Токио Олимпиадасына баратын жігіттердің дайындығы жаман емес - Біржан Жақып - kaz.caravan.kz
  • $ 445.66
  • 474.58
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Токио Олимпиадасына баратын жігіттердің дайындығы жаман емес - Біржан Жақып

Токио Олимпиадасына баратын жігіттердің дайындығы жаман емес - Біржан Жақып

Токиода өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына аз ғана уақыт қалды. Әзірге аталған дүбірлі додаға жолдама сарапқа салу жалғасуда.

  • 11 Наурыз 2020
  • 173
Фото - Caravan.kz

Қазіргі кезде Иорданияның Амман қаласында бокстан Азия/Океания аймақтық іріктеу турнирі өтіп жатыр. Аталған жарыста еліміздің ұлттық құрамасы қалай өнер көрсетті, жалпы командамыздың алдағы Олимпиада ойындарына деген дайындығына, әлеуетіне қандай баға беруге болады?

Осы сауалдарға жауап алу үшін Caravan.kz медиа-порталы қазақ боксшылары арасында үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан жалғыз боксшы, әлем чемпионы Біржан Жақыповтың пікірін тыңдап көрді.

— Жалпы бокстан ұлттық құрамамыз Токио Олимпиадасына лицензия алу үшін өткен іріктеу турнирларын қалай өткізіп жатыр?

— Құдайға шүкір жаман емес. Жігіттердің ойлаған мақсаты орындалды деп ойлаймын. Ол жердегі ең басты мақсат — Токио Олимпиадасына лицензия, яғни жолдама ұтып алу болған. Боксшыларымыз жолдаманы алды. Оның ішінде біреуі ғана ала алмай қалды. Дегенмен, оғанда әлі мүмкіндік бар. Толықтай мүмкіндік бар алдағы уақытта. Сонымен қазір ұлттық құрамада ерлер арасында 7 жолдама бар. Енді еш алаңдамай жүлде үшін таласуға болады. Бастысы жоспар орындалды. Бірақ осы турнирде болған қарсыластар әлі Олимпиадада тағы кездеседі. Сондықтан олармен барынша жұдырықтасып, ұтып алған дұрыс.

— Иә, жоспар орындалды. Дегенмен біздің ұлттық құраманың әлеуеті өзге құрамалармен салыстырғанда қалай көрінді?

— Дайындалғандары көрініп тұр. Жігіттер барын салып өнер көрсетті. Әлі де Олимпиа ойындарына дейін уақыт бар. Әлі де күш жігерін салып, жақсылап дайындалып, бұдан да жақсы өнер көрсету керек деп ойлаймын. Негізгі аяқ алысы жаман емес. Тыңғылықты әзірлік бар.

— Құрамада өзіңіз болған кездегімен немесе Мырзағали Айтжановтың кезіндегі құрамамен салыстырмалы түрде айтсақ қандай баға бере аласыз?

— Енді әр уақытта кемшіліктер болады ғой. Кейбір боксшылар бірінші кездесуде жақсы өнер көрсетеді де, келесі сайыста сәл әлсіз болып қалады. Оған әр түрлі жағдайлар себеп болып жатады. Спортшының жалпы көңіл-күйіне де байланысты болуы мүмкін. Себептері көп. Жалпы алғанда жаман емес, көңілімнен шықты. Жігіттердің арасында жастары да бар, тәжірибелілері де жетерлік. Бірақ әттегенайлары да бар. Өйткені бізде Қазақстанда бұлар сияқты жолдама алатын жігіттер көп еді. Бірақ, лицензия алу осы жігіттерге бұйырып тұр екен. Ал жалпы лайықты боксшылар елімізде көп. Ең бастысы ел сенімін ақтап, лицензияға қол жеткізді. Енді ары қарай өздерін қамшылап, жақсылап дайындалу керек. Өйткені дүбірлі додаға аз уақыт қалды.

— Жалпы осы жігіттердің ішінен нақты кім Олимпиада алтынын алады деп ойлайсыз?

— Енді тәжірибелі боксшылар Василий Левит бар, Нұрдәулетов Бекзат бар әлем чемпионы, Закир Сайфуллин бар тәжірибелі боксы. Жастар бар мысалы, Теміржанов деген жігіт, 69 келі де Абылайхан Жүсіпов бар. 75 келідегі Әбілхан Аманқұлов та жақсы өнер көрсетіп жүр. Жалпы бәрінен үміт күтуге болады.

— Негізі Токио Олимпиадасында жігіттеріміз қанша алтын алуы мүмкін деп болжайсыз?

— Ол жағын нақты болжай алмаймын. Кемінде бір алтын алуға міндетті ғой.

— Соңғы жылдары өзбек боксшыларының әлеуеті артып кеткені байқалады. Әсіресе Рио Олимпиадасынан кейін. Себеп неде?

— Себептері көп қой. Балалардың дайындығына да байланысты. Одан бөлек оларға жоғары жақтан қолдау болады деп ойлаймын. Судьялар тарапынан оларға ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ. Арасында кейбір кездері байқап қалдым, мысалы өзбек боксшысы үнділік қарсыласына ұтылып жатқан сияқты болды. Бірақ төреші өзбектің қолын көтерді.Яғни оларды әлі де қолдау бар.


— АИБА-ның тарапынан қолдау бар дейсіз бе?

— Иә, АИБА-ның тарапынан, судьялардың тарапынан қолдау бар. Мысалы 56 келі салмақтағы спортшылардың жекпе-жегін көрдім. Үндістандық боксшы жақсы өнер көрсетіп, ұтқан сияқты болды. Бірақ өзбек боксшысының қолын көтерді. Яғни қолдау бар бұл жерде. Әбден сенімді болып алған. Тек төбелеске барады. Әйтпесе олардың мектебі асып бара жатқан жоқ. Тек алға деп ашық айқасқа шығады. Ал төбелессе болды төреші солардың қолын көтереді. Көше төбелесі сияқты быт-шыт болып төбелесіп кетеді. Ол жерде біле алмай қаласың. Кімнің техникасы жақсы, кім әдемі өнер көрсетіп жүргені білінбейді. Тек алға ұмтыла берген адам жеңіске жетеді.Кейінгі кездегі өзбек боксшыларының мәнері сондай болып кетті. Қысқасы төбелестен басқа әдемі өнер көрсету қолдарына келмейді.

— АИБА алтындарды алдын ала бөліп қояды деген сөз қаншалықты шындық. Әсіресе Рио Олимпиадасы мен Азия ойындарынан кейін осындай сөз тарады.

— Енді біз жарысқа барғанда ондай нәрсені ойламаймыз. Тек жеңуді ғана мақсат етіп барамыз. Бірақ қазір қарасам ондай дүниелер бар секілді. Мен өзім қатысқан үшінші олимпиадада көзім жетті. Алдында өзбек боксшысы чемпион болады деген сыбыс шықты. Бірақ расында да сол жігіт чемпион болды.

— Жалпы қазақ боксына бүгінгі күні не жетіспейді?

— Қазір барлығы бар.Тек жақсылап дайындалу керек. Енді қателіктер, кемшіліктер қай кезде болса да болады ғой. Біз де сондай болды. Қанша жыл тәжірибеміз болса да сондай болды. Шаршап қалатын болсаң функционалды әзірлігіңді көтеру керек. Енді бізде рас техникасы жақсы болса да физикалық тұрғыда шаршап қалып жататындар бар. Біздің баяғыдан келе жатқан мәнеріміз ол — әдемі бокс көрсету. Ал енді көше төбелесі сияқты жұлқыса беру керек болса оғанда шыдайды біздің жігіттер. Бірақ біз техникасы жақсы классикалық үлгідегі әдемі бокс көрсетуді мақсат етеміз. Жаттықтырушыларымыз соған баулиды. Мүмкін өзбек боксынан айырмашылығымыз сол шығар.

Біржан Жақыпов әуесқойлар арасында 49 келі салмақтағы сан жылдар бойы еліміздің нөмірі бірінші боксшы болып, ұлттық құрамада өнер көрсетті. Бейжің, Лондон және Рио Олимпиадаларына қатысып, бақ сынады.  2013 жылы бокстан әлем чемпионы атанды. Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем кубогының қола жүлдегері, ҚР Президенті кубогының, Таиланд королі кубогының, «Химиктер кубогының» (кіші әлем чемпионаты) жеңімпазы. Спорттық карьерасын 32 жасында аяқтады.

Қазіргі кезде Алматыда Армияшылардың орталық спорт клубында (АОСК) бапкерлікпен айналысып жүр.

Соңғы жаңалықтар