"Түрі жиіркенішті": Қазақ қызы асырап алған африкалық қызының тәрбиесі жөнінде айтып берді - kaz.caravan.kz
  • $ 515.25
  • 535.91
-9 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Түрі жиіркенішті": Қазақ қызы асырап алған африкалық қызының тәрбиесі жөнінде айтып берді

"Түрі жиіркенішті": Қазақ қызы асырап алған африкалық қызының тәрбиесі жөнінде айтып берді

Африкалық баланы асырап алып, бауырына басқан қазақ қызы Назгүл Ыдырысова желіге ерекше қызының видеоларын жиі жүктеп отырады. Блогер, елден түрлі сын пікірлер естейтінін айтты. Тіпті, хейт жазғандардың арасында «Хайп үшін бе?» «Түрі жиіркенішті» дегендері де бар екен.

  • 12 Сәуiр 2023
  • 14540
Фото - Caravan.kz

Блогер, кәсіпкер Назгүл Ыдырысова қара домалақ қызды асырап алуының себебін Caravan.kz медиа-порталы тілшісіне түсіндіріп берді.

— Өзіңіз көпбалалы анасыз, оның үстіне екі балабақшаңыз бар екен?

Блогермін, екі жекеменшік балабақшамыз бар, оқу орнында сабақ беремін, бас есепші болып та істеймін. Өзім көп балалы отбасында өстім. Өзім де көп балалы ана атанамын деп армандадым. Күміс алқаның иегерімін.

— Бала асырап алу туралы ой қайдан келді?

Перзентханада қасымда өзіммен қатар босанып жатқан 18 жастағы қыз өз баласынан бас тартқан еді. Осы жағдай маған түрткі болған шығар. Жүрегімде қалып қойды. Жолдасыма бала асырап алу туралы ойымды айттым. Ол кезде жағдайымыз соншалық керемет емес еді. Өзімізге аяққа тұрғаннан соң бала асырап аламыз деп сөз бердік. Сол сөзімізде тұрдық.

— Оқырмандарыңыз «Хайп үшін африкалық қыз асырап алды» деп жиі жазады. Бұған не дейсіз?

Әдейі басқа ұлттан асырап алған жоқпын. Оқырмандарым «хайп» деп айыптап жатады. Асырап аларда анкета толтырдық. «Қандай ұлттан болуы керек?» деген жерге «Айырмашылығы жоқ. Маңызды емес» деп жаздым. Баланы таңдар кезде «қазақ» деп-ақ тұрған еді. Балалар үйіне барғанымда «Негізінен бұл қыз қазақ емес. Ата-анасы бас тартып «үкіметтің баласы» болғаннан кейін қазақ деп жазылған. Әкесі – африкалық, шешесі – орыс. Сен ойланып көр. 14 күн уақытың бар» деді. Мен бас тартқан жоқпын. Себебі, Құдайдың бұйыртқаны деп қабылдадым. 3 айлығында асырап алдық.

— Қазір қазақша тәрбиеленіп жатыр ма?

Басқа тілді түсінбейді. Тек қазақша тәрбие алып жатыр. Өз емшегімнің сүтін бердім. Өзім өсірдім.

— Есімін кім деп қойдыңыздар?

Есімін Назэль деп қойдық. Мен 1 жасқа дейін инстаграмда көрсетпедім. Қазақстанда бала асырап алатындар баршылық шығар. Бірақ ешқайсысы ол туралы айта бермейді. Содан бала асырап алудың жолдарын, одан қорқатындай ештеңе жоқ екенін елге жеткізгім келді. Себебі өзім бала асырап алғым келген кезде маған жөн көрсететін ешкім болған жоқ.

— Қоғамның пікірі балаға әсер ететін шығар?

Кейбіреулері «Біреуден туып алғансың ба?» деп те жазады. Неше түрлі хейт естеймін. «Түрін көргім келмейді. Жиіркенішті» дейді.

Қазір кішкентай болса да, саусақпен көрсететін, сыртымыздан суретке түсіріп алатын елдер бар. Арнайы балабақшаға берермін. Бізде Америкалық мектептер бар. Соған беремін. Өзіне «Сен ең әдемісің» деп бойына сенім беруге тырысамын. Үйде ол ерекше екенін сезінбейді. Сыртқа шыққанда жұрттың өзіне деген көзқарасын бала болса да байқайды.