Ұлттық аударма бюросы - қаржылай табысы жоқ мекеме: Рауан Кенжеханұлы барлық айыптауларға жауап берді - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ұлттық аударма бюросы - қаржылай табысы жоқ мекеме: Рауан Кенжеханұлы барлық айыптауларға жауап берді

Ұлттық аударма бюросы - қаржылай табысы жоқ мекеме: Рауан Кенжеханұлы барлық айыптауларға жауап берді

Оқулықтарды аударуға миллиард қаражат жұмсалатыны қаншалықты шындыққа жанасады?

  • 18 Қараша 2019
  • 1476
Фото - Caravan.kz

Осыған байланысты әлеуметтік желі дүр сілкінді.

Барлық айыптаулар мен сұрақтарға нүкте қою үшін Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы Caravan.kz медиа порталының тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.

— Бақытжан Бұқарбай мырзаның жазған постына байланысты, түрлі қауесеттерге байланысты баспасөз мәслихатын жасаған едіңіз. Қазақ тіліне аударылатын кітаптарға миллиард доллар кетеді деген әңгіме қайдан шыққан еді?

— Осы шыққан ақпаратқа байланысты өзім де қосымша түсініктеме бергім келген. Соны сіздердің сұрақтарыңызға жауап беру арқылы жасаудың реті келді.            

— Бұл әңгіме 13 қараша күні Zakon.kz сайтында Денис Кривошеев жариялаған материалдан басталды. Іле шала, келесі күні біз бұл жағдайға байланысты баспасөз мәслихатын өткізіп, келген журналистер мен блогерлердің сұрақтарына жауап бердік. Себебі жарияланған мәліметтер мен біздің жұмысымыздың заңдылығына қатысты айтылған күмән ел ішінде және халықаралық әріптестерміз арасында алаңдаушылық туғызды. Баспасөз мәслихатында мен аталған материалда келтірілген сандардың шындыққа жанаспайтынын және ол жайлы жан-жақты ақпарат беруге дайын екенімізді айттым.

Бақытжан Бұқарбай сол баспасөз мәслихатына қатысты, біздің жұмысымыздың қаржылық мәселелеріне қатысты өз есептерін ортаға салды. Мен ол есептің қате екендігін ескертіп, нақты түсініктеме беру үшін біздің редакцияға келуге шақырдым. Алайда, Бақытжан Бұқарбай өз пайымдауларын жариялауды жөн көріпті. 

— Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорына министрлік 7,1 миллиард теңге бөлінгені туралы Бақытжан Бұқарбай жазған еді. Бұл сандар қаншалықты шындыққа жанасады?

— Ұлттық аударма бюросы іске асырып жатқан оқулық аудару жобасына осы күнге дейін бөлінген қаражат мүлде басқа. Ол көрсетіліп отырған көлемнен әлдеқайда төмен. Жалпы аударма жұмысының қаржылық құрылымы бірқатар бөліктерден тұрады. Соны жан-жақты түсіндіріп, көрсету үшін біз журналистерді редакцияға шақырдық. Жинақтап айтқанда, әр оқулықты аударып шығаруға кететін қаражат құрылымы мынадай:

Бір оқулықты аударып, шығаруға жұмсалатын қаражат көлемі —  38,6 миллион теңге. Бұл 2018 жылғы есеп. 2017 жылы 36,6 миллион теңге болатын. Бағаның өзгеруі нарықтағы жағдайға байланысты.

Осы көлемді жасалатын жұмысқа бөлер болсақ, оның құрылымы мынадай: 

Аударма және баспаға дайындау құны: бір бетіне 7 мың теңге, оның ішінде 3 мың теңге аударма бағасы, 1,5 мың теңге ғылыми редакция, 1,5 мың теңге әдеби редакция, 1 мың теңге беттеуге қалады.

Кітапты 10 мың данамен басып шығару құны — 12,5 миллион теңге.

Қалған қаражат кітапты қазақ тіліне аударып,  кітап күйінде баспадан шығаруға және электронды нұсқасын интернет арқылы тегін ашуға мүмкіндік беретін авторлық құқықтарды алуға, шығарылған кітаптарды еліміздегі 130 оқу орнына жеткізіп, таратуға кетеді. Соның ішінде авторлық шарт мәселесі әр оқулыққа келгенде әртүрлі шешіледі. Кейбір авторлар рұқсатты 1-2 мың долларға беруі мүмкін, басқа авторлар 100 мың доллар, тіпті 200 мың фунт сұрайтын халықаралық баспалар бар. Бұл оқулықтар ондаған тілге аударылып, әлем бойынша миллиондаған данамен таралады. Сондықтан біз қалыптасқан нарық заңдарының аясында келіссөз жүргіземіз.

Жалпы алғанда, бөлінген қаражатты әр кітапқа шағып санағанда, 2018 жылы шыққан оқулықтардың әр данасы 3 мың 860 теңге тұрды, 2017 жылы шыққан әр кітаптың құны 3 мың 600 теңге тұрды.

Енді есептер болсақ, 2017-2018 жылдары аударылып басылған 48 оқулыққа 1,8 миллиард теңге жұмсалған.

Бірақ Ұлттық аударма бюросы тек оқулық аудару жобасы ғана емес, басқа да жобаларды іске асыруда. Олардың әрқайсысының осындай егжей-тегжейлі  есебі мен құрылымы бар. Сондықтан оны асықпай отырып, құжаттар мен мысалдар негізінде қарау керек.

Ұлттық аударма бюросы — қоғамдық қор, коммерциялық мекеме емес. Қаржылай табысы жоқ мекеме. Бар қаражатын тек жарғылық міндеттері, яғни қазақ тіліндегі білім мен ағартушылық мазмұнды дамытуға жұмсайды. Қаржылық тәртіп және жалпы жұмысымыздың заңға сәйкестігі бойынша біріншіден  тиісті мемлекеттік мекемелерге есеп береміз, екіншіден халықаралық аудиторлармен жұмыс істейміз. Үлкен халықаралық баспа ұйымдары мен авторлар бізден осыны талап етеді. Бәрінен бұрын, заңға сәйкес, таза, адал жұмыс істеу өзімізге қажет.      

— Денис Кривошеев Қазақстанның білім беру саласы туралы мақаласында Bilim Media Group өкілдерін “компания мен оған қатысты құрылымдарды мемлекеттік сатып алу арқылы бюджет қаражатын алу үшін ғана құрған” деп мәлімдеген еді. Сыни мақалаға байланысты сотқа беруге құқылы екеніңізді айтқан едіңіздер.
Осы жайт қалай болып жатыр? Денис Кривошеев сұхбаттасуға келісімін берді ме?               

— Иә, аталған материал жарияланған күні мен автордың телефонын тауып алып, оған хабарластым. Интервью жасау мүмкіндігін ұсындым. Алайда автор ондай мүмкіндікті кейінге шегерді. Бірақ ақпарат тез таралып, біздің жұмысымыздың заңдылығына күмән тудырып, іскерлік беделімізге нұқсан келтіргендіктен, біз шұғыл баспасөз мәслихатын бердік. Ең әуелі өзіміздің елдегі және сырттағы көптеген халықаралық серіктес ұйымдардың, біздің қызметтерімізді тұтынатын жүз мыңдаған адамдардың алаңдаушылығын ескере отырып, бұл ақпаратқа қатысты сотқа жүгінуге хақылы екенімізді мәлімдедік.

BilimMediaGroup тек Қазақстан емес, Ресей мен Өзбекстанның білім беру нарығында жұмыс істейді. Басқа да елдердің нарығына шығу жоспарларымыз бар. Бұл білім беру мазмұны мен технологияларын экспортқа шығарып отырған бірден бір қазақстандық компания. Біз ТМД аумағындағы электронды білім беруге маманданған ең ірі платформа жасап шықтық. Оны жүз мыңдаған ұстаз, миллиондаған оқушы қолданады. Егер біздің елде білім беру жүйесінің 90 пайызы мемлекет меншігінде болса, біз басқа кіммен жұмыс істеуіміз қажет. Әрине мемлекетпен жұмыс істейміз, мемлекетпен бірге білімнің сапасы арттыруға қызмет етеміз. Оның ешқандай айыбы жоқ деп ойлаймыз. Бұл нарықта бізден басқа мыңдаған басқа да мекемелер бар. Ал шарттарға тікелей қол қойылуы мәселесіне келсек, бұл авторлық және зияткерлік меншік туралы заңның талабы және халықаралық тәртіп. Біз мазмұнмен жұмыс істейміз, оны жасайтын авторлар. Мазмұн зияткерлік меншік туралы заңмен қорғалады және бөлек реттеледі. Бұл саладағы заң мен тәртіп өзгерсе, біз оған бағынамыз.                                   

 Біздің серіктестеріміздің қатарында мемлекеттік мекемелерден басқа ондаған ірі халықаралық компаниялар мен қорлар бар. Көп жобаларды біз мемлекет емес, басқа ұйымдардың қолдауы және қатысуымен іске асырамыз. Сондықтан іскерлік абырой, бедел мәселесі біз үшін ете маңызды. Оған көлеңке түсіру – біздің жұмысқа тосқауыл қою деген сөз, біздің болашағымызға балта шабу.                                

Мен кешегі журналист ретінде бізге сұрақ қоюшы авторлардың азаматтық ұстанымын сыйлаймын, түсінемін. Алайда, тексерілмеген мәлімет тарату арқылы, жүздеген адам қызмет ететін жеке мекеменің жылдап жинаған абыройын бұлайша төгуге болмады деп санаймыз. Заңгерлеріміз сотқа жүгіну мүмкіндігін зерттеп жатыр. Мақсат әсте біреуді жазғыру немесе жазалау емес, бірақ біз өзіміздің абыройымызды заңды жолмен қорғаудың барлық амалын жасаймыз.

-Google translate-ке байланысты. Өзім де кейбір аудармаларды осы бағдарлама арқылы аударамын. Бұрынғыға қарағанда, өте сауатты аударатын болған. Дегенмен де қателіктер әлі де бар сияқты.

— Бұл сұраққа келер болсақ, біз 2011 жылдан бері қазіргі технологиялардың көмегімен қазақ тілінің әлеуетін арттыру бағытындағы бірқатар жобаны еске асырды. Атап айтсақ, қазақша Википедия жобасы іске асты. Соның арқасында қазақ тілін Google аудармашы деп аталатын қазіргі әлемдегі ең озық машиналық аударма жүйесіне алып кіруге мүмкіндік туды. Ол үшін біз Google компаниясымен 2 жылдай тығыз жұмыс істеді. Бұл жобаға жеке меншік компаниялар демеушілік көрсетті. Ол кезде қазақ тілі аталған аударма жүйесіне кірген 34 тілдің бірі еді. Ондағы аударма сапасына келер болсақ, бұл машиналық аударма екендігін түсіну керек. Әрине ол көркем аудармаға жарамайды. Бірақ қарапайым мәтіндерді, іскерлік, техникалық әдебиеттің, веб сайттың мағынасын түсіну үшін жарап тұр. Бірақ, бір жақсысы, бұл жүйе ұдайы дамып отырады. Оның сапасы неғұрлым жиі қолданса, соғұрлым артады. Сонысымен де құнды. Біз қазір бұл жүйені текстен текстке ғана емес, дауыстан дауысқа аудару деңгейіне шығару үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жоғарыда аталған оқулық аудару жобасы аясындағы  материалдар да осы Google аудармашы жүйесін жетілдіру үшін қолданылады. Сондықтан ол жобаның осындай да қосымша пайдасы бар. Ал Google аудармашы жүйесіндегі аударма сапасы арта береді. Бұл қазақ тілін қазіргі технологиялар арқылы жетілдірудің, дамытудың тетігі деп ойлаймын.                                 

— Сұхбатыңызға рақмет!

ЕСКЕРТУ: Сұхбатты көшіріп басу үшін редакцияның рұқсаты керек!

                       

 

Соңғы жаңалықтар