Тілмен түсіндіре алмайтын жайтты, бимен жеткізуге болады – Сәуле Жұмашкенқызы - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тілмен түсіндіре алмайтын жайтты, бимен жеткізуге болады – Сәуле Жұмашкенқызы

Тілмен түсіндіре алмайтын жайтты, бимен жеткізуге болады – Сәуле Жұмашкенқызы

Бидің де өз үні, өз тілі болады. Би - талғамды қажет етеді. Тілмен түсіндіре алмайтын жайтты, бимен жеткізуге болады.

  • 12 Наурыз 2019
  • 629
Фото - Caravan.kz

Балалар шығармашылығындағы би әлеміне қатысты көпшілікке кеңес ретінде Caravan медиа-порталының тілшісі Қапшағай қаласындағы орта мектеп-гимназияның хореограф мұғалімі Талғат Сәуле Жұмашкенқызымен сұхбаттасты.

Биде де аса терең философиялық ой жатады. Британдық маман Х.Эллис би арқылы екі адам бір-біріне қуатты физиологиялық импульс бере алады десе, келесі бір мамандар дене қозғалысының астарында жан қозғалысы жасырынып жатыр дегенді айтады.

— Би өнерінің адам өміріне пайдалы деп жатады. Осы тұрғыда айта кетсеңіз.

— Би өнері — ішкі рухани әлемді ашады, адамды сұлулыққа тәрбиелейді, игі қасиеттерді оятады, адамгершілік идеяларды насихаттайды. Адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер — оқушылардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыратын жеке тұлғаның қалыптасуына хореографияның әсері ерекше. Рухани байлықпен қатар бишілердің дене бітімдері әдемі , жүрістері сымбатты болып, сұлулықты насихаттап тұрады десем артық айтпаймын.

Ата-аналары жастайынан биге алып барған балалардың сүйектері басқаларға қарағанда 5 пайызға берік болады екен. Ғалымдар жүрек-қан тамырларында ақау бар науқастарға зерттеу жүргізеді. Бишілерде қандағы оттектің мөлшері 18%-ға, дене шынықтыру мамандарында 16%-ға көбейген.

Би сағатына шамамамен 400 ккал энергияны жоқ қылып жібереді.

Бес айлық және екі жас аралығындағы сәбилер музыка ритміне сай қозғалыс жасау қабілетіне ие. Керек десеңіз, әуен оларға қарапайым сөйлеуден де қатты әсер етеді.

— Би өнерінің қанша түрі бар?

— Би үш топқа бөлінеді: ұлттық билер (қара жорға, лезгинка, фламенко, гопак т.б.), банальді классикалық (вальс, танго, румба), заманауи (рок-н-ролл, брейк, сахналық балет т.б.)

Ең танымал ол классикалық би — балеттің негізі. Станоктағы жаттығулар, сыныптың ортасындағы жаттығулар , партерлік "жерде жасайтын" жаттығулар, «adagio» "жай темппен орындайтын жаттығу", allegro" секіру — жылдам темппен " орындау. Өзіме қатты ұнайтыны да осы классика сабағы.

Халықтық "народный " дейміз , ішінде тағы бірнеше түрге бөлінеді. Жаңағы классикалық би сияқты. Бірақ, ол жаттығуларды неше түрлі халықтардың характерімен орындаймыз . Өте әдемі сабақ десем болады.

Спорттық бал биі. Бұл ішінде тағы екі бөлімнен тұрады : европалық және латино. Европалық — ырғақты вальс, венский вальс, фокстрот , квикстеп, танго. Латино-самба, румба, ча-ча-ча, джайв, пасадобль. Бұл билер эстетикалық аристократтық сезім береді.

Твист биі. Бұл би үшін серіктің қажеті жоқ, кез келген адам жалғыз билей алады. Қозғалыстары да қарапайым, қожетімді келеді. Чебби Чеккердің "Let's Twist Again" хиті Америка мен Еуропаның барлық елдерін тез уақыттың ішінде жаулап алған.

Заманауи бидің де неше түрлісі бар! Крамп, брэйк, локи, q-pop, джаз, модерн, контемпорари, хип-хоп, джаз-фанк, хаус, тверк, дэнсхолл, гоу-гоу т.б.

Шығыс биі. Оның да бірнеше түрлері бар. Египеттік, өзбектік, түріктік, ливандық, персиялық, трайбл т. б.

Эстрадалық би. Көркемделген би, сценка — би десем де болады. Эстрадалық би барлық билерді театралдық қойылымда біріктіреді.

Үнді классикалық биінде белгілі бір сезімді жеткізу үшін көз ғана емес, қас та, ерін де, мұрын да, бет те, иек те, құлақ та қимылдайды. Бұл бет бұлшық еті үшін таптырмас жаттығу бола алады.


Ең әдемі ҚАЗАҚ БИІ – бишінің қозғалысы мен дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін ұлттық сахна өнері. "Қаражорға ", "Қамажай", "Саяхатта”, “Алатау баурайында”, “Жайлауда”, “Аққу қыздар” “Кілемшілер”, “Жігіттер биі”, “Бүркітші”, “Қос алқа”, “Асатаяқ”, “Биші қайың”, “Шолпы” т.б бидің түрлері өте көп.

Заман бір орында тұрмайды. Жаңадан шығып жатқан билер де аз емес.

— Балалар бидің қай түріне көбірек келеді? Қазіргі таңда шетелден келген би түрлері де көп. 

— 2014жылы мен оқу бітіріп жұмысқа кіргенде балаларды заманауи билер қызықтыратын. Уақыт өте келе талғамдары өзгере бастады. Біреулер халықтық билерді үйренгілері келеді, ал кейбіреулер қазақ биді таңдап жатады. Талғамда шек жоқ.

— Жалпы би өнерін үйрену үшін қанша уақыт алады? Бір билеп үйренген бала үнемі биге қатыса бере ме? 1, 2, 3 жыл дегендей…

— Барлық бала бірдей емес. Сол себепті әр адамға әр қалай . Мысалы, бір топта бір бала тез қабылдап алады. Техника жағынан да характер жағынан да. Біреулер дұрыс істей алмайды. Бірақ характерін жақсы беріп тұрады. Енді баяу қабылдайтын балалар қай жағынан да артта қалып қойып жатады. Ол үшін сабырлық пен уақыт керек. Нақты бір уақытты атап көрсету қиын.

Менің ойымша, баланы кішкентай кезінен дамыту керек. Ритмика, пластика, техникаға көңіл бөлу керек. Мен өзім 2 сыныпта би өнерімен танысып, осы салада жүргеніме дән ризамын.

-Топқа қатысушы балалар жас ерекшеліктерімен бөлінуді қажет ете ме? Баланы қанша жастан бастап берген дұрыс деп санайсыз?

— Ия, әрине бөлу керек. Жас ерекшеліктеріне қарай балалардың денесіне ауыртпалық түсірмес үшін тапсырмалар беріледі.

Сол себепті үлкен, орта және кіші топ деп үшке бөлеміз. Баланы 3-4 жасынан бастап үйреткен дұрыс. Әр ата-анаға баланы ритмика сабағына қатыстырып, икемін анықтауларына өтініш берер едім.

— Баланы бидің қай түріне берген дұрыс деп айта аласыз? Қандай кеңес берер едіңіз?

— Мынау дұрыс, мынау бұрыс деп айта алмаймын. Бірақ өзім баламның икемін байқасам, эстрадалық биге беретін едім. Өйткені бұл бағытта бүкіл бидің түрлерімен таныса алады, жан жақты биші болады. Бұл енді бұл тек өз ойым.

Балалар шығармашылығында ата-ана баласының болашағына, еркін өсіп-жетілуіне, ой-өрісі мен санасының қалыптасуына алаңдайтыны сөзсіз. Балаға не үйретсек, соның нәтижесін көреміз.

Сондықтан өнердің қай түрі болмасын бәрі де бала үшін маңызы зор. Қазір дамыған, жаңарған заманда бала үшін де, ата-ана үшін де бәрі оңай. Тек бір кеңесім, қай өнерге берсеңіздер де баланың өзімен санасқанды жөн деп санаймын. Өнерге зорлықпен келген бала да, оған білім үйретер ұстаз да қиналады. Түптің түбінде аяқсыз қалған дүние болары айдан анық.

Балалардың болашағы сіз бен біздің қолымызда!

Сұхбаттасқан Назира Абсаттарова

Соңғы жаңалықтар