Сандуғаш Сандыбаева, «Елбасы медалі» жобасының тәлімгері: Бұл жоба Елбасының бастамасымен құрылған ұлттық жоба - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сандуғаш Сандыбаева, «Елбасы медалі» жобасының тәлімгері: Бұл жоба Елбасының бастамасымен құрылған ұлттық жоба

Сандуғаш Сандыбаева, «Елбасы медалі» жобасының тәлімгері: Бұл жоба Елбасының бастамасымен құрылған ұлттық жоба

2020 жылдан бастап еліміздегі ең ауқымды  «Елбасы медалі» бағдарламасы іске қосылған болатын. 

  • 21 Шiлде 2021
  • 4924
Фото - Caravan.kz

Бұл қандай бағдарлама? Ол не береді, мақсаты қандай? Марапаттарға кімдер ие болады?

Осы және өзге де сұрақтарға Алматы қаласы бойынша «Елбасы медалі» жобасының тәлімгері Сандуғаш Сандыбаева жауап береді.

— Елбасы медалі жобасы туралы айтып берсеңіз? Не себепті Елбасы медалі деп аталады?

— Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 249 қаулысы негізінде бекітілген «Он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградтау қағидаларын» орындау мақсатында еліміздің ең ауқымды челленджі болып саналатын «Елбасы медалі» бағдарламасы  іске қосылған болатын. Бұл жоба жасы 14 пен 29 аралығындағы өр мақсатты Қазақстан жастарына арналған. Ондағы мақсат жастарды қоғам мен мемлекет өміріне белсенді қатысуға тарту болып табылады. Сонымен қатар, бағдарлама қатысушыларға өз қабілеттерін ашуға, өздерінің даму жоспарларын іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және қалыптастыруға көмектеседі.

Не себепті жоба «Елбасы медалі» деп аталады?  Себебі, «Елбасы медалі» бағдарламасы  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылып, бүгінде Елбасы академиясы қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып келеді. Бұл –ұлттық жоба. Әрбір мақсаты биік, талпынысы зор қазақстандық жас дербес, бәсекеге қабілетті, өзіне сенімді тұлға болып қалыптасып қана қоймай, өз уақытын бүгіннен бастап тиімді пайдалана отырып, болашағына білімі мен қабілеттерін жетілдіру арқылы инвестиция жасай алады.  

— Бұл жобаға тәлімгерлер қалай таңдалды немесе таңдалады?

— Әр қатысушыға бағдарламаға қатысу барысында оның жеке жоспарын әзірлеуге және деңгейлерді сәтті өтуге көмектесетін тәлімгер тағайындалады.

Тәлімгерлердің негізгі міндеттері келесідей:

  • Қатысушыға, қатысушының ата-анасы немесе қамқоршысына жоба туралы барлық сұрақтарына жауап беру, түсіндіру, консультация беру;
  • кез келген уақытта қатысушымен байланыс орнату;
  • қатысушы әр апта сайын тапсырған есептерді тексеру, қабылдау немесе қайта түзетуге жіберу;
  • бағдарламаға жаңадан қосылған қатысушымен әр бағыт бойынша СМАРТ мақсаты айқындалған жұмыс жоспарын дайындау;
  • қатысушыларды жігерлендіріп, мотивация беру.

Дәл қазір «Елбасы медалі» бағдарламасы  аясында Алматы қаласы бойынша 35 тәлімгер жұмыс жасап жатыр. Тәлімгерлерге қойылатын басты талап: жоғары білімді, жұмыс тәжірибесі бар және адамдармен жұмыс жасай алатын болуы қажет. Өз ісіне жауапкершілік, креативтілік, сыни ойлау, ұйымдастырушылық қабілеттер де маңызды, әрине.

— Қателеспесем, тәлімгерлерді қатысушылардың өздері таңдай ма?

Жобаның сайтында әрбір тәлімгер туралы ақпарат бар. Анкетасымен таныса отырып, қатысушы белгілі тәлімгермен жұмыс жасай алады. Бірақ көпшілік жағдайда, қатысушы сайтқа ұсыным қалдырғаннан кейін, тәлімгерлер өздері хабарласады.

Бағдарламаның мәні — қатысушының 7 бағыт бойынша мақсатты және жүйелі қызметіне негізделеді. Қатысушы тіркеледі, оған тәлімгер бекітіледі. Тәлімгер басшылығымен қатысушы 7 бағыт бойынша мақсаттарды анықтайды, тапсырмалар немесе бейнесабақтар алады және оларды орындайды, яғни бағдарлама талаптарын орындау арқылы жоспарланған мақсатқа жетеді.

— Медальдар қола, күміс, алтын болып бөлінеді. Ол медальдар қалай беріледі?

Бағдарламада үш деңгей қарастырылған: қола, күміс және алтын. Қатысушы барлық деңгейлерден біртіндеп өте алады немесе жасына сәйкес бірден жоғары деңгейге тіркеле алады.

Қола — 14 жастан асқан қатысушылар үшін, ұзақтығы 6 ай

Күміс — 15 жастан асқан қатысушылар үшін, ұзақтығы 12 ай


Алтын — 16 жастан асқан қатысушылар үшін, ұзақтығы 18 ай.

Қатысушы өз деңгейіне сәйкес бірнеше бағыттарды толығымен талаптарға сәйкес сәтті аяқтаса, медаль барлығына беріледі. Ең бастысы, бағдарлама салауатты өмір салтын ұстану, кітап оқу, қоғам өміріне белсенді ат салысу сияқты өмір сүрудің дұрыс негіздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

— Марапаттауға Елбасының өзі қатысты ма әлде алдағы уақытта қатыса ма?

Бүгінгі таңда Алматы қаласының өзінен 1000-нан астам жас азамат бағдарламаға қатысып жатыр. Олардың 90%-ы медаль иегерлері атанады деп сенеміз. Сонымен қатар, аталған жоба республикамыздың онға жуық облыстарында жүзеге асырылуда. Бұл деген қаншама қатысушы. Олардың барлығын Елбасы өзі марапаттай алмайды. Сондықтан жергілікті мемлекеттік органдар немесе жоба серіктестері марапаттау шараларын облыс не қала көлемінде ұйымдастырады. Бірақ, осы жылдың соңында Елордада республикалық жастар форумы ұйымдастырылып, ең үздік қатысушылар сол форумда марапатталады деп күтілуде. Елбасының өзі қатысуы да әбден мүмкін.

— Қазір жобада қанша қатысушы, қанша тәлімгер бар?

Жалпы жоба Қазақстан бойынша көптеген облыстарда, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары бойынша жобаның негізгі серіктесі – «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ болып табылады. Дәл қазіргі уақытта республика бойынша сайтқа 45 000 адам тіркелген. Алматы қаласы бойынша 1000-нан астам жас азамат бағдарламаға қатысуда. Ал өткен 2020 жылы «Елбасы медалі» бағдарламасы 11 мыңнан астам қатысушыны, 600 тәлімгерді, 17 аймақтық үйлестірушілер мен сарапшыларды қамтыды.

— Елбасы медалінің түрлі бағыттары бар, сол туралы айтып өтсеңіз.

Әрбір жобаға қатысушы 7 бағыт бойынша дамиды. Олар:

  • Спорт және дене шынықтыру. Бұл бағыт салауатты өмір салтын қалыптастыруға, физикалық денсаулықты нығайтуға, ерік-жігерді ұштауға бағытталған.
  • Дарын мен дағды. Бұл бағыт аясында қатысушылар өзінің сүйікті ісін табуға, жаңа қабілеттерді меңгеруге және өзіне деген сенімділікті арттыруға ықпал етеді.
  • Еріктілік бағыты жастардың бойында жауапкершілік сезімін, қоғамға деген көзқарасын қалыптастырып, мұқтаж жандарға көмек беруді үйретеді.
  • Туристік саяхаттар бағыты, ең алдымен, туған жердің тарихы мен табиғатын тануға, сонымен қатар, шынайы жағдайда өзін-өзі сынауға, саяхаттауды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
  • Кітап оқу – жеке тұлғалық ерекшеліктер мен сыни көзқарас, эмоционалды интеллектті дамытатын бірден-бір маңызды бағыт.
  • Ұлттық мұра – еліміздің тарихын, ділін, дінін, мәдениеті мен өркениетін зерттеуге, танып білуге, білімін жетілдіруге бағытталған.
  • Еңбек тәжірибесі тек алтын деңгейіне қатысушы жастарға арналған. Бұл бағыт алғашқы еңбек дағдыларын қалыптастырып, тәжірибе алуға мүмкіндік беретін жаңа бағыт.

— Жобаның алдағы жоспарлары туралы айтып өтсеңіз…

«Елбасы медалі» бағдарламасы – ұзақ мерзімге жоспарланған еліміздегі ең ауқымды челлендж. Бүгінде әрбір ата – ана баласына ең жақсы білім беруге, оны дамытуға және дарындарын ашуға, коммуникациялық дағдыларын жетілдіруге, жеңіске ынталандыруға және оның тиімді уақыт өткізуін қамтамасыз етуге ұмтылады. «Елбасы Медалі» жобасы осы мақсаттарға қол жеткізуде жастардың сенімді одақтасы болары анық. Алдағы уақытта жоба аясында көптеген оффлайн іс-шаралар, оның ішінде жастарға арналған тренингтер, тимбилдинг, фестивальдер мен түрлі волонтерлік акциялар ұйымдастыру жоспарда бар.

 

Соңғы жаңалықтар