Жарияланды: 60

Қазақстанда әскери білім алғысы келетін шетелдіктердің қатары көбейді - депутат

Қазақстанда әскери білім алғысы келетін шетелдіктердің қатары көбейді - депутат Сурет - Sputnik Қазақстан

Жыл сайын Қазақстанда 18-27 жас аралығындағы барлық жас жігіттер әскерге шақырылады. Әскери қызмет және Қазақстан Республикасын қорғау әр азаматтың парызы мен міндеті болып табылады.

Осы орайда Caravan.kz медиа порталының тілшісі ҚР мәжілісінің депутаты, генерал-майор, ҚР ҰҚКД құрметті қызметкері Жанат Жарасовтан әскери әскери патриоттық тәрбие беруді қалыптастыру және жастардың әскери мамандыққа қызығушылығын арттыру жайында сұхбат алды.

Тәуелсіз Қазақстанның қазіргі қорғаныс қабілеті, әскери әлеуетінің деңгейі

Қазақстанның қазіргі қорғаныс қабілеті, әскери әлеуеті жоғары деңгейде деп толықтай айта аламын. Өйткені тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның Қарулы Күштері ең беделді межеге көтерілді деп айтуға болады. Қазақ сарбаздарының ел қорғауға, жер қорғауға қауқары да, дайындығы да мықты. Қазіргі таңда қарапайым халық қарулы күштерге үміт артып, ұйқыларының тыныш екендеріне сенімді. Дегенмен де әрбір әскер болсын, бітімгер болсын кез келген жағдайға, кез келген мәселеге, орысша айтқанда проблемаға дайын болуы керек. Қазақ халқы қиын-қыстаудан барлығынан өтті, сондықтан әскери мамандарының арқасында, қарулы күштердің арқасында елімізді тек қана жақсылық күтіп тұрғанына кәміл сенемін. Ал тәуелсіз Қазақстанның қазіргі қорғаныс қабілеті, әскери әлеуетінің деңгейі жоғары деңгейде деп толықтай айта аламын.

ҚР мәжілісінің депутаты, генерал-майор Жанат Жарасов
ҚР мәжілісінің депутаты, генерал-майор Жанат Жарасов

 

Жастардың әскери мамандыққа, әскерге қызығушылығы

Жастар қазіргі кезде әскери мамандыққа, жалпы әскери жұмысқа, қызметке қызығушылықпен қарайды. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қаласында “Жас ұлан” республикалық мектебі бар. Ол мектепте 9 сынып бітірген оқушылар қабылданса, ал Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында, Құрлық әскерлерінің әскери институтында және Ақтөбе қаласында Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Я.Бегельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты бар. Дәл осы аталған жоғары оқу орындарында 11 сыныпты бітірген түлектер, маман ретінде осы институттар да оқып жүр. Одан бөлек, биыл ресейлік тарап өздерінің әскери қызметшілерін біздің елімізде, Қазақстанда білім алуға ниет етіп отыр. Бұл дегеніміз еліміздің жастары да, тіпті шетелдік жастар да біздің елде, біздің әскери институттарында оқуға ниет етіп отыр. Сондықтан, қазіргі таңда оқып жатқан жастар көп әрі әскерге аттанғысы келетін жастар да көбейген елімізде.

Әскер қатарындағы қыз-келіншектер

Қазіргі дамыған заманда қыз-келіншектердің әскерге баруы таң қаларлық жағдай емес. Олар да бара береді, біз қызмет еткен кездің өзінде қазіргі кездей көп болмаса да, сол кездің өзінде әскерге баратын қыз-келіншектер болатын. Қыз-келіншектердің әскерге баруында тұрған ештеңе жоқ, тек олар ер адамдарға тән жаттығуларға, жұмыстарға төзе білу керек. Әскерде болсын, әскери қызметте болсын “сен ұл баласың  немесе қыз баласың, келіншектің, екі баланың анасысың”, - деген нәрсе жоқ. Әскерде шарт та, тәртіп те бір. Ешкімге, ешқандай да жеңілдік берілмейді. Дегенмен де әскерде медициналық жағынан, яғни әскери дәрігер, мейірбикелер өте көп.

Алғашқы әскери дайындық

Алғашқы әскерге дайындық пәні 1995 жылы қабылданған болатын. Бұл пән орта мектептерде, колледжер мен техникумдарда оқытылады. Қазақстанның әрбір азаматы әскери қызметтен тыс кезде атыс қаруының түрлерін, танкіге қарсы қолданылатын қаруды және т.б. әскери техниканы үйрене білу керек. Сонымен қатар, қарсыластың жалпы соғыс айла-тәсілдерін біліп, оның қандай қимылына болса да үрейленбей қарсыласып, жою әдістерін меңгеруі тиіс. Жалпы бұл пән балаларды, жастарды әскери-патриоттық тәрбиеге баулып қана қоймай, болашақта отан қорғаушының алғашқы дайындығын көрсетеді.

Әскерге шақырушылардың Отан алдындағы парызын өтеуге деген дайындығы

Әрине, Қазақстан Республикасын қорғау әр азаматтың парызы мен міндеті болып табылады. Әскерге бару да әрбір ер-жігіттің міндеті болып табылады. Дегенмен де денсаулығы жарамай қалатын жастар да болып жатады. Әскерге аттанғалы жатқан болашақ отан қорғаушы бірден әскерге аттанып кетпейді. Алдымен, отан алдындағы борышын өтеуі тиіс жастардың денсаулығы жарамды, жарамсызы туралы тексеріледі. Әскерге көбінесе денсаулығы мықты, сауатты, спортпен шұғылданатын жастардың іріктелетіні бәрімізге де мәлім. Медициналық тексерістен өткеннен кейін ол отан алдындағы ант қабылдағанша ол жас сарбаз әскерде дайындығын жұмыстарын жасап, барынша дайындықтан өткеннен кейін барып қана ант қабылдайды. Сондықтан, осындай этаптардан өткен сарбаз Отан алдындағы парызын өтеуге толықтай дайын болады.

Генерал-майордың жастарға айтар ақыл-кеңесі

Әрбір ата-ана кішкентай шағынан бастап балаларына барынша назар аударып, оны төзімділікке үйретуі тиіс. Қыздарға ұқсаған, жігіттік намысты білмейтін жігіттерді де көріп жүргеніміз сізге де, бізге де белгілі. Ол ата-ананың қателігінен болды деп есептеймін. Сондықтан, кеш болмай тұрған кезде әрбір ата-ана әсіресе ұл өсіріп отырған жандар балаларының патриот болуы үшін, отанын қорғауы міндетті екенін үйретуі керек, олардың миссиясы осы. Ал жастарға айтарым, аянбай еңбек етіп, білім алу керек. Білімі бар, еңбек еткен азамат, азаматша ешқашан жаман болмайды. Біздер, ата-бабамыз аңсаған жерімізді, елімізді әрдайым қорғауымыз керек. Сөз соңында, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының мына сөзімен аяқтағым келіп отыр. Қазіргі жастар — ертеңгі болашақтың іргетасы, кемел келешектің иесі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін