Соңғы нұсқа қазақ тілінің жазылымына, оқылымына толық сәйкес келеді – Гүлфар Мамырбек - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Соңғы нұсқа қазақ тілінің жазылымына, оқылымына толық сәйкес келеді – Гүлфар Мамырбек

Соңғы нұсқа қазақ тілінің жазылымына, оқылымына толық сәйкес келеді – Гүлфар Мамырбек

Биыл 28 қаңтар күні латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды.

  • 16 Сәуiр 2021
  • 62
Фото - Caravan.kz

Аталған жаңа нұсқаның артықшылықтары қандай, оны жасау барысында нендей қиындықтар болды, әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстары бар ма?

Caravan.kz медиа порталы тілшісінің осы және өзге де сауалдарына филология ғылымдарының кандидаты Гүлфар Мамырбек жауап берді.

— Бұл нұсқа Ақорда сайтында жарияланды.Ұлттық комиссия мақұлдағаннан кейін әліпби халық талқысына шығарылды. Дегенмен ол жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде қоғам тарапынан кейбір таңбаларға қатысты сын пікірлер айтыла бастады. Қазіргі таңда орфографиялық жұмыс тобы 2-3 мәрте отырысын өткізді. Соның ішінде қазіргі кезде кейбір әріптерге қатысты талқылаулар жүріп жатыр.

— Нақты қандай таңбалар бойынша екенін айта кетсеңіз.

— Нақты айтқанда «ң» таңбасына қатысты, содан кейін «і» дыбысының таңбасына қатысты, «ы» дыбысы мен «и» дыбысының таңбасына қатысты талқылаулар жүріп жатыр дәл қазір.

— Айтыңызшы, бізде қазір қандай нұсқа шықса да, қоғам бәрібір сыни пікірлерін айтатын сияқты. Яғни, елдің толық көңілінен шыққанша түрлі нұсқалар қарастырыла бере ме, әлде тоқтайтын кезі бола ма?

— Дұрыс айтасыз. Негізі әлемде идеал дейтіндей әліпби болмайды. Әліпби бұл таңбаларды жазудың дыбыстардың шартты белгілері ғой. Дыбысқа бір таңба арнау. Сондықтан бір әліпби ұсынған кезде он адам отырса он түрлі пікір айтады. Біреуіне мына таңба ұнамауы мүмкін, екіншісіне басқасы ұнамауы мүмкін. Қазір ғалымдар осы әліпбиді жетілдіріп, тағы ұсынса, қоғам оны тағы да сынайды. Менің ойымша, ғалымдардың пікіріне құлақ асып, билік те, басқалары да ғалымдардың шешіміне бағыну керек. Бірақ өкінішке орай олай болмай тұр. Жалпы айтқанда барлығы араласып жатыр. Тек саяси шешімді тезірек шығару керек. Ал саяси шешім президенттің қолында.

— Нақты нұсқа енгізілгеннен соң алғашқы жылдары қолдану барысында түзету кезеңдері болады, ол қанша жылды қамтуы тиіс, оның белгілі бір мерзімі бола ма?

— 2018 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен акут нұсқа бекітілді ғой. Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы оның артықшылықтары мен кемшіліктерін практикалық тұрғыда өткізді. Бірақ тәжірибеден өткізген кезде қоғам тарапынан кемшіліктері туралы сын айтылды. Ол сын өте дұрыс болды. Себебі, ол әліпбиді ғалымдар жасамаған болатын. Оның ішінде жазылымға да, оқылымға да сәйкес келмейтін таңбалар болды.Содан Президент ғалымдардың пікірін назарға ала отырып, ғалымдар, тілші мамандар мына акут әліпбиді жөндесін деп тапсырма берді. Содан бері де бір жарым жыл өтті. Бір жарым жыл ішінде орфографиялық жұмыс тобының ғалымдары, жазу теориясының мамандары әр әріптің графикалық тұрпатын, фонетикалық мазмұнын сараптаудан өткізіп, жетілдірілген әліпбидің нұсқасын жасап шықты. Оны ұлттық комиссия да, ғалымдар да мақұлдады. Бірақ сонда да ондағы кейбір әріптерді өзгертуге ықпал етіп жатқандар бар. Дегенмен жетілдірілген нұсқа егер Президенттің Жарлығымен еніп кетсе, онда барлық қоғам бағынуы керек деп ойлаймын. Өйткені ғалымдардың пікіріне құлақ асу керек, әлемде барлық жерде солай ғой. Мысалы, электрик өз жұмысының маманы. Мен оған барып ақыл айтпаймын ғой. Сол сияқты әр саланың өз маманы бар. Сол маман ұсынды ма, соған барлық қоғам сену керек. Әрине, бұған дейінгі ғалымдарсыз жасалған нұқсаларда кемшіліктер болды. Ал енді осы жетілдірілген нұсқа, Ақорда сайты жариялаған нұсқа толығымен қазақ тілінің жазылым, оқылымына сәйкес.

— Жалпы ең үздік нұсқа осы дейсіз ғой

— Өте үздік нұсқа, қазақ тілінің жазылымына сәйкес нұсқа осы. Ғалымдардың 95 пайызы қолдап, ұсынып отыр. Тек «ң» дыбысына қатысты ғалымдар тильдамен (~) берген дұрыс шығар деп ойлап отыр. Себебі, Ақорда сайтында жарияланған нұсқадағы «ң» (ŋ) дыбысы «сирағы бар, пілдің тұмсығы сияқты» деп елдер мазақ қылып, шығарып алды ғой. Ол фонетикалық таңба. Ғалымдардың оны алған себебі, біріншіден бізде «н» мен «ң» ды ажырата алмайтын адамдар көп. Сол себепті (ŋ) таңбасы екенін білдіру үшін сол таңба алынған болатын және қолды үзбей дұрыс жазу үшін әрі қазіргі кирилдегі нұсқасын адам санасында қалдыру үшін, осындай лингвистикалықы негіздерін басшылыққа ала отырып таңбалаған болатын. Бірақ, Ақорда сайтына жарияланғаннан кейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің басшылығымен орфографиялық жұмыс тобымен клавиатураға байланысты жиналыс өткізген болатын. Сол кезде осы «ң» (ŋ) таңбасының бас әріпіне қатысты, шрифтерде, дизайнда проблема болатыны, егер осы әліпбиде жарияланған аяғы бар энг (ŋ) таңбасының тұрпатын қабылдайтын болсақ, қаржылық қиындықтар болатыны, уақыт кететіні жақсы айтылды. Сол жағынан Мусин мырзаға өте риза болдым, сондай жанашырлықпен қарап, әр әріпті түсініп отырғанына. Сол сынға байланысты біраз талқылаулар жүрген. Әрине, қазір айтамыз ғой тілді компьютерге икемдемеу керек, компьютерді тілге икемдеуіміз керек деген сияқты патриоттық ұрандар айтыла береді. Ал шындығына келгенде қазір техниканың заманы. Сондықтан лингвистикалық себебі күшті бола тұрғанымен техникалық қиындықтар және уақыт жоғалтпау үшін тильда (~) (Ñ ñ) дұрыс деген шешім қабылданып отыр. Ал енді басқа әріптерге менің ойымша тиіспеу керек.


— Осы нұсқаларды талқылау барысында терминология саласы бойынша қандай қиындықтар болды?

— Қазір бір кирилде 42 таңба қолданып отырсақ, латынға көшкенде 31 таңба қолданамыз. Сонда ар жақта 11 таңба жоқ. Мысалы: ц, щ,э, сияқты таңбалар жоқ. Біз барлығын осы күнге дейін орыс тілінің орфографиясы бойынша жазып келе жатырмыз. Орыстар қалай жазса, КСРО құрамында болған, кирилді пайдаланған барлық елдер солай жазып келдік.Енді осы таңбалар жоқ сөзді жазуда қарама-қайшылықтар болуы мүмкін. Мысалы, орфографиялық жұмыс тобының ғалымдары «полиция» деген сөзді «polisia» деп таңбалауды дұрыс деп тауып отыр. Бірақ енді 21 ғасырда ұлттық әуезділікті сақтау керек дейтін ұстанымдағы ғалымдар шоғыры бар. Олар «пәлисиә», «кәмүніст» деп жазу керек деген сияқты ұтанымда. Бірақ орфографиялық жұмыс тобының ғалымдары қазіргі ұрпақтың тілі 20 ғасырдың басындағы ұрақтың тілімен бірдей емес, өйткені үш тілді қоғам, өзі тілін шала білетін қазағымыз бар, ағылшын тілі жайлап келе жатқан қоғам, сондықтан құрмаластық болу керек қой. Сол үшін термин сөздерді олай түбегейлі сындырып жіберіп жазуға болмайды, кирил санадағы, кирилмен сауат ашқан халықты да ойлауымыз керек деген ұстанымды басшылыққа алып отыр.

— Кірме сөздерді өз тілімізге бейімдеу 40 жылға дейін болды. Одан кейін неге тоқтап қалды?

— Себебі, 20 ғасырдың 30 жылына дейін араб жазуын қолдандық. Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы енгенге дейін бізде жазба тіл ортақ түркі жазуымен пайдаланды. Бүкіл түркі халықтарына ортақ тұрғыда жалғу, жұрнақ болды, барлығы «адамуар», «үйдің» емес «үйінің» деп ортақ сипатта жазды. Анау көне түркі жазуының сипатын сақтады. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы 20 ғасырдың 30 жылдарында әр ұлт өзінің ұлттық тілдік ерекшелігіне орай жазу керек деп, өзінің төте жазуын ендірді. Ол төте жазу енгізген кезде құрамында 24 таңба болды. Оны араб жазуы негізінде құрастырып шықты. Сол 24 таңбамен орыс тілінен енген сөздерді қазақтық әуезбен жаздық. Сол кездің өзінде терминдер үлкен проблема болды. Мыслалы: коммунист деген сөздің өзін кәмүніст, комуніст деп әр түрлі жазылды. Бір сөздің өзінің 5-6 варинат жазылымы болды. Сол кезде 1926-29 жылғы конференцияларды осы жазуды бірізділендіру мәселесі жоғары деңгейде көтерілді. 1929 жылы біз латынды қабылдадық. Ол кезде 29 таңба болды. Ол да ұлттық негіздегі әліпби болды. Кірме сөздерді таңбалайтын белгілер болған жоқ. Онда да термин сөздерді, кірме сөздерді қазақ тілінің әуезділігіне орай сындырып жаздық. Бірақ 38 жылы «ц» ны «х» ны енгізу мәселесі көтерілді. Өйткені орыс тілінен енген сөздер өте көп болды. Оларды әр түрлі тұрпатта жазу проблемаға айналды. Осылайша 38 жылы «ц», «х», «в» әріптерін енгізді. Одан кейін кирилді қабылдадық . Оның 42 болып қабылданып кетуі орыс әліпбиіндегі таңбалардың саны 33, соның бәрін толық қабылдап,өзіміздің төл дыбыстарымызға тағы таңба арнадық. Сонымен ол 42 болып шықты. Осы жерде кеңестік кезеңдегі әріп ауыстырудың басты мақсаты бағындыру ғой. Сондықтан орыс тілінен енген сөздердің барлығын орыс орфографиясымен жазу керек деген ұстаным болды. Сондықтан орыстар қалай жазса бізде солай жазып, кірме сөздерді өз тілімізге бейімдеу тоқтап қалды. Енді қайтадан латынға көшер кезде 31 таңба алып отырмыз. Өйткені «h» дыбысы ол баяғыдан араб жазуынан келе жатыр, «х» да араб жазуынан келе жатыр, одан кейін «в» бар. «В» ны алып тастай алмаймыз. Өйткені «в» дан басталатын кірме сөзерді «у» не «п»-ға игеру мүмкін емес екен. Өйткені қазір ақпараттар ағыны, тілдердің байланысы, ағылшын тілінің басымдығы деген сияқты нәрселерді де ғалымдар басшылыққа алып отыр.Сондықтан бәрін шағып тастап, кірме сөздердің бәрін сындырып, тілге иекемдеп жіберу мүмкін емес екен.

— Дегенмен көптеген кірме сөздер қазақ тіліне бейімделе түседі ғой?

— Әрине, мысалы енді «ц» әрпі жоқ оны «s» әрпімен «sirk» деп жаза береміз. Жалпы алғанда көп сөздер игеріледі. Бірақ в,ф,х- ға байланысты сөздер әзірге толықтай сындырылмайды. Мысалы автор, аvtоr деп жазылады, монитор monitor деп жазамыз.

— Әліпбидің енуіне қарсы болғандар ұлттық құндылықтар жойылады деген пікір айтты, оларға не айтасыз?

— Ешқандай ұлттық құндылықтар жоғалмайды. Біз анау 18-19 ғасырдағыдай компьютер дамымаған, техника дамымаған заманда отырған жоқпыз. Қазір техникалық тұрғыда бәрі оңай. Қазір санаулы секунда-ақ бүкіл кирилицаны латынға аударып береді. Ол қазір конвертер жүйесі «Тіл-қазына» сайтында тұр. Сондықтан ұлттық құндылықтар, кирилмен жазылған кітаптарымыз жойылып кетеді деуге ешқандай негіз жоқ. Оны ойлаудың өзі күлкілі.

Рахмет.

Соңғы жаңалықтар