Мамандардың айтуынша, халықтың салт-дәстүрі мен рухани мұрасын бала тәрбиесіне енгізу оның психологиялық дамуына да оң әсер етеді.
Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі ұлттық құндылыққа негізделген бала психологиясының маңызы қандай? Қазақы тәрбиенің бала санасына әсері қалай байқалады? деген сұрақтарды педагог-психолог Ғалия Ахметқызына қойып көрген еді.
Қазіргі жаһандану дәуірінде бала тәрбиесіндегі халқымыздың салт-дәстүрі мен ата-баба мұрасының маңызы қандай? Бұл баланың тұлға болып қалыптасуына қалай әсер етеді?
— Жалпы бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтың маңызы өте жоғары. Біздің ата-бабамыз бала психологиясын өте жақсы біліп, мықты жүйемен тәрбиелеген. Біздің салт-дәстүріміз де баланың тұлға болып қалыптасуына нағыз қайнар көз. Мысалы, «қызды қырық үйден тыю» дегеннің өзін қазір басқаша бұрмалап, «қыз өзі біледі» деген түсінік шығып жатыр. Ашық болу керек екен деп үлкенге құрмет, кішіге ізет, үлкеннің сөзін бөлмеу деген сияқты өте маңызды ұғымдарды әдепсіздікке балап, шетелдік психологияны жастарымызға дәріптеп жатқандар өте көп. Қызды қырық үйден тыю деген — ол бойжеткенше кері байланыс бере отырып, жақсы мен жаманды айырып үйрету. Ол өте маңызды дүние. Ал қазір қыз баласының ойын ашық айтуды әдепсіздік арқылы көрсетіп жатқан, өз тамырынан үзуге тырысып жатқан ата-аналар өте көп. Еуропа жаһандану үрдісінің арқасында қандай нәтижеге жеткенін көріп отырмыз. Дәстүрлі наным-сенімдерінен, отбасылық құндылықтардан бас тартқан кезде ұлт ретінде жойыла бастады. Бірінші орынға материалдық жетістіктерді қойып, отбасы құндылықтары құлдырай бастады. Баланың бойына қандай да бір моральдық құндылықтарды сіңірмегендіктен жастар тез адаса бастады. Өкінішке қарай, біздің халқымызда да осы үрдіс байқалады. Сол себепті ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жобалар көп болса деймін. Өзім де психология саласында ата-аналарға баланы барынша салт-дәстүрімізге, ұлттық дүниетанымға сай тәрбиелеуде бағыт-бағдар көрсетемін. Біздің ұлттық құндылықтарымызда ешқандай да қате, әбестік, кемшілік жоқ. Бала тәрбиесіне қатысты қаншама методиканы оқып көрдім. Бірақ, ата-бабамыздан қалған жүйеден артығын тапқан жоқпын. Ата-бабамыз баланың пікірін тыңдаған, тұлға ретінде сыйлаған. Тіпті кей сәттерде дайды да шешуге мүмкіндік берген. Ал баланы адам құрлы көрмеу деген түсінік құдайсыздық дәуірінде келді.
Педагог-психолог ретінде ұлттық тәрбие деген ұғымды қалай түсіндіресіз? Оның бала психологиясына беретін әсері қандай?
— Қанша жерден жалпылама педагогика болса да кез келген ұлт өз тамырынан нәр алып, менталитетіне сәйкес тәрбие беру керек. Мысалы, америкалық тәрбие жүйесінде тым қатты еркіндік береді. Ал шектен тыс еркіндіктің де жақсылыққа апармайтынын көріп отырмыз. Қадағаланбаған, рухани тәрбие берілмеген баланың зиянды әдеттерге әуес болып, қылмыс жасау ықтималдығы өте жоғары. Ал совет үкіметінде керісінше қысым шамадан тыс көп, ал кері байланыс аяусыз болды. Балаға тым көп сын айтылып, оның маңыздылығын тек мектептегі бағамен өлшеді. Баланы іс-әрекеттегі, материалдық жетістіктегі нәтижеге қатты байлады. Ата-бабамыз мұндай жүйені қолданбаған. Ешқашан баланың өзіне деген сенімділігін түсірмей, орта жолды ұстанған. Үнемі қолдап, қолпаштап та, қатесі болса айтып та отырған. Жалпы әр халық өзінің салт-дәстүрінің аясында бала психологиясын, педагогикасын қалыптастыру керек.
Қазіргі уақытта балалардың көп уақыты әлеуметтік желіде өтеді. Осындай жағдайда ата-аналар баланың бойына ұлттық дүниетаным мен тәрбиені қалай сіңіре алады?
— Әлеуметтік желіде ұлттық ерекшелігімізге сай жобаларды көбейту керек. Мысалы, қазір балаларға арналған таза қазақ тілінде сапалы контент, танымдық хабар, анимациялық фильмдер жоқтың қасы. Сондықтан осы салаға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, көп контент түсірілсе деймін. Ақпараттық технологиялық заманда ұлт деңгейіндегі бұл мәселенің бірден-бір шешімі осы. Балаларды заман талабына сай смортфонсыз өсіру де мүмкін емес. Сондықтан әр ата-ана баланың тұтынатын контентін қадағалап, күнде жақсылық пен жамандық, әлемде болып жатқан үрдістер туралы әңгіме айтуы керек.
Халқымыздың үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, жауапкершілік сияқты қанға сіңген қасиеттері мен тәрбиелік қағидалары жоғалып бара жатқан жоқ па?
— Иә, жоғалып бара жатыр. Жоғарыда айтқанымдай, бұл — сырттан келген тәрбиеден шығып жатыр. Қазір қарапайым сөйлесудің өзінде ізет, жауапкершілік жоғалып барады. Әдепсіз сөйлеуді «тура айтады», «ойын ашық айтады» деп ақтап алады. Бұл ата-ананың баламен жұмыс істемеуінің, мектептердегі тәрбие сағаттарының дұрыс қолға алынбағанының жемісі деп ойлаймын.
Кей ата-аналар дәстүрлі тәрбие мен заманауи көзқарасты қатар алып жүруге қиналады. Осы екі бағытты қалай үйлестіруге болады?
— Қиналатындар өзінің тарихын, тамырын, ата-баба дәстүрін сыйламайтын адамдар деп есептеймін. Ондай адамдарда тәкәппарлық, еліктеушілік бар. Дәстүрдің пайдасын білмейтіндер ғана менсінбеушілкіпен қарайды. Өз пікірі бар адам — ұлтына, тарихына, салт-дәстүріне сай өмір сүретін адам. Кеше ғана келген медианың әсерінен «мынау дұрыс» дегенге кетіп қалмау керек. Тыйымдарды, ұлттық құндылықтарды зерттеп, мән-мағынасын біліп, сіз айтқан екі бағытты да қатар алып жүруге әбден болады.