Жарияланды: 560

Төлеген Сұлтанов, жаттықтырушы: Дзюдо күресінде жүрген бала үлкен мен кішіні және достарын сыйлау дегенді жақсы біледі

Төлеген Сұлтанов, жаттықтырушы: Дзюдо күресінде жүрген бала үлкен мен кішіні және достарын сыйлау дегенді жақсы біледі

Дзюдо қазіргі таңда өте танымал спорт түріне жатады.

Бұл спорт түрі жапондық өнердің бір түрі. Бүгінде бүкіл әлемге тараған аталған күрес жапон тілінен аударғанда «жұмсақ жол» дегенді білдіреді.  Бұл өнердің авторы Күншығыс елінің даңқты ағартушысы Дзигоро Кано. Аталмыш жаңалықтың мақсаты - өзін өзі қорғауда дене қимылдарына аяқ-қол әрекеттерін қосып, партерде қарсыластың тепе-теңдігіне тежеу қойып, нәтижесінде тырп еткізбей тастау.

Дзюдо қалай пайда болды? Дзюдоға баланы қай жастан берген дұрыс? Бұл спорт түрімен айналысу үшін не істеу керек? Кең тараған спорт түрі туралы толығырақ білу үшін Caravan.kz медиа порталының тілшісі белгілі спорт шебері, дзюдо жаттықтырушысы Төлеген Сұлтановпен сұхбаттасқан болатын.

 - Төлеген аға, алдымен біздің оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз...

- Мен, Сұлтанов Төлеген Оңтүстік астанада, яғни Алматыда туып өскенмін. 1967 жылы дүниеге келдім. Дзюдодан жаттықтырушы болып 1990 жылдан бері жұмыс істеймін. Балаларды тәрбиелеп, осы жұмыста жүргеніме 30 жылдай уақыт болды. Алматы қаласындағы Қазақ спорт және туризм академиясын тәмамдағанмын. Дзюдо, қазақ күресінен де күрестік, өзім спорт шебері болып табыламын. 1990 жылы академияны бітіріп, жұмысқа орналастым. Сол уақыттан бері жаттықтырушымын. Өзімнің шәкірттерім талай қуантқан болатын. Азия чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған оқушым бар, Қазақстан чемпиондары, дзюдодан спорт шеберлері бар. Жастар арасында Қазақстан чемпиондарын тәрбиелеп шығардық.

- Карантин кезінде жұмыстарыңыз тоқтап қалмады ма? Әлде карантин жаттығуға, дайындалуға ешқандай кедергі келтірмеді ме?

- Карантинде онлайн дегенге үйреніп, онлайнға көшкен болатынбыз. Балаларға жаттықтыруды, барлығын көрсеттік, үйреттік. Онлайн былай дайындалғанға жетпейді әрине, дегенменде қолдан келгеннің бәрін жасадық. Карантин кезінде Zoom деген бағдарламаны да көрдік, сол арқылы үйреткен болатынбыз. Негізі, балалар да онлайн арқылы жаттығуларын жасап, жасағандарын түсіріп, оны көрсетіп жүрді “Былай жаса, былай жаса”, - деген сияқты. Онлайн кезінде дзюдоға дайындық кезінде, онлайн дайындалғанда көбінесе күшке көп мән бердік. Сонымен қатар, жылдамдыққа көбірек көңіл бөлген болатынбыз. Турник, брус дегендер бар. Карантин кезінде солай жұмыс жасадық. Жаттығуға рұқсат бергеннен кейін далада дайындалып жүрдік, тоқтаған жоқпыз. Далада футбол ойнап, кейін кимоно киіп жаттығулар жасаған болатынбыз. Нақты айтқан кезде, карантин кезінде тоқтаған жоқпыз. Дзюдо күресі дүние жүзінде өте қарқынды дамыған спорт түрі. Танымалдық жағынан футболдан кейін екінші орында тұр. Адамдар көретін жағынан, мәртебесі жағынан өте қатты дамыған. Бұл дзюдо Жапониядан шыққанымен қазір Еуропа елдерінде жақсы дамып жатыр, олимпиада чемпиондары көп шығып жатыр. Бізде де қазақтар бар, олимпиаданың күміс жүлдегері Елдос Сметов бар. Дзюдода жылдамдық, жылдам әдіс керек. Сондықтан да карантинге де, ештеңеге қарамастан жұмыс жасай беруіміз керек.

- Дзюдоға баланы неше жасында берген дұрыс? Баласын дзюдоға беремін деген ата-анаға қандай кеңес берер едіңіз?

- Дзюдоға баланы 9-10 жастан беру керек. Ата-аналарға айтарым, балаларыңызды дзюдо күресіне беріңіздер. Дзюдо күресінде баланың физикалық күші реттеліп, бастысы ұжымда өскен бала жаман болып өспейді. Тәрбие береміз, тәрбиелі болып шығады бала. Ұжымда өскен бала, дзюдо күресінде жүрген бала үлкенді сыйлау, жанында жүрген достарын сыйлау дегенді жақсы білетін болады. Дзюдоист жапондықтарды көрсеңіз, “Сэнсэй”, - деп жаттықтырушыны еңкейіп тұрып сәлем береді.

- Балаларды қабылдар алдында бірінші кезекте не нәрсеге көңіл бөлесіз?

- Ата-ана залға балаларын ертіп алып келген кезде, бірінші кезекте баланың денсаулығына қараймыз. Бала ешқашан ауырмау керек. Әртүрлі әдістерді жасайды, құлауды үйренеді. Сол кезде баланың дене-бітімі де жақсы болғаны абзал. Баланың бәрі дзюдоға келе бермейді. Біреу боксқа келеді, біреу футболға келеді. Біреуінің дене-бітіміне қарасаң, біреуі дзюдоға, ал біреу күреске келіп тұрады. Ең бірінші кезекте, баланың денсаулығы мен діне-бітіміне қараймыз.

- Жаттықтырушының “Жарысқа бар да, жүлдесіз келме”, - деген бұйрығына қалай қарайсыз, бұл дұрыс па әлде бұрыс па?

- Жаттықтырушының “Жарысқа бар да, жүлдесіз келме”,  деген сөз баланың дайындығына байланысты. Балаларға олай өз басым айтып көрмеппін, сондықтан бірдеңе дей алмаймын. Жарысқа келген кезде, жеребе деген болады, әртүрлі нәрселер болады. Ең бастысы, дайындық. Дайындалып барған бала, өз деңгейінде күресіп, өз әдістерін жасап, күресін көрсетіп, орынға жетеді. Ұтып та қалады, ұтылып та жатады. Жиналып, жиналып, жылдан жасқа солай жетеді.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін