Жарияланды: 22900

«Ұлдарды қыз ретінде қолданып, зорлайтын»: Ауған қазағы ондағы қыздар мен ұлдарымыз үшін тәліптерден сескенетінін айтты

«Ұлдарды қыз ретінде қолданып, зорлайтын»: Ауған қазағы ондағы қыздар мен ұлдарымыз үшін тәліптерден сескенетінін айтты

Ауғанстаннан көшіп келген қандасымыз аталған елде қалған қазақ қыздары мен ұлдары үшін сұмдық күндер басталуы мүмкін деп алаңдап отыр.

Қазақстанда және өзге елдерде террористік ұйым деп танылған «Талибан» қозғалысының Ауғанстанды толық бақылауына алғанына біраз болды. Дегенмен бұл елдегі қандастар мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Алғашқыдай емес қазір тәліптер өз күшіне ене бастады, дейді Ауғанстаннан көшіп келген қандасымыз. Алматы облысының Қарасай ауданында тұратын Нәжімедин (аты-жөні өзгертіліп алынды) Оның пайымдауынша Ауғанстанда енді сұмдық жағдайлар орын ала бастауы мүмкін.

Бұл туралы ол Caravan.kz медиа порталына айтып берді.

- Жасым 42 де. Кеңес әскері Ауғанда болған кезде әлі бала болатынмын. Ол заманды да көрдім. Әкем саудамен айналысқандықтан ба бір жерде тұрақтамай елдің бірталай қалаларында болыпты. Балалық шағым Қандағар қаласында өтті. Атыс-шабыс, жаралыс дегенді өз көзіммен көргенмін. Ол кезде Қандағарда қанша қазақ болғанын білмеймін. Көп емес болса керек. Кейін Герат қаласына қоныстандық. Кейінгі жылдары Кабулға келіп өмір сүрдік. Мұнда біраз қазақтар болды. Біз Қазақстанға көшкенде әлде қалған болатын. Одан бері 10 жылдан асты. Бірен-саран жақындарым қазір Герат қаласының маңында тұрып жатыр. Нағашы інім мен қарындасым қалды. Бала шағасы бар. Қазір хабарласу қиындап кетті. Соңғы сөйлескенімде Иранға қарай кетуге қам жасап жатқанын айтқан. Жалпы Гератта қазақ көп емес.

- Америкалықтар келмей тұрып тәліптер билігі орнаған кез жігіттік шағыңыз екен. Сол кездегі жағдай туралы айтып беріңізші?

- Өте үрейлі күндер болатын. Талибандар ол кезде бәріне тиым салып тастады. Әкемнің отбасы үшін алаңдап үнемі дұға тілеп отыратыны әлі есімде. Бізді үйден көп шығармауға тырысатын. Әрине, ер балаларға көп алаңдай қоймады. Бірақ, қыздарымыз үшін қатты қорықтық. Өйткені тәліптер жасы келген бойдақ қыздарды, әсересе, өзге ұлттың адамдарына үстемдік жасайтын. Сарбаздарымызға тұрмысқа береміз деп тәліптердің көрші өзбек қыздарын алып кеткен жағдайлар болды. Қазақтардан да алыпты дегенді естідік. Шын мәнінде не істеді, қайда жіберді білмейміз. Ауғанстанда әр түрлі ру-тайпалар көп тұрады. Олар бірін-бірі мойындағысы келмейді. Әрқайсысының өз басшысы бар. Ең көбі пуштундар. Бұларда ең бір жаман дәстүр ұл балаларды «бачаға» айналдырады. "Бача" деген жас ұлдар қыз болып киініп билейді, елдің, байлардың көңілін көтеретін құралға айналады. Тіпті сол ұлдарды қыз ретінде қолданып, зорлайтын кездер де болып тұрады. Ауғанстанда қыз зорлау деген нәрсе негізі жоқ. Бірақ бача ұлдарды әлгіндей жыныстық қанағат үшін қолданатын салт әлі де бар. Кезінде тәліптерің осындай бачаларды көп ұстайтынын көргенбіз.

- Шыныңызды айтыңызшы мұндай жағдайға сондағы қазақтар да ұшырады ма?

- Қазақ балаларның ондай болғанын ол кезде де, қазір де естіген жоқпын. Негізі америкалықтар келгелі кейінгі үкімет «бача» дәстүріне тиым салған болатын. Бірақ ол ашық қолданбаса да кей жерлерде жасырын сақталған еді. Негізі тұрмысы нашар ауғандықтар кейде өздері ұлдарын бачалыққа бейімдейді. Өйткені бұл күн көріс қамы. Олар жиын тойда билеп, ақша табады. Қазір қайтадан билікке тәліптер келді. Қорқыныш тағы да үдей түсті. Осы «бача» дәстүрі енді қайтадан қолға алына ма, қыздарымыз не болады деп алаңдаймын. Ондағы туыстарымыз туралы ойлаймын.

- Ондағы жақындарыңыз қазір қалай күн көріп жатыр, білуімізше елді аштық жайлай бастады ғой?

- Олар да саудамен айналысатын. Бұрыннан жиған тергендері де бар болу керек. Артық үйден шықпауға тырысып отыр. Біздің көп туыстарымыз Гераттан ары Иранға көшіп кеткен. Тағы бір ағайындар араб жерінде Мекке-Мәдина жақта жүр. Олар да ертеде кетті. Тілдері аздап өзбекшеленіп кеткен. Иә, ауғандықтардың аштық жайлағанын естіп, біліп жатырмыз. Қорқынышты жағдай. Тәліптердің қандай заңдар шығарып жатқанын да естіп жатырсыздар ғой. Музыка тыңдауға болмайды, мектепке баруға болмайды. Әйелдер көшеде жүре алмайды. Жалпы бұл елде ешқашан соғыс бітпейтін сияқты. Шыны керек туған жерім болса да қайтып бармас едім. Өз уақытында көшіп кеткеніме шүкіршілік етемін.

- Ауған қазақтарының қолына қару алып, соғысқа қатысқан кездері болды ма?

- Болды. Тәліптер кезінде кейде сарбаз қылу үшін күштеп жігіттерді алып кететін кездері болды. Негізіген тәліптер жасағында өз еркімен жүргендер. Шыны керек бала кезімізде қару ұстаған адамдарды көріп қызығатынбыз. Мұндай жағдай барлығында болған сияқты. Өсе келе мұндай ойдан арылдым. Соғыс жақсы емес.

- Қазір олардың қолында америкалықтар қалдырып кеткен қару-жарақ түрлері көп. Көрші елдерге қауіп-төндіруі мүмкін деп ойлайсыз ба?

- Қайдам. Тәліптердің көрші елдерге күші жетеді дегенге себеймін. Ауғанстан кедей ел ғой. Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Бір білетінім бала кезімізде америкалық қарулар мен советтердің автоматтар болды. Сонда ең танымал автомат советтердің автоматы (Калашников- ред) болды. Америкалық автоматтар тез қызып кететін. Бала болсақ-та бәрін қолмен ұстап, атып көргенмін. Қазір тәліптер қолында қандай қару барын білмеймін. Ешкім қару ұстамай-ақ қойса екен.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін