«1 шілде автомобильшілер күніне айналатын тәрізді» -республикалық басылымдарға шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 518.97
  • 607.3
+18 °C
Алматы
2025 Жыл
9 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«1 шілде автомобильшілер күніне айналатын тәрізді» -республикалық басылымдарға шолу

«1 шілде автомобильшілер күніне айналатын тәрізді» -республикалық басылымдарға шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Әйелге - құрмет, жасқа үміт» деген тақырыппен мақала басылды. Мақалаға кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында басталған 7-ші Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, бұл форумның осыған дейінгілерінен айырмашылығы бірден сезілді. Пленарлық отырыс Қасиетті Құран Кәрімнің оқылуымен ашылды. Алқалы жиында көтерілген ауқымды мәселелер жөнінде жоғарыдағы мақалада егжей-тегжейлі жазылған.

  • 8 Маусым 2011
  • 582
Фото - Caravan.kz

Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында Туризм және спорт министрі Талғат Ермегияевтің «Бұқаралық спорт- ұлт денсаулығының кепілі» атты мақаласы жарияланды. Онда жаңа министр өзінің спортты дамыту мен оған қатысты елдегі жағдайда баяндай келе: «Қазір халықтың басым бөлігі спортпен шұғылдануға немқұрайды қарайтыны жасырын емес. Денсаулыққа аса зиянды шылым мен ішімдіктен құтыла алмай жүргендер, арықтаймын деп неше түрлі дәрісымақты пайдаланатын адамдар бар. Соның бәрінен арылу үшін дене шынықтыру, спорт және туризм арқылы саламатты өмір салтына бет бұру — өмірдің өзі алдымызға көлденең тартып отырған көкейтесті мәселе», — деп атап көрсетеді.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, бүкіл Еуропаны жайлаған «көкөніс вирусы» әлі де қарт құрлықтың тұрғындарын әуреге салып отырған жайы бар. Енді ше, бүгінгі күнге дейін Еуропаның 12 еліне жайылып, 2200 адамға зардабын тигізген инфекцияны жою үшін барлық амал-шаралар қолданылып жатыр. Өйткені Германияның 12, Швецияның 1 тұрғынының өмірін жалмаған «көкөніс вирусы» басқа елдерді де алаңдатып отыр. Көптеген мемлекеттер инфекцияның ошағы болып отырған Германиядан қияр және басқа да жеміс-жидектерді әкелуге тыйым салды. Қазіргі уақытта неміс фермерлері көкөніс өнімдерін өткізе алмай, шығынға батып жатыр. Төменгі Саксония жерінің ауыл шаруашылығы министрі Герт Линдеман сараптама зерттеуден кейін «инфекция ошағы» Юльцен ауданында орналасқан фермерлік шаруашылықтардан шығуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Мақала «Қазақстанға қауіп жоқ» деген тақырыппен берілген.

«Көлсайдың көлдеріне баратын жол жоқ». «Айқын» газетінде осындай тақырыппен жарияланған мақалада «Көлсай көлдері» Ұлттық мемлекеттік табиғи паркінің саябағының бұрынғы директоры Жамбыл Мықитанов қызмет барысында бірқатар заң бұзушылықтарға жол бергені үшін жауапқа тартылып, жұмысынан қуылғандығы айтылады. Енді парк басшылығына келген жаңа адамдар саябақты дамытудың жаңа бағыттарын қолға алуда. Ендігі жерде «Көлсай көлдері» паркінің қызметкерлері жергілікті елдімекендердің тұрғындары және бірқатар туристік компаниялардың басшылығымен бірлесіп, табиғи қорыққа қазақстандық және шетелдік туристерді тарту бағытында тығыз жұмыс істемек. Көлсай көлдеріне туристерді жаппай тарту үшін ұлттық парк қызметкерлері өз күшімен киіз үйлер тігіп, қазақ ауылын құрып қоймақ. Қазақтың бесбармағы мен қымызын құйып, шетелдіктерге экзотикалық ұлттық ас ұсына алады. Бірақ қонақ үйлерге апаратын асфальтты жолдар салуға — олардың шамасы келмейді.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «1 шілде автомобильшілер күніне айналатын тәрізді» деген тақырыппен мақала басты. Мақалаға былтырғы 1 шілдеде енгізілген жеңілдетілген кеден тарифінің мерзімі аяқталуға таяп қалуына байланысты автокөлік нарығындағы қалыптасқан жағдай арқау болған. «Қазір елдегі автокөлік нарығында — нағыз дүрбелең. Бір қызығы, осындай дүрлігу Бірккен Араб Әмірліктері нарығында да орын алған көрінеді. Жергілікті сауданы қыздырған — қазақстандықтар мен белорустар. Бәрін «соңғы күнге» қалдыратын біздің адамдардың әдетімен соңғы бір-екі айда мәшине жеткізіп алғысы келетіндер біршама көбейген. Көлігін жеткізе алмай, мысы құрығандар да баршылы. Бұл мәселемен тереңірек танысқыңыз келсе, газеттің бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.

Сондай-ақ аталмыш басылымның жазуынша, күні кеше Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов: «Жыл өткен сайын көпшіліктің ҰБТ-ға сенімі ұлғайып келеді»,-деп мәлімдеме жасаған болатын. «Алайда бүгінде ел арасында «ҰБТ-ның жауаптары сатылатындығы, өз біліміне сенген оқушы аз балл жинап, 11 жыл бойынша оқулық бетін ашпаған баланың 100-ден аса балл жинап жатқаны» жөніндегі әңгімелер желдей естіп тұр. Ал бұған қарап, ҰБТ ұлттың сеніміне лайық деп айта аламыз ба?! Алғашында көш жүре түзеледі деп, ҰБТ-ның уақыт өте кем-кетіктерінің түгенделіп, заңсыздықтардың тыйылатынына үміттенгенбіз. Алайда түлектерге арналған сынақтағы заңсыздықтар жыл өткен сайын дамып, жаңаша сипат алып, тіпті тестінің дұрыс жауаптары ақшасы бар кез-келгеннің қалтасында жүруге айналғандай»,-деп жазады басылым. Мақала «ҰБТ министрді ұятқа қалдырды» деген тақырыппен берілген.

***

«Казахстанская правда» басылымы бүгінгі санында «Автопромышленный кластер бідет на востоке» аты мақала жариялады. Онда алдағы жылдары көлік шығару еліміздің шығысында экономиканың басым бағытына айналатындығы туралы жазылған. «Бүгінде бұл аймақ түрлі-түсті маталлургия орталығы ретінде танымал. Енді шығыс өңір республикаға машинақұрылысы саласындағы жетістіктерімен де таныла түспек. Қазіргі таңда бұл аймақта ондаған машина құрастыратын кәсіпорындар бар. Олардың бірқатары елдегі ең ірі немесе жалғыз ғана осы саладағы өнім өндірушілер болып табылады», -делінген мақалада.