"Сонымен қатар, теңгенің әлсіреуіне АҚШ-тың монетарлы саясатын қатаңдатуы да себеп болады. Бүгінде америкалық билік базалық мөлшерлемені өсіру арқылы доллар бағамын күшейтпекші", — дейді экономист-маман.
Оның айтуынша, 2016 жылы осы уақытта мұнай бағасы бареліне 48-50 долларды құраған екен. Қазір мұнай экспорттаушы елдер "қара алтын" өндірісін барынша төмендетуге тырысқанымен, әлемде әліге дейін мұнай қорының тым көп мөлшері сақталған. Сондықтан, оның бағасы алдағы уақытта тағы құлдырауы мүмкін.
"Сондай-ақ, АҚШ-тың сланец мұнайы өндірісін дамытуы, жаһандық жылынуға қатысты келісімнен бас тартуы мұнай бағасының төмендеуіне септігін тигізіп отыр. Жақын күндері "қара алтынның" барелі 40 долларға дейін төмендеп кетуі әбден мүмкін. Егер мұндай бола қалса, оның қайта қымбаттауы жақын уақытта орын алмайды", — дейді Байғанов.
Танымал экономист Рахым Ошақбаев та елімізде девальвация болуы мүмкін екенін жасырмайды. "Ұлттық банктің қазіргі саясаты мен соңғы екі аптадағы оқиғалар теңгенің құлдырауына әкелуі мүмкін", — дейді ол.
Айта кетейік, апта басталғаннан бері теңгенің долларға шаққандағы бағамы құлдырап келеді.