері де ерте кезде-ақ пайда болып, қазіргі таңда адамның жан азығы мен рухани байлығы іспеттес. Адамдар өмір сүре бастағаннан-ақ, өнердің алғашқы нышаны қалыптасқан. Сондықтан да, қазақ өнерін әлем өнерінің құрамдас бөлігі ретінде оқып, тануға міндеттіміз.

  • 25 Тамыз 2022
  • 101
Фото - Caravan.kz

Осы тұрғыда Caravan.kz медиа порталының тілшісі «Талант» орталығындағы домбыра үйірмесінің ұстазы Нұрақынова Меруерт Бейсенбайқызымен сұхбаттасты.

— Меруерт апай, жалпы өнерге қызығушылығыңызға ата-ананың ықпалы болды ма? Осы сала бойынша жұмыс жасағаныңызға қанша жыл болды?

— Мен Нұрақынова Меруерт Бейсенбайқызы. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында, өнерлі отбасында дүниеге келдім. Әкем Нұрақынұлы Бейсенбай баян аспабының шебер орындаушысы болған.Ал, анам Әшірақынқызы Айымжамал «Алтын қазына» әжелер ансамблінің белді мүшесі, жезтаңдай әнші деуге болады.

Қазақтың киелі аспабы домбыраға деген қызығушылығымды көрген ата-анам мені дәріс алу үшін «Өнер мектебіндегі» домбыра сыныбына берді. Домбыра шертумен қатар, мектеп қабырғасында жүріп ән айту өнерінен түрлі байқаулардың жеңімпазы болдым. 10 жылдық мектепті тамамдағаннан кейін Қаскелең мәдениетколледжін «Педагог – мәдени демалыс ұйымдастырушы, халық аспаптар оркестрінің/ансамблінің жетекшісі» мамандығы бойынша тамамдадым.

2016 жылдан бастап № 26 Жалпы білім беретін орта мектебінде музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін және қосымша өнерге, домбыраға деген қызығушылығы бар шәкірттерге «Талант» орталығындағы домбыра үйірмесінде бір жыл көлемінде балаларға домбыра шерту жолдарын үйретуден дәріс беріп келемін. Домбыра қазақ үшін киелі музыкалық аспап. Домбыра ұлттық музыканың, дәстүрлі әннің дамуына әсері зор. Бүгінде домбыра үйрену арнайы зерттеліп, музыкалық педагогикадағы ролін айқындап келеді.

— Қазақта «Өнерің өрге жүзсін» деп жатады. Жалпы, өнер ұлт талғай ма?

— Дұрыс айтасыз. Қазақтың бұл сөз өте керемет айтылған. Қазақтың әрбір азаматы өнерлі деп сенімді айта аламын. Өнерге неғұрлым дұрыс анықтама берген Н.Г. Чернышевский: "…Өнердің мазмұны – өмірдегі жалпы қызығушылық… өмірде адамның қызығушылығын тудырғанның бәрін бейнелеу" ("Өнердің шындық болмысқа эстетикалық қатынасы") деп айтқан. Осыдан-ақ, өнердің ұлт талғамайтынын айта аламыз. 

Өнер – адамның әлемді көркемдік жағынан игеру жөніндегі әрекеті. Өнер арқылы адам өзінің эстетикалық дүниетанымын білдіреді.

Өнер өмірде болған оқиғаларды қаз-қалпында алмай, өзгертіп, түрлендіріп, көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. Оны қоғамдық сананың өзге формаларынан даралайтын белгісі де адамның шындыққа деген эстетикалық қатынасы болып табылады. Өнердің мақсаты – дүниені, адам өмірін, қоршаған ортаны көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеру. Көркем шығарманың бел ортасында нақты бір тарихи жағдайда алынған жеке адам тағдыры, адамдардың қоғамдық қатынастары мен қызметтері тұрады. Олар суреткер қиялы арқылы өңделіп, көркем образдар түрінде беріледі. Шығарманың суреттеу тәсілі, құрылымдық келбеті, көркем бейне жасаудың материялдық арқауы өнер түрлерінің ерекшеліктерін айқындайды.

Өнер – адам баласының жасампаздығының белгісі және дәлелі. Өнер дегеніміз – сұлулықты сезіну, дүниенің ғажайыбын түйсіну; жан-дүниемізді жарыққа бөлеу арқылы Субхан Иемізді тану-табыну… Өнердегі нәзіктік пен шеберлік рухани тереңдіктен нәр алады. Бұл жайлы Таласбек аға: «Өнер деген – сұлулықта ояну», – десе, атақты ғалым Альберт Эйнштейн: «Дін, өнер және ғылым – бір ағаштың бұтақтары» депті. Яғни Өнер – адам баласын біріктіретін, кемелдендіретін құрал.

Неғұрлым тұтастыққа жету үшін, елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады.

— Жалпы өнердің, соның ішінде «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дегендей, домбыраның балаға берер әсері қандай?

— Домбыра үйірмесінің балаға берер әсері өте көп.Домбыра үйрену өте күрделі. Негізінде аспапты 7-8 жастан бастап үйрену қажет. 12-13 жастағы шәкірттер ноталарды тезірек есте сақтайтын болса, ал, олардан кіші балалардың бейнелі жады күшті. Сондықтан, музыкалық аспапқа үйретудегі әр сәт, әр қадам, эмоцияналды жұмыстары маңызды. Шәкіртті домбыраға үйрету үшін аспапта ойнаудың алғашқы дағдыларын үйрету кезеңі өте маңызды.Бұл кезеңде мұғалімнің алдында аспаптың негізгі дағдыларын үйрету міндеті тұр. Педагогтың әдісі мен шеберлігі оқушының әрі қарай музыкалық дамуына негіз болады. Баланың музыкалық ойлауы нөлден дами алмайды. Баланың бойында атасынан, әкесінен естіген домбыраның үні, күйлердің дыбысы, күмбірі болу қажет. Домбыраны үйретудің алғашқы әдістерінде қарапайым ережелер, жеңіл орындалатын күйлер, әндер, жырлар балалардың музыкалық аспапқа деген қызығушылығын тез оятады және шәкірт бойындағы техникалық базаны қамтамасыз етеді.

Шәкірттердің белгілі бір аспапты тез үйренуіне олардың сабақ барысындағы дұрыс әрекеттері жеткіліксіз. Олар сол аспапта ойнауға құмарту керек. Әрине, домбыраға деген құмарлық ертеңгі күні шәкірттің үлкен күйші, термеші, жыршы болуының негізгі кепілі.

Қазақстан тәуелсіздік алуымен бірге домбыраның да күні туғаны анық. Шілде айының алғашқы жексенбісін Домбыра күні деп белгілеп, ел болып кеңбелгілеп, ел болып кең көлемде атап өту – елдігіміздің белгісі. Домбыра бұған әбден лайық. Мұнымен айтқым келгені, домбыраның қазақ үшін алар орны ерекше. Бұл сонау ата-бабамыздан бері қастерленіп келе жасқан киелі аспап. Әрбір ата-анаға осы киелі аспапты қадір тұтып, жоқ дегенде отбасында бір балаға болсын, үйреніп, үйретуін айтар едім.

— Алдыңызға өнер үйренуге келген шәкірттердің өзгерістері жайлы айтсаңыз…

— Алғашқы кезеңдерде қолына домбыра ұстай алмай келген бала қағыстарды үйреніп, домбыраның әрбір нотасын жүрекпен сезініп, қызығушылықтары арта түседі. Қазіргі кезде балалар үлкен шығармалар мен шертпе күй, төкпе күйлерді еркін ойнай алады.Қорыта келгенде, домбыра аспабында ойнап үйрену үшін, ең алдымен, шәкірт бойында ынта, жігер және талпыныс болуы керек. Жас баланың, шәкірттің жаны домбыра аспабын қаламаса, оны ешкім де күштеп үйрете алмайды.

Соңғы жаңалықтар