Жастардың әскер қатарына бармауына ата-аналар кінәлі - әскери қызметкер - kaz.caravan.kz
  • $ 444.32
  • 473.33
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жастардың әскер қатарына бармауына ата-аналар кінәлі - әскери қызметкер

Жастардың әскер қатарына бармауына ата-аналар кінәлі - әскери қызметкер

 «Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі. Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» екенін Б. Момышұлы атамыз айтқан.

  • 23 Қазан 2019
  • 1273
Фото - Caravan.kz

Яғни, ер мінезді болу — тәрбиеден. Жастарды батылдыққа баулып, әскери тәрбие беру жөніндегі ерекшеліктер туралы запастағы майор Мирамбек Бекенов Дәулетбайұлы Caravan.kz медиа-порталының тілшісіне айтып берді.  

— Әскер қатарына шақыру кезінде қандай да бір қиындық туындамады ма?

— Отан қорғау – еліміздің әр азаматының парызы, заңнамалар талаптары бойынша мерзімді әскери қызмет өтеу – міндеті. Қазақстанның әр аймағы қазіргі таңда Қорғаныс Министрінің тапсырыстары бойынша әскери бөлімдерді жас сарбаздармен жасақтау жұмыстарын жоспарлы атқарып келеді. Үлкен мегаполистер Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары орындауда.

Біздің кезімізде де бұл жұмыстар 100 пайыз орындалатын. Бірақ қай кезде де әскерден жалтаратындар аз кездеспейді. Көбінесе ата-аналар кінәлі. Қатарымен кетемін деп тұрған баланы алып қалуға неше түрлі айла жасайды. Кейін жанына жақын қызметке тұруға қатты әсері тиіп, өкініп қалады. Қиындықтар қай кезде де аз болмайтыны сөзсіз. Қаншама азаматтар әскер қатарына кетемін деп, медициналық комиссиядан өте алмай қалады. Әрине, бұл медицина қызметкерлерінің шешімі. Өзім куә болған жағдайлардың бірін айтып берейін. Бір жігіт 2007 жылы Жалағаш ауданында комиссиядан өтіп, актті алып қайта тексерілуге кеткен. Бой десе бойы бар, сымбатты, иықты, сөзге шебер жігіт. Сол жігіт мектептегі қарапайым бағдарламаны білмей, не қосу, не көбейтуді шығара алмаған. Бұл ер азамат үшін ұят нәрсе. Айта берсем, мұндай түрлі жайттың куәсі боламыз.

— Патриоттық тәрбие беруде қандай іс-шаралар атқардыңыздар? Қаншалықты әсері болды деп ойлайсыз.

— Әскери патриоттық тәрбие — өте ауқымды  сөз, көптеген іс-шараның жинағы.

Отан – отбасынан бастау алады. Үйде еңбекке жақын болып, бауырына адал, ата-анасына мейірімді азамат қай жерде де сыйлы болады. Бірақ, араласқан ортасы мен негатив әсерін тигізетін жолдастар, өмірлік жолынан тез тайдырады, кері әсерін тигізеді. Теріс жолға тез түседі.

Патриоттық тәрбие беру — ата-бабамыздан қалған ұлағатты сөздермен сусындату. Көпшілікті жинап, жасөспірімдерді тартып, еңбек ардагерлерін, әскери зейнеткерлерді қонаққа шақырып сұхбат өткізу, тәлім-тәрбиелік әңгімелер жүргізіп отырдық. Оқу орындарында әскери-спорттық іс-шаралар өткізу, мерзімді әскер қатарына салтанатты шығарып салу рәсімін жасау, әскери оқу орындарымен таныстыру, әскери бөлімдерге экскурсияға бітіруші сынып оқушыларын апару сияқты түрлі жұмыстар атқарылды. Жиындарға, кездесулерге қатысқан азаматтардың көз жанарлары жарқырап, ерекше серпіліс пайда болады.

— Сол уақыттарда да әскер қатарына барғысы келген қыздар тарапынан ұсыныс болды ма? Қанша пайыз сұранысқа ие болды.

— Қазіргі таңда көп ер-азаматтар әлжуаз. Спортпен шұғылданбайды. Қимыл қозғалыс тым аз. Қолданатындары компьютер, телефон. Жыл сайын Қорғаныс саласы мекемелеріне (военкомат) өтінішпен нәзік жандылар көптеп келуде. Бұл қыздарымыз өте білімді, спортпен шыныққан. Жаңа техногияларды игеруге талпыныстары өте жоғары. Олар юрист болса – мықты заңгер, дәрігер болса – ең тәуірі болары анық. Қыздардың басты армандары — әскери салада болу. 10-15 жыл бұрын мұндай талапкерлер ер-азаматтар санына қарағанда 2-5 пайыз құраса, қазіргі таңда 10 пайызға дейін барады. Бұл да бір жағынан қуантарлық жайт. Әлия мен Мәншүк апаларымыздың ізбасарлары.

— Өзіңіздің әскер қатарында болған кезіңіз бен әскери салада атқарған қызметтеріңіз жайлы айтсаңыз…

— Өзім әскер қатарына 1985 жылы шақырту алдым. Негізінде, мен РФ Тула қаласында құрылыс оқу орнында оқып жүргенмін. 2-ші курстан қасымдағы жігіттерді, жерлестерім, отандастарымды 1985 жылы қазан айында Тула қалалық военкаматы шақыртып, 2-3 күннің ішінде әскери бөлімдерге аттандыра бастады. Маған неге шақыру қағазы келмеді деп, қалалық военкоматқа өзім бардым. Жолды білем, қасымдағылармен бірнеше рет болған жерім. Сөйтсем, мені майтабансың деп, өзіңнің ауылыңдағы дәрігерлердің, военкаматтарыңның шешімі дейді. Мектеп қабырғасында өткен « Годен в строительные части», деген. Мен қоймаған соң, военком «Сені басқа «строевой» әскери бөлімдерге жіберем. Егер сен тиісті уақытта 1км, 5км және турник нормативтерін орындасаң» деп шарт қойды. Бәрін уақытымен орындадым. Мені 12.11.1985 жылы әскери борышымды өтеуге Тула қаласының Центральный РВК-сы мемлекеттік байланыс әскеріне аттандырды.

Әскери қызметтерім Житомир облысы, Мирополь қаласы, (Украина) — 6 ай оқу-жаттығу орталығында, келесі 1,5 жыл 6 айдан Мары қаласы Туркмения, Душанбе қаласы (Тажікстан), Ташкент қаласы (Өзбекстан) әскери бөлімдерде борышымды өтедім.


Кейін оқу бітіріп, инженер-құрылысшыға дейінгі лауазым атқарып, 1991-93 жылдары біраз мекеме жабылды. Жұмыссыз жүргенімде 1995 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы военкоматына жұмысқа алды. 2003 жылы әскери қызметке офицерлік лауазымға шақыртылып, Жалағаш, Тереңөзек аудандарында, облыстық военкоматта және соңғы 3 жылда зейнеткерлікке дейін Қызылорда қалалық Қорғаныс жөніндегі басқармасында басқарма бастығының орынбасары бөлім бастығы қызметін атқардым.

2014 жылдан бастап зейнеткер, запастағы майормын.

Әскери қызмет кезінде әскери есепті мекемелерде қалай жүргізуін, аудан бойынша Қорғаныс мәліметі бойынша жұмыс атқару, әскери жиындар өткізу, мамандар даярлау, есебін жүргізу, кезекті-мерзімді әскери қызметке шақыру, келісім шарт бойынша әскери қызметке жолдау, аудан бойынша жұмылдыру жұмыстарын ұйымдастыру, әскери-патриоттық мәні бар шаралар өткізу, әскери оқу орындарына талапкерлерді жолдау жұмыстар үнемі атқарылып келеді. Менің де осы жұмыстар арасында үлесім бар деп есептеймін.

— Жалпы мінезіңізге, өміріңізге әскер қатарында болу әсер етті ма?

— Адам армандай білу керек екен. Кезінде, жастық шағымда, дәлірек айтқанда мектеп қабырғасында «военный» болуды армандадым. Сабақты жақсы оқыдым.  Біріңғай орыс мектептерінде білім алдым. Спорттың біраз түрімен айналыстым. Бірақ, майтабансың, әскери оқуға жарамайсың деп аудандық военкомат (Қармақшы аудандық) құжаттарымды қайтып берді. Содан соң, екінші сүйген мамандығым құрылыс болатын. Ақыры екі арманыма да жеттім.

Әскери салада болғаным өміріме, мінезіме өте жақсы әсер етті. Біріншіден уақытты бағалайсың, жоспарлап жүруді үйренесің, артық сөйлемеуге тырысасың. Сөзге берік, уәдеге серт болуды, жалпы тәртіпке бағынасың.

— Еліміздің болашағы үшін алаңдайтыныңыз анық. Қандай ұсыныс айтар едіңіз.

— «Әскері жоқ ел, өзге елдің әскерін бағады» деген данышпандардың ұлы сөзі бар. Әскери қызметкерлеріміз, жалпы погон таққан азаматтар антына, еліне адал болса екен. Әскер қатарына ең мықты азаматтарды шақыртып тұрса, елімізде бәрі жақсы болады деп есептеймін.

— Жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз…

— Барлық нәрсе тәрбиеден бастау алады. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсету керек дер едім. Ешқашан ашуға бой алдырмай, қызғаныш деген жаман қасиеттерді бойға дарытпау керек. 

Білімін шыңдап, өзі сүйген мамандыққа бет бұрып, қоғамға да, өзіне де пайдасы тиер жақсы маман иесі болса одан асқан бақыт жоқ деп білемін. Әрбір жас табиғаттың берген бойындағы барлық жақсы қасиетті шығарып, шынайы армандаса барлық армандарына қол жеткізері сөзсіз!

Еңсесі биік, Тәуелсіз елдің жастарының патриоты мықты болуы тиіс деп білемін!

— Сұхбатыңызға көп рахмет! 

Соңғы жаңалықтар