1 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
1 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

1 қараша. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

1 қараша. БЕЙСЕНБІ

  • 1 Қараша 2012
  • 677
Фото - Caravan.kz

Вегетарианшылдардың халықаралық күні. Ол етсіз тамақ жеушілер қауымдастығының 60 жылдық мерейтойына орай 1994 жылдан бастап атап өтіледі.

Алжирдің Ұлттық мейрамы — Төңкеріс күні (1954). Алжир Халық Демократиялық Республикасы — Солтүстік Африкада, Жерорта теңізінің батысында орналасқан мемлекет. Батысында Марокко, Батыс Сахарамен, оңтүстігінде Нигермен, шығысында Ливия, Туниспен шектеседі. Әкімшілік жағынан 15 уәлаятқа бөлінеді. Астанасы — Алжир қаласы. Ресми тілі — араб тілі. Ақша бірлігі — динар.

Антигуа мен Барбуданың Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1981). Антигуа мен Барбуда — Орталық Америкада орналасқан мемлекет. Аумағы Кариб теңізінің шығыс бөлігіндегі Кіші Антиль архипелагының Антигуа, Барбуда және Редонда аралдарын қамтиды. Астанасы — Сент-Джонс қаласы. Мемлекеттік тілі — ағылшын тілі. Ақша бірлігі — шығыс кариб доллары.

КХДР-дің баспа күні (1945). Осы күні Корей Еңбек партиясы ОК-інің «Нодон синмун» газетінің алғашқы саны жарық көрген болатын.

Болгариядағы халықтық оятушылар күні. Мереке болгарлардың ұлт болып қалыптасуына зор еңбек сіңірген елдің барлық қайраткерлеріне арналған. 47 жылдық үзілістен кейін алғаш рет 1992 жылы атап өтілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

19 жыл бұрын (1993) Түрікменстанда жаңа ұлттық валюта — манат қабылданды.

16 жыл бұрын (1996) Алматыда бірінші халықаралық «Айналайын» жас таланттар фестивалі өтті.

15 жыл бұрын (1997) Ұланбатырда Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінің ашылу салтанаты өтті.

7 жыл бұрын (2005) Қарағандыда «Ашық Азия — Ашық мұражай» тақырыбында І Орталықазиялық мұражай фестивалі ашылды. Будапешт қаласындағы «Ашық қоғам» институтының және Алматыдағы Гете институтының қолдауымен Қарағанды облыстық мәдениет департаменті мен Дешті-Арт орталығы ұйымдастырған аталмыш фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен 30-ға жуық мұражайдың қызметкерлері, Германиядан арнайы келген сарапшы қатысты.

7 жыл бұрын (2005) құны 9 миллион долларға жуық «Қазақ» теплоходы Ресейдің солтүстік-батысында, Карелиядағы «Онега кеме жасау зауытында» суға түсірілді. «Ресейдің тасымалдау жүйесін 2010 жылға дейін түрлендіру» федералды бағдарламасы аясында жасалған бұл теплоход — жергілікті кеме жасау зауытында соңғы жылдары шығарылған өзі типтес 4-ші кеме. Кеме орман ағаштары мен астықтарды, ірі габаритті жүктерді, сондай-ақ халықаралық стандарттағы контейнерлерді тасымалдауға арналған. Жүк көтергіштігі — 5,1 мың тоннаны құрайтын «Қазақ» кемесінің ұзындығы — 108,33 метр, ені — 16,5 метр, бортының биіктігі — 5,5 метр.

49 жыл бұрын (1963) КСРО-да В.Челомеяның конструкторлық бюросы дайындаған әлемдегі ең алғашқы адам басқаратын маневрлі ғарыш кемесі ұшырылды.

19 жыл бұрын (1993) Еуропалық экономикалық қауымдастық Еуропалық одаққа айналды.

48 жыл бұрын (1964) Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының орыс труппасы құрылды. Осы кезең аралығында 200-ден астам спектакль қойылды. Көптеген қойылымдар негізі — адамдар тағдыры, олардың өсу өрістері, адамгершілік еріктері. Сахна саңлақтары арасындағы танымал есімдер қатарында Леонид Фомин, Людмила Шипкова, Раиса Телеуова, Полина Савицкая, Ольга Павлова, т.б. бар.

11 жыл бұрын (2001) Оралда «051 — құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесі құрылды.

8 жыл бұрын (2004) Ақтөбеде «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттерінің күні өтті. Қалалық Оқушылар сарайында газеттер делегациясы қаланың қауымдастығымен кездесу өткізді. Кездесу диалог түрінде өрбіді. Еліміздің басты газеттерінің журналистері мұғалімдердің, ардагерлердің, оқушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді, атап айтқанда, нашақорлық, қылмыскерлік мәселелерін жариялау жайы көтеріліп, спорт журналистикасын дамыту, т.б. мәселелер әңгімеге арқау болды. «Казахстанкая правда» мен «Егемен Қазақстан» газеттерінің журналистері Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенттері үшін шеберлік сабақтарын өткізіп, өлкетану мұражайында «дөңгелек үстел» ұйымдастырды, «Шалқар» баспаханасында, педагогикалық институтта, «Ақтөбемұнайгаз СНПС» ААҚ-да болып, Алға, Мұғалжар, Хромтау және Шалқар аудандарына барды.

8 жыл бұрын (2004) Қарағанды қаласының «Аяла» вокалды-хореографиялық ансамблі Мәскеуде өткен «Толқын үстінде» халықаралық хореографиялық байқауында бірінші орынды жеңіп алды. «Аяла» ансамблі Қарағанды экономикалық университеті жанынан құрылған. «Толқын үстінде» байқауына ТМД-ның әр елдерінен барлығы 47 өнер ұжымы мен 450 әнші қатысты.

6 жыл бұрын (2006) Солтүстік Қазақстан облысында елімізде тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Кеден органдары ардагерлері кеңесінің облыстық филиалы құрылды.

7 жыл бұрын (2005) Павлодардың Шафер үйі мұражайы қазақтың музыка тарихында өзінің қолтаңбасын қалдырған композитор Евгений Брусиловскийдің 100 жылдығына арнап лазер дискісін шығарды. Онда атақты сазгердің әндері мен романстары, ол өңдеп, нотаға түсірген қазақтың халық әндері жазылған.

Евгений Брусиловский — Қазақстандағы кәсіби музыкалық білім берудің негізін салып, Құрманғазы атындағы консерваторияның ірге тасын қалағандардың бірі. Оның қазақтың халық әндері негізінде жазған «Айман-Шолпан» және «Қыз Жібек» опералары — қазақтың осы саладағы музыка өнерінің қарлығаштары ғана емес, халқымыздың музыка шығармашылығының алтын қорына айналған асыл дүниелер.

7 жыл бұрын (2005) Қызылорда облысындағы ерте замандағы тұрақтарда қазба жұмыстарын жүргізген кезде бірегей заттар табылды. Қазба жұмыстары Жаңадария -Сырдария саласы өзендерінің жағалауында орналасқан Ширек Рабат ескі қаласының аумағында жүргізілді, қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданы. Бұл жұмыстар «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде өткізілді. Көлемі 40 гектар жерді алып жатқан екі қатарлы қамал IV-V ғасырларда тіршілік еткен. Бүгінгі таңда ол археологиялық ескерткіштердің тізіміне енген. Қазба жұмыстары кезінде екі метрлік тереңдікте найзаның ұштары, қыш ыдыстары, алтыннан жасалған бұйымдар табылды.

7 жыл бұрын (2005) «Қазақ» теплоходы Ресейдің солтүстік-батысында, Карелиядағы «Онега кеме жасау зауытында» суға түсірілді. «Ресейдің тасымалдау жүйесін 2010 жылға дейін түрлендіру» федералды бағдарламасы аясында жасалған. Кеме орман ағаштары мен астықтарды, ірі габаритті жүктерді, сондай-ақ, халықаралық стандарттағы контейнерлерді тасымалдауға арналған. Жүк көтергіштігі — 5,1 мың тоннаны құрайтын «Қазақ» кемесінің ұзындығы — 108,33 метр, ені — 16,5 метр, бортының биіктігі — 5,5 метр. «Қазақ» теплоходы Карелия кемелері сериясымен жасалып отыр. ТМД елдері халықтарының құрметіне аталатын бұл сериядағы кемелердің саны 10-ға жеткізілмек.

5 жыл бұрын (2007) Әділет министрлігі мен Қазақстан Республикасы заңнамалар институтының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Конституциясы — Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Онда жаңадан өзгертулер енгізу арқылы қабылданған Ата заңымызға ғылыми түсініктеменің таныстырылымы болды. «Ата заңымызға енгізілген өзгертулер өте зор мағынаға ие болды және бұл үрдістің маңыздылығы отандық ғалымдармен қатар шетелдік кәсіби мамандардың тарапынан да жоғары бағаланып отыр. Осыған орай Конституциямызды толықтай халықаралық талаптарға сай келеді, әрі республикамыздың одан әрі дамуына оң әсер етеді деуге болады.

ЕСІМДЕР

79 жыл бұрын (1933) заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты БАЙМАҚАНОВ Мұрат Тәжімұратұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтының аспирантурасын бітірген. Еңбек жолын Қазақстанның Әділет министрлігінен бастаған. 1962-1992 жылдары Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтының (кейін Мемлекет және құқық институтының) кіші, аға ғылыми қызметкері, ғылыми хатшысы, бөлім меңгерушісі, директордың орынбасары, директор қызметтерін атқарды. 1992-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы болды. 1996-2002 жылдары «Қайнар» университетінің проректоры, заң факультетінің деканы болып істеді. 1996 жылдан «Әділет» жоғары құқық мектебінің проректоры.

Ғалымның ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыттары: мемлекеттік құқық пен өкілеттілік жүйесі, конституциялық құқық, мемлекет және құқық теориясының мәселелері. Қоғамның құқықтық қарым-қатынастарындағы, құқықтық санадағы сан алуан қарама-қайшылықтарды зерттеп, қоғамдық санада құқықтық түсініктің пайда болуы мен қалыптасуын қарастырған іргелі зерттеу жұмыстарына жетекшілік етті. Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын, сондай-ақ, мемлекет басқару органдары туралы заң жобаларын жасауға қатысты. «Мемлекетті басқаруды және құқықты дамытудың заңдылықтары» республикалық ғылыми кеңесін басқарды. Сонымен қатар саясаттану мәселелерін зерттеп, бірнеше іргелі еңбектер жазды. 1978-1993 жылдары Қазақстан саяси ғылымдар қауымдастығын басқарып, АҚШ, Франция, Бразилия, т.б. елдерде өткен халықаралық конгрестерде сөз сөйледі. 150-ден астам еңбек, соның ішінде 14 монография жариялады.

63 жыл бұрын (1949) жазушы, драматург, Қазақстан журналистер одағы Кәкімжан Қазыбаев атындағы сыйлығының иегері ӘБДІКӘРІМОВ Сейілғазы дүниеге келді.

Қытай Халық Республикасында туған. 1962 жылы ата жұрты Қазақстанға оралған. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасының редакторы, «Қазақ әдебиеті» газетінің аға тілшісі, Қазақ теледидарының комментаторы қызметтерін атқарған. «Аға сержант» атты екі бөлімді драманың, «Үрейлі күндер», «Көпе-көрнеу», «Мазасыз түн», «Қанды қарымта» пьесалары мен «Беу, Қатира-ай» деген бір актілі комедияның, «Белес, белес, белестер», «Өнер мұраты» (Е.Төлегеновпен бірігіп жазған) жинақтардың авторы.

43 жыл бұрын (1969) «ҚазТрансГаз-Алматы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары ӘБДІҚАЛЫҚОВ Арман Айдарханұлы дүниеге келді.

Ресей Федерацияның Санкт-Петербор қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 1991-1997 жылдары — жеке құрылыс компанияларында бухгалтер, атқарушы директоры, «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның экономисі, жетекші экономисі, басқарма бастығының бірінші орынбасарының көмекшісі. 1997-2002 жылдары — «BDT Audit&Consulting» ЖШС-нің атқарушы директоры, «ҚазТрансГаз» ЖАҚ-ның активтерді басқару департаментінің директоры, «Мұнай мен газ көлігі» ҰК» ЖАҚ-ның корпоративтік басқару және индикативтік жоспарлау департаменті директорының орынбасары. 2002-2003 жылдары — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы индикативтік жоспарлау және экономикалық талдау департаменті директорының орынбасары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы бюджеттендіру, индикативтік жоспарлау және экономикалық талдау департаментінің бас менеджері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы активтерді басқару департаменті директорының орынбасары. 2004-2007 жылдары — «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы активтерді басқару департаментінің директоры, «PetroKazakhstan International» компаниясының қоғам және үкіметпен байланыс жөніндегі вице-президенті қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде — 2008 жылғы қаңтардан.

38 жыл бұрын (1974) танымал балуан, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері ДЕҢГЕЛБАЕВ Берік Шалғымбайұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Қаскелең қаласында туған.

1997-2000 жылдары бірнеше мәрте республика чемпионы атағын жеңіп алған. Халықаралық балуандар бәсекелерінде де бірнеше рет жүлделі орындарды иеленген.

2000 жылғы XIII Азия ойындарына қатысқан.

82 жыл бұрын (1930-2006) Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, әділет аға кеңесшісі, ішкі қызметтің генерал-майоры ДОСБОЛОВ Долда дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданында туған. Алматы заң институтын (қазіргі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің академиясы) бітірген. 1950-1960 жылдары — Семей облыстық (қазірігі Шығыс Қазақстан облысы) прокурорының көмекшісі, Жаңасемей ауданының прокуроры, Қазақ ҚСР прокуратурасы жалпы қадағалау бөлімінің прокуроры. 1960-1972 жылдары — Қазақ КСР Прокурорының көмекшісі, Тың өлкесі прокуратурасы бөлімінің бастығы, Целиноград облысы (қазіргі Ақмола облысы) прокурорының аға көмекшісі, Қостанай облысы прокурорының орынбасары. 1972-1975 жылдары — Гурьев облысының (қазіргі Атырау облысы) прокуроры. 1975-1980 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің әкімшілік органдар бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 1980-1984 жылдары — Қазақ КСР ішкі істер министрінің орынбасары, бірінші орынбасары. 1984-1990 жылдары — Қазақ КСР-інің әділет министрі. 1990-1991 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Іс басқармасы әкімшілік органдар бөлімінің консультанты. 1991-1994 жылдары — Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Оқу орындары басқармасының бастығы. 1994-1997 жылдары — Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдарымен, және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

58 жыл бұрын (1954) ҚР-ның Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Бангладештегі елшісі қызметін қоса атқарушы ШАБАРБАЕВ Бақытбек Сейсебайұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Көктал ауылында туған. Алматы педагогикалық шетел тілдері институтын, Халықаралық қатынастар дипломатиялық шетелдік қызмет академиясын (Пәкістан) бітірген.

Комсомол қызметінде, орта мектептің мұғалімі болды. 1994 жылдан — ҚР-ның Пәкістандағы елшілігінің атташесі, үшінші хатшысы, Карачидегі ҚР Консулдық пунктінде бірінші хатшы, кеңесші болды. 2002 жылдан ҚР СІМ консулдық қызметі департаментінің кеңесшісі. 2004 жылдан ҚР Дипломатиялық миссиясының кеңесшісі. ҚР-ның Чех Республикасындағы елшілігінің кеңесшісі. 2005 жылдан — ҚР-ның Таиланд Корольдігіндегі уақытша өкілі — БҰҰ-ның ЭСКАТО жанындағы ҚР өкілі. 2006 жылдың маусымынан қазіргі қызметінде.

Бірнеше медальдармен ҚР СІМ құрмет грамотасымен марапатталған.

45 жыл бұрын (1967) Лисаков қаласының әкімі РАДЧЕНКО Виктор Николаевич дүниеге келді.

Украинаның Чернигов облысында туған. 1991 жвылы Тамбовтың Кирсанов азаматтық авиация техникалық училищесін, Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін бітірген. 1991-2007 жылдары — «Торғайавиа» АҚ Арқалық авиакәсіпорнының авиатехнигі, «Арқалық ЖЭО» электр монтері, ауысым бастығы, аға кезекші инженері, бас инженері, директоры. 2007-2009 жылдары — Арқалық қаласы әкімінің орынбасары. Қазіргі қызметінде 2009 жылғы тамыздан бері.

27 жыл бұрын (1985) ауыр атлетикадан ҚР құрамасының мүшесі, Азия ойындарының чемпионы, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы МАНЕЗА Майя дүниеге келді.

Қырғызстанның Тоқмақ қаласында туған. 63 киеліге дейін салмақта ауыр атлетикадан әлем чемпионы. Бірнеше әлемдік рекорд орнатқан.

«Құрмет» орденімен марапатталған. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.

416 жыл бұрын (1596-1669) итальян кесіндемешісі және сәулетшісі Пьетро ДА КАРТОНА (Пьетро Берреттини) дүниеге келді.

230 жыл бұрын (1782-1859) британ мемлекет қайраткері, Ұлыбританияның 24-ші премьер-министрі Фредерик Джон РОБИНСОН дүниеге келді.

134 жыл бұрын (1878-1959) аргентиналық ғалым-құқықтанушы, саясаткер, алғашқы латынамерикалық Нобель сыйлығының лауреаты Карлос Сааведра ЛАМАС дүниеге келді.

123 жыл бұрын (1889-1961) инженер-кеме жасаушы, кеме жасау ісін ұйымдастырушы және торпедалық катер жасаушы ГОЙНКИС Павел Густавович дүниеге келді.

120 жыл бұрын (1892-1946) орыс шахматшысы, шахматтан әлеем чемпионы АЛЕХИН Александр Александрович дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар