Жарияланды: 210

"Жетіген аспабына баланың қызығушылығын арттырудың неше түрлі әдісі бар": Махаббат Рахымжанқызы

"Жетіген аспабына  баланың қызығушылығын арттырудың неше түрлі әдісі бар": Махаббат Рахымжанқызы Сурет - Caravan.kz

Жетіген - қазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабы. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірілген. Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап Жетіген аталған.

Қазіргі кезде қазақ даласында жетіген  ұлттық аспабы қаншалықты кең таралған, сонымен қатар балалардың осы аспапқа деген қызығушылығы қандай? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Caravan.kz медиа-порталының тілшісі  «Г.Россини» халықаралық байқауының l-дәрежелі лауреаты, "Қарақат" мектеп-студиясының ұстазы Махаббат Рахымжанқызымен тілдесіп көрді.

- Махаббат айтыңызшы қазіргі таңда жетіген үйірмесінде қанша бала бар? Олардың барлығының ынтасы, қызығушылығы бірдей ма?!

-  Балалардың ынтасы өте күшті, өйткені теледидардан көреді, конкурстардан көреді содан қызығады. Оның үстіне Қарақат ханым кішкентай балалармен бізбен ақылдаса отырып репертуар таңдайды. Соған дайындаламыз, ән болсын, би болсын конкурстарға дайындаймыз. Соны көріп көптеген қыздар маған келеді. Жетіген аспабын барынша насихаттап жүрген Қарақат ханымның еңбегі орасан зор деп айтар едім. Қарақат ханым кішкентай қыздардың иделы деуге болады. Өйткені көп қыздар сіз сияқты болғым келеді деп жетіген үйірмесіне келіп жатады.

- Аспап қалай ойналады қандай дыбыстар шығады?

- Өз кезінде зерттеуші Б.Сарыбаев бастап шығарып берген диатоникалық бұраудағы жетіген аспабында іліп алу амалдары ғана қолданылса, кейін жетігенде жоқ әдістерді гитара, гусли, чатхан аспаптарынан енгізе отырып толықтырылды. Мысалы, глисандо, аккорд алу, пиццикато, стаккато, тремоло сияқты әдістер гусли аспабынаг енгізілді. Бір дыбысты үш-төрт рет қайталай берсе, оны екі немесе үш саусақпен алу сияқты амалдар гитара аспабынан енгізілді.Және ұрғылап ойнау, жетіген тиегінің ар жағындағы ойналмайтын дыбыстардан диссонанстық дыбыстарды шығару, ағашынан ырғық беріп барабан дыбысын шығару әдістермен ойналылады. Дыбысы нәзік, әуезді үн шығара алады және дыбысы өте жағымды да тартымды естіледі. .Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірілген. Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап Жетіген аталған. Қазіргі таңда жетіген зерттеушілердің айтуы, ұсынысы бойынша аспап жасаушы шеберлер дамыту үстінде! Регистр көлемі үлкейіп күрделі шығармаларды ойнай алатындай 22-23 ішек болып жасалады! Менің жетігенім арнайы тапсырыспен ағашы қызыл қайыннан жасалған!

- Жетігенді балалар қанша жастан бастап үйренген дұрыс?

- Жетіген аспабын үйрену үшін мектеп жасындағы балалардың жасы жеті-сегіз жастан кіші болмауы тиіс. Өйткені, саусақтары жетілмеген балаға жетіген үйрету ерте болады. Ал кейбір балалардың жасы кіші болғанмен саусақтары салалы, бойы биік болады. Оларды дайындалған белгілі бір бағдарлама бойынша өз уақытымен үйрете бастауға мүмкіндік бар. Ал былайша балалар 7-8-9 жастан бастап келе бастайды. Және үйренуі оңайырақ болады.

- Ата-ана баласын жетіген үйірмесіне жиі алып келе ме?!

- Мен қазіргі таңда №1 Музыкалық балалар мектебінде сабақ беремін. Жетіген үйірмесіне жеке маған сабаққа келетін қыздар өте көп. Қазіргі таңда әлеуметтік желіде «жетіген мектебі» деп парақша ашып қойғанмын. Бұйыртса болашақта мектеп ашатын жоспарым бар. Сол кезде кішкентай қыздармен жұмыс жасаймыз. Концерттерге дайындаймын, конкурстарға дайындаймын. Менің кішігірім мақсат, жоспарым осындай. Мектеп ашқан кезде қазіргіден де жетіген аспабын көбірек дәріптейтін боламыз.

- Мысалы бір бала келді үйірмеге бірақ одан ештеңе шықпайды, басқа аспап түріне ауыстырасыздар ма? Әлде үйренгенше жұмыс жасайсыздар ма?!

- Ең бірінші бала маған келгенде оны тыңдаймын. Бойында бір нәрсе бар ма екен деп. Егер бала бойында слух, ритм болса онда біp бірден жұмыс жасауды бастаймыз. Осы уақытқа дейін мұндай жағдай болмаған екен. Ол баладан бір ай, екі ай немесе үш ай нәтиже шықпайтын шығар. Бірақ төртінші ай міндетті түрде шығады. Алғаш келген кезінде мен кеңес беремін жетігенді ойнау қиын болып тұрса, онда бірінші балаңызда домбыра үйірмесіне беріңіз алты ай содан соң барып келуіне болады. Сол кезде жұмыс жасау нәтиже береді деп айтамын. Себебі жетіген күрпделі аспап қой, бала бірден оны үйреніп кете алмайды. Ондай жағдай болса да кемде кем.

- Баланың ынтасын қалай ашуға кеңес бересіз?

- Жалпы мен баламен жұмыс жасағанда, репертуар таңдағанда өзіне сай, өзіне ұнайтын, табиғатына болмысына келетін шығарма таңдап беремін. Егер баланың өзіне ұнап тұрса сол нәрсені жаттауға, ойнауға қызығушылығы артады. Сонымен қатар жалғыз айтқыза бермей дуэт, трио етіп айтқызамын. Сонда бала қасындағы баладан қалып кетпейін деген оймен тағы да қызығып айтады. Баланың ынтасын ашуға түрлі әдістер бар. Мысалы ойын түрінде өтуге болады сабақты. Кішігірім конкурс ретінде өтуге болады сонда балалардың ынталары да арта түседі. Сабаққа, шығармаға бейімділігі артады.

- Дайындыққа балалар қаншалықты мән береді?

- Мен педагог ретінде бұл мәселені міндетті түрде бірінші орынға қоямын. Балаларға жиі айтып отырамын сабақтан соң қалып дайындалыңдар немесе үйлеріңе барып дайындалыңдар деп. Он минут болса да, жиырма минут болса да сабақтан соң дайындалған әсер етеді. Шығарма дайындауға да, сабақ дайындауға да көп көңіл бөлемін. Негізі бәрі дайындықтан басталады. Дайындалу деген сабақ оқумен тең деген сөз ғой. Баланың өзіне жақсы, жеңіл болады. «Қайталау – білім анасы» - деп бекер айтылмаса керекті. Сабақтан соң қайталау болмаса, онда баланың жадында сабақ ьүгел жатталмайды. Сол себепті бұл үлкен мәселе.

- Осы уақытқа дейін қанша шәкірт тәрбиеледіңіздер? Жетігеннен халықаралық жүлделеріңіз бар ма?!

- Мен педагогика саласына яғни сабақ беруге 2018 жылдан бастап көңіл аудардым. Осы уақытқа дейін көптеген оқушыларым республикалық, халықаралық конкурстардың дауреаттары болып үлгерді. Көптеген жобаларға қатыстық, конкурстарға қатыстық. Гран при алып келген сәттер де болды.  Қазір маған жеке келетін оқушыларым да бар. Оларда марапат, жүлделерден кенде емес. №1 Музыкалық балалар мектебінде де жұмыс жасап жатырмын. Мұнда да шәкірттерім өте көп. Жалпылама айтатын болсам 30-40 шақты тіпті одан да көп балаға сабақ беріппін. Соның ішінде 10-нан астам балалар лауреат атанып үлгеріпті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін