Тоқал алуға белдің күші мен қаражат жеткіліксіз. Тоқал алуға саясат керек – Арман Қуанышбаев - kaz.caravan.kz
  • $ 498.51
  • 522.84
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тоқал алуға белдің күші мен қаражат жеткіліксіз. Тоқал алуға саясат керек – Арман Қуанышбаев

Тоқал алуға белдің күші мен қаражат жеткіліксіз. Тоқал алуға саясат керек – Арман Қуанышбаев

Көп әйел алуға кемінде 15-20 жыл уақыт керек. 

  • 26 Қараша 2019
  • 15910
Фото - Caravan.kz

Қазіргі қоғамды толғандырып тұрған ажырасу, тоқал алу, тернинг сабақтардың шектен тыс көбеюі мен лотерея ойнату мәселелеріне қатысты Caravan.kz медиа-порталының тілшісі ҚМДБ РАНТ мүшесі, Кентау қаласы Балаби қарилық орталығының директоры Арман Қуанышбаев мырзамен сұхбаттасты.  

— Арман мырза! Қазіргі таңда тренингтер өте көп. Орамал тағатын, яғни, хиджабтағы қыздар арасынан арнайы сексолог мамандар өткізуде. Бұған дінде рұқсат бар ма?

— Тренингтердің түрлері де, өткізуші азаматтар да көбеюде. Діни маман ретінде айтарым, жақсы жағынан пайда тигізетін, адам өзіне керектіні алғаннан ешқандай зияны жоқ. Тренингтің бәрі дұрыс екен деп те бәріне қатыса беруге болмайды. Қатыссам, бәрі өзгеріп жетістікке жете қаламын, бай болып кетемін деуі қателік. Адам өзін өзгертпейінше біреуден бір нәрсе күту, бәрі бола қалады деуі де үлкен қателіктердің бірі. Тренинг адамды оятатын, жол көрсететін карта деп қабылдағаны дұрыс. Ең бастысы осыны түсінген жөн.

— Қазақстан бойынша бір күнде 150 жұп ажырасуда. Ажырасудың көбею салдары неден деп ойлайсыз?

— Қазіргі кезде ажырасу өте көп. Бұл мәселені басқа мамандар өз жағдайына қарай әр түрлі айта жатар. Өзім дін маманы ретінде ажырасудың себептерінің біріншісі, қоғамдағы мінез-құлық, тәртіптің дұрыс еместігі деп білемін. Екіншіден, ер мен әйелдің ара-қатынасындағы өте қатты өзгеше күйге, яғни, дін талабына сай емес күйге ауысып кеткендігі. Ер бала қыз баламен қол алысып, сүйісіп көрісуі де анайы, ерсі қылық. Және де қыз балалардың, әйелдердің өте ашық-шашық киінуі де өте үлкен әсерін тигізеді. Ер балалардың тәрбие мақсатындағы сол кісілермен жанұяда да, мектеп орындарда да жұмыс істемеуі, баланың ата-анаға құрметтің азайғындығынан. Бір жағынан ата-аналардың да ықпалы өте көп. Отау құрған жастардың отбасы мәселесіне көп кірісуі де кері әсерін беріп тұр.

Қазіргі қоғамға көңіліңіз тола ма? Балаға қандай тәрбие беруге кеңес бересіз?

— Қоғам 100 пайыз дұрыс болады деу қате. Кемшіліксіз дүние жоқ. Абай атамыз әу баста айтып кеткен қоғамдық дерттеріміз әлі де қайтты деп ойламаймын. Абай атамыздың айтып кеткендері актуальны. Абай феномені деп те атауға болатын шығар. Қоғамның бөлшегін әрбір адам құрағаны үшін, қоғамды түзеткісі келген адам өзін түзетсін, өзінің отбасын түзетсін.

Бала тәрбиесінде әр адам мұқият болғаны жөн. Ата-ана баласын тәрбиелегенде өмір сүретін құрал беремін деп тәрбиелегені дұрыс. Яғни, мен өмір сүргіздірем деп емес. Кейде ата-ана осы жерді ұмытып кетеді. Баласы үшін оқуды, мамандықты өзі таңдап қояды. Балаға ата-ана барлық таңдауды мен жасаймын демесе екен. Бұл таңдау бала үшін де, қоғам үшін де кері әсерін беріп жатады. Одан гөрі, балаға осы өмірде керек нәрселерді үйреткені әлдеқайда дұрыс. Мал табу ісін, мінез-құлық, көпшілікпен араласу, құрмет көрсету, Алланы ұмытпау, имандылық деген мәселелерді үйретсе. Көпшілігі баланың тек экономикалық жағдайын жасауым керек деп үлкен қателік жасайды.

— Жалпы дінімізде лотерея ойнау, ойнату харам делінген. Орамал таққан қыздарымыздың өзі лотерея ойнатып, қажылыққа жіберуде. Бұл қаншалықты дұрыс. Ол кісілердің қажылықтары қабыл бола ма? Яғни, харам нәрсемен жасалынған дүние ғой.

— Лотереяны ойнатып жатқан адам пайдасын көріп, ойнаған адам зиянын тартады. Шариғатта лотереяны ойнатқан да, ойнаған да, тіпті, ұтып жатса да, ол зиян болып саналады. Себебі, ол жерде басқа адамдар ұтылып жатады. Осы нәрсеге жіті көңіл бөлген жақсы. Лотерея адамды құмарлыққа итермелейді. Құмарлық дегеніміз адамның дерті. Оның салдарынан отбасының ажырасуы да болып жатады.

Лотерея дегенде жалпы үкім болғанымен жеке үкімдер де бар. Солардың біреуі, мысалы құран үйрететін орталық, хадис үйрету немесе адамға өте пайдалы нәрселер үйретуде сол билеттерді өткізу мақсатында адамдарды қызықтыруда өміріне пайдалы нәрсе алып жатса (пайдалы кітап, пайдалы ілім) онда ойнатудың ешқандай қателігі жоқ. Әйтсе де, шекарадан өтіп кетпегені абзал. Солардың бірі, қажылыққа билет алып жатса әбестік жоқ. Егер арам дүние, пайдасыз дүние болып жұртты жай ғана алдап, қалғандарының ақшасынан бір адам қажылыққа барып, қалғандары екі қолын мұрнына тығып қалатындай жағдай болса, әлбетте бұл қажылығы да, пайдалы ісі де шариғат жағынан ешқандай да құпталмайды.

— Саясатпен айналысу дінімізде бар ма? Онымен кімдер айналысады? Өзіңіз саясаттан қаншалықты хабардар болып отырасыз? 

— Саясат мәселесіне келер болсақ, өз басым шеттенуге әрекет жасаймын. Саяси пікірлер айтпауға тырысамын. Біріншіден, ол менің мамандығым емес, екіншіден, жеке басымның пікірі саясатты кір іс деп ойлаймын. Әйтсе де, саясаттан хабарсыз отырмаймын. Жан-жақты оқуға әрекет жасаймын. Болып жатқан мәселелерде қолымнан келетін қандай да бір дүние болса азаматтық міндетім ретінде қол ұшын беремін. Елімнің тыныштығы, жұртымның амандығы үшін аянбаймын. Ал, саясат үшін біреуді жақтау, қандай да бір ақша, қаражат, дүние үшін әрекет жасау дұрыс емес. Сол үшін, көп адамдар негізгі саясатқа әртістік рөлмен келеді. Жеке басының пайдасын ойлап, соның үстінен күн көруді ойлайды. Бұл істің барлығы шариғатымызда дұрыс емес іс болып табылады. Халықты алдау, елдің арасына іріткі салу, сенгіш халықты өз-өзіне қаратып алып, өзінің жеке басының пайдасын жұрттың пайдасынан, халықтың пайдасынан артық көру үлкен қателік. Мен осындай және басқа да себептерге байланысты саясатқа барынша араласпауға тырысамын.


— Діндарлар «бір-біріңді сыйлаңдар, жақсы көріңдер», – деп айтады, іс жүзінде бәрі бір-біріне қарсы. Жеп қоюға дайын", деп айтқан математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз. Мұндай жағдайда не айтар едіңіз?

— Мұсылман сенің қолыңнан да, өзіңнен де зиян көрмеу керек. Қазір өзім Республикалық ақпарат түсіндірме тобындамын. Қатерлі діни түсініктер, жұртты адастыратын діни мәселелерді айтуды өз басым парызым деп білемін. Өйткені елдің, діннің қызметінде болғаннан кейін өз қызметімді осылай орындауым деп түсінемін. Оны мен айтпасам, басқа кім біледі. Қателесіп, кейіннен опық жеп, есігімді қағып, білгеніңді неге сол кезде айтпадың дегеннен әлдеқайда дұрыс. Онан гөрі сол бір адамның қатесі болса, мына жері деп қателігі айтылады. Ешкімнің өміріне араласпаймын. Діни мәселелерде қателессе қателіктерді айту, түзету, еліміз үшін, қоғамымыз үшін, дініміз үшін ол менің атқаратын қызметім болғандықтан айтып жатамын. Кезінде айттым да. Діни теріс ағымды, өзге дін өкілдерін тыңдамаңыздар деп айтамыз. Себебі, дін алауыздығы болмаса екен, халықтың арасында түсініспеушілік болмаса екен деген ниетім бар.

Қазір қоғамдағы үлкен тартыстың бірі — тоқал алу мәселесі. Тоқал алғысы келген ер азаматтың көбі ақшаң болса алуға болады дегенді жалау етеді. Тоқал алу тек ақшамен шешілетін мәселе болғаны ма? 

— Тоқал алу мәселесінде ортаға байсалдылық керек деп ойлаймын. Біріншіден, оны мүлдем керек емес деп сызып тастау да қате. Өйткені, жалғызбасты әйелдер де, ерлер де көп. Олардың басын қосу жақсы іс. Екіншіден, көп алу шариғатымызда да, ата-бабамыздың уақытында да түпкі санамызда, менталитетімізде еш қарсылық жоқ еді. Соңғы жылдары қарсы шығып жатқандар бар. Асыра сілтеп жатқан жанұялар да кездеседі. Мысалы, тоқал алып сонымен бірге болып, әуелгісін тастап кетіп жатқандар бар. Немесе, алуын алып, күші жетпей жататындар да кезігеді. Яғни, күші жетпей дегенде, тек бел күш емес, қалтаның күші емес, екі әйелді бірдей, теңдей алып жүретін саясаттың күші жетпей, ер азаматтарымыз қайтадан бәйбішесіне оралып жатқандар да бар. Ол енді қоғам болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады. Әйтсе де, осының алдын алу керек шығар деп ойлаймын. Тоқал алуға тек қаражат, белдің күші бар деп тәуекел еткен дұрыс емес. Өйткені,пайғамбарымыз (с.а.с) ондай жағдайда саясатпен, жұмсақтықпен басқар деген. Пайғамбарымыз (с.а.с) өсиеттерінде «Сіздердің ең жақсыларыңыз, әйелдеріңізге ең жақсыларыңыз» деген. Және Сахих Бухариде «Сіздердің ең жақсыларыңыз, әйелдеріңіз көптеріңіз» деген хадистер де бар. Сол үшін көп әйел алуда тұрған ешқандай әбестік болмайды. Бірақ, соны алған адам жауапкершілігін сезінсе екен, осы іске бармай тұрып толыққанды ойланса екен деген ниеттеміз.

Жалпы біздің қоғам көп әйел алуды қабылдайды деп ойлайсыз ба? 

— Көп әйел алуға біріншіден, қоғамымыздың дайын еместігі. Егер ол қоғамға біртіндеп енетін болса, бұл жанұяларда тұрып көрген ұл-қыздар ертең бұны қарапайым қабылдай бастайды. Бұған кемінде 15-20 жыл уақыт керек сияқты.

Екіншіден, әйелдеріміздің тәрбие мәселесі. Әйел затының осы нәрсені, яғни, көп әйел алуды қабылдай алмай жатқандығы. Бұл да үлкен өзгерісті талап ететін дүние. 

Арман мырза! Сұхбатыңызға көп рахмет!