"1 мамырдағы концерттермен ғана шектелмейміз": Ассамблея мүшесі Абдухалил Уралбаев Достық үйінің маңызын түсіндірді - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"1 мамырдағы концерттермен ғана шектелмейміз": Ассамблея мүшесі Абдухалил Уралбаев Достық үйінің маңызын түсіндірді

"1 мамырдағы концерттермен ғана шектелмейміз": Ассамблея мүшесі Абдухалил Уралбаев Достық үйінің маңызын түсіндірді

Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында айтылды. Құрылған уақыты - 1995 жылдың 1 наурызы.

  • 31 Мамыр 2023
  • 84
Фото - Caravan.kz

Ал, еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан тұңғыш Достық үйі 1992 жылы Өскеменде ашылған еді. Кейіннен Достық үйлері облыс орталықтарында, маңызы бар қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да құрыла бастады. Сонан бері Достық үйі түрлі этнос өкілдерін біріктіріп, жақындастыратын ортақ ұяға айналып келеді. Дей тұрғанымен «Ғаламторда ассамблея қажет пе өзі?» деген дау көп дейді, Қазақстан Халқы ассамблеясының мүшесі, Алматы қаласының өзбек этномәдени орталығының төраға орынбасары Абдухалил Уралбаев.

Ол Caravan.kz медиа-порталы тілшісіне берген сұхбатында Достық үйі тек 1 мамырда өтетін концерттік бағдарламалармен шектелмейтінін, оның әрбір мүшесі ел тіршілігінің бірінен тысқары қалмайтынын жеткізді. Арыстағы жарылыс кезін мысалға келтірген бауырлас елдің азаматы «Жұмыла қолдан келген көмегімізді аяған жоқпыз» деген сөзін айтты.

— Қазақстан туған өлкеңіз ғой?

Әкем мен шешем Түркістанда туылған. Өзім Шардарада туып өстім. 2015 жылдан бері Алматы өзбек этно-мәдени орталығының жетекшілігін атқарып отырмын.

— Өзбек пен қазақ бауырлас халықтар деп жатамыз. Сіздіңше екі ұлттың арасындағы татулық қалай?

"Статистикаға сүйенсек Алматы қаласында 12 000 өзбек ұлт өкілі бар екен. Өзбек халқы Алматы тіршілігімен біте қайнасып кеткенін айтты. Дәрігері де, құрылысшысы да, кәсіпкері де, түрлі мамандық иесі бар. Бәрі де еңбек етіп, қала өміріне, іс-шараларына араласып, сіңісіп жүр.

Жалпы, Шардарада мектепте оқып жүргенімде сыныбымызда қазақ та, әзірбайжан да, дүңген де, шешен де, кәріс, орыс та бар еді. Біз сонда бір-бірімізді "Сен өзбексің", "Сен кәріссің" деп бөлмеппіз. Бауырмал болып өстік. Себебі, біз әр түрлі ұлт болғанымызбен, Отанымыз бір.

2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы жарияланып, ел көлемінде ауқымды шаралар өтті. Қазақстанда тұратын өзбек халықтарының өздерінің ұлттық құндылықтарын, мәдениет сақтауына үлес қосу мақсаты алға қойылды. Осы мақсатта Өзбекстаннан түрлі қонақтар келіп, түрлі кездесулер өткізілген еді.

Достықтың іргетасы қаланды. Енді оны келер ұрпағымызға жеткізе білу де аса маңызды. Тарихи тұрғыдан қарар болсақ, түркітілдес қазақ пен өзбек тілі ғана емес, діні мен ділі, мәдените ұқсас ел. Осы тамыры тереңге бойлаған рухани байланысымыз үзілмесе екен деп тілейміз.

— 1 мамырды бұл жылы қалай атап өттіңіздер?

Тәуелсіз елімізде аталмыш мереке 1996 жылдан бастап аталып өтіліп келеді. Дәл осы күнді Қазақстан халқының бірлігі мейрамы деп жариялау туралы бұйрыққа ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1995 жылдың 18 қазанында қол қойған.

1 мамыр — біздің жеке мерекеміз деп айтсақ та болады. Жеке өзіме де бұл мереке ыстық. Шынында, осы күні татулық пен бейбітшілікті ту еткен елде өмір сүріп жатқанымызға тағы бір көзіміз жетіп қалады. Түрі, танымы, дәстүрі әр түрлі ұлттың біте қайнасып арқа-жарқа болып мерекені тойлауы көрер көзді сүйсіндіретін әдемі көрініс.


Қазақстан халқы Ассамблеясымен біріге атқарылған түрлі іс-шаралар өтті. 25 этностың қатысуымен этнофестиваль болды. Өздерінің ұлттық дәстүрлерін паш етті. Абай  даңғылында ұлттық тағамдарын қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынды.

Енді алда Балаларды қорғау күні келе жатыр емес пе?! Сол мерекеге орай Қазақстан халқы Ассамблеясының жанына құрылған «Аналар кеңесі» қызу дайындықтарын жүргізіп жатыр.

Осы жерде  менің айта кеткім келетіні Достық үйлері тек дәстүрді, ұлттық болмысты дәріптейтін іс-шаралармен ғана шектеледі деген қате ой. Достық үйлері тек 1 мамырдағы концерттермен шектелмейді. Мәселен, Мақтарал ауданын су басқанында қарап отырған жоқпыз. Қол ұшын бердік. Алғашқы көмек көрсеттік. Қордайда болған жағдайларда да солай. Арыстағы жарылыс кезінде де шамамыз келгенше жәрдемдестік. Онан бөлек балалар үйлеріне де демеушілік жасауға тырысамыз. Арамыздағы кәсіпкерлер меценаттық көрсетіп жатады. Кешегі 9 мамырда соғыс ардагерлерді ассамблея мүшелері болып құттықтап қайттық. Бұл жерде мәселе қаражат та емес көңілде. Біздің жұмыла әрекет ете білуіміз маңызды. Ғаламторда «Ассамблеяның не қажеті бар? Босқа қаншама ақша желге кетіп жатыр» деп даурығып жататындар бар. Оларға айтарым Ассамблея мүшелеріне ешқандай айлық төленбейді. Бірақ соған қарамастан қаншама дүниелерді ұйымдастырып жатырмыз. Осыны ел түсіну керек.

Қазақстан – тағдыр тоғыстырған 130-дан аса ұлт пен ұлыс үшін ортақ үй.

— Өзіңіздің ұл-қызыңыз Достық үйіне бас сұғып тұра ма?

Жалпы Достық үйінің есігі қашан да, кім кімге де ашық. Достық үйі киелі мекенімізге айналып барады десем артық айтқаным болмас. Себебі, дәл осы жерде ел мен елдің байланысын нығайтатын қаншама жиындар болып өтті. Қаншама тарихи сәттердің куәгері болдық.

Достық үйлері болуы керек. Алматы қаласының өзінде 38 орталығы бар. Әрқайсы баламасы жоқ істер атқарады. Этносаралық қатынасты нығайтады.

—  Сұхбатыңызға рақмет!